Елорда көшелерінде арнайы қоғамдық көлік жолы белгіленеді
2016 ж. 23 мамыр
2062
1
Елорда көшелерінде қоғамдық көліктерге арнайы жолақтар енгізіледі. Бұл туралы бүгін Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Еділ Сүлейменов мəлім етті.
"Қоғамдық көліктерге арнайы жолақ белгілеу жобасы өткен жылы қолға алынған болатын. Бұл жоба өз тиімділігін көрсетіп отыр. Жүргізілген сараптама жылжымалы қоғамдық көлік құрамының жылдамдығы 12-15 пайызға артқанын көрсетті", - деді Е. Сүлейменов.
Оның айтуынша, осыған орай бұл жобаны одан әрі жалғастыру туралы шешім қабылданған. Ол үш кезеңмен жүзеге асырылады.
"Бірінші кезең 5 маусымда қолға алынып, Алаш тас жолы бойында "Магнум" сауда орталығынан Уəлиханов көшесіне дейін, Қорғалжың тас жолы бойында Бейсековадан Тұран даңғылына дейін арнайы жолақтар енгізіледі. Екінші кезең 15 маусымынан бастап қолға алынып, бұл жобалар Абай мен Кенесары көшелерінде бір бағыттағы көлік қозғалысы жобасымен бірге жүргізіледі", - деді ол.
Ал үшінші кезеңде Жеңіс даңғылы бойында Есенберлиннен Кенесары көшесіне дейін, Бараев бойында Қорғалжын тас жолынан Уəлиханов көшесіне дейін қоғамдық көліктерге арнайы жолақтар болады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат