«Жер комиссиясының» алғашқы отырысы дауласудан басталды
2016 ж. 15 мамыр
3736
7
Үкімет жанынан құрылған «жер комиссиясының» алғашқы отырысы жеті сағатқа жалғып, алпыстай адам сөйледі. Жиын барысында кейбір парламент депутаттары мен азаматтық белсенділер дауласып қалды.
Қазақстанда сирек болатын жаппай қарсылық акцияларынан кейін үкімет жанынан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы 14 мамырда Астанадағы ұлттық мұражайда өтті. Журналистерді жиын өтіп жатқан жерге кіргізбеді. Баспасөз өкілдері комиссия отырысының барысын ұлттық мұражай ғимаратында өздері үшін арнайы бөлінген бөлмедегі монитордан бақылады.
Азаттық сайты жеті сағатқа жалғасқан комиссия отырысынан тікелей видеотрансляцияны осы монитор алдынан жүргізді. Азаттықтың видеотрансляциясын Facebook-тегі парақшамыз арқылы да мыңдаған адам көрді.
Жиынды ашқан комиссия төрағасы, премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев комиссия құрамына барлық аймақтардың өкілдері, парламент депутаттары, үкімет мүшелері, ғалымдар, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен азаматтық белсенділер қатысып отырғанын хабарлады.
«Комиссия мүшелерінің барлығынан күн тәртібіндегі мәселені талқылауға белсенді қатысуларын сұраймын. Ашық форматта өтіп отырған комиссия жұмысында әркімнің пікірі маңызды» деді Сағынтаев.
Комиссия отырысы регламентке байланысты пікірталастан басталды. Қоғам қайреткері Зәуреш Батталова комиссия шешімі келісім (консенсус) бойынша қабылдансын деген ұсыныс білдірді.
– Біз парламент депутаттары емеспіз. Сондықтан комиссияда қаралатын мәселелер бойынша шешімді дауыс беру арқылы емес, келісім арқылы қабылдаған дұрыс деп санаймын. Бір-екі адам шешімге қарсы болса, ол адамдармен келісіп, көндіруге тырысу керек, - деді Батталова.
Бірақ комиссия мүшелері арасында бұл ұсыныспен келіспей, «демократиялық жүйе бойынша көпшілік ұстанымы жеңуі тиіс, әйтпесе даудың түбі көрінбейді» деген уәж айтқандар болды.
Ары қарай отырыс барысындағы пікір алмасу комиссияға «күмән келтіргендер» мен «оған намыстанғандар» арасындағы дауға жалғасты.
– Қоғамдық ұйымдардан қатысып отырғандар 10-15 пайыз ғана. Қалғанының бәрі қалай қабылданды [жер кодексіндегі өзгерістер – ред.], солай жалғастырайын деп отырғандар. Әңгіменің ашығы керек. Сондықтан бұл комиссияға ел көп сеніп отырған жоқ, - деді белсенді Жанұзақ Әкім.
Бірақ бұл сөзбен келіспеген кейбір депутаттар «жер дегенде жүрегі соғатынын» айтып қарсы уәж білдірді.
– Бауырлар, ағайын, жер, тіл дегенде сіздердің ғана жүректеріңіз қозғалады да, басқалар оған қарсы отырғандай көрмеңіздер. Түйткіл мәселелер көп. Соны еңсеру үшін жиналып отырмыз. "Халық қарсы шыққаннан кейін сендер келіп отырсыңдар" деген сөз де біздің намысымызға тиеді, - деді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Басталмай жатып дауға ұласқан жиынға келгендерді премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев сабырға шақырып, «жерге қатысты дауласу үшін емес, бірлесіп шешім қабылдау» үшін жиналып отырғандарын айтты.
«Жер комиссиясының» алғашқы отырысынан видео:
Бұдан соң жеті сағатқа жуық үзіліссіз жалғасқан комиссия отырысында сөйлегендер жер кодексіндегі даулы мәселелерге қатысты пікірлерін ортаға салды. Үкімет мүшелерінің сөзі «шетелдіктерге жер сатылмайтыны заңда жазылғандықтан ондай қауіпке негіз жоқ» дегенге сайды. Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов «1995 жылғы заң қазақстандықтармен бірге шетелдіктерге де жерді 99 жылға жалға алуға құқық берсе де, алты жыл ішінде ондай мерзімге жерді жылға алуға тілек білдірген бір де бір шетелдік болмағанын» мысалға келтірсе, ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жерге меншік құқығы оған салынатын инвестиция көлемін ұлғайтуға, жер ресурстарын жақсартуға, ауыл шаруашылығы өнімділігі мен жұмыс қамту деңгейін арттыруға оң әсер ететіні туралы айтты.
Бірақ, комиссия құрамындағы кейбір мамандар мен азаматтық белсенділер шетелдіктердің кез-келген мөлшердегі үлесі бар бірлескен компанияға жер сатуға тыйым салатын норманы заңға енгізу қажет деген ұсыныс айтты. Қолданыстағы заң бірлескен компаниядағы шетелдіктердің үлесі елу пайыздан аспаған жағдайда оның жерді жеке меншікке сатып алуына құқық береді.
Сенбі күні комиссия отырысында сөйлеген бірқатар азаматтық белсенділер тек жер мәселесімен шектеліп қалмай, азаматтардың бейбіт жиын өткізу бостандығын шектемеу, сындарлы позициядағы белсенділерді қудалауды тоқтату, мемлекеттен қаржыландырылатын бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызды оқиғаларды жұртқа жеткізуін қамтамасыз ету мәселелерін де көтерді.
Комиссияның алғашқы отырысына оның құрамындағы 75 адамның бесеуі қатысқан жоқ. Төрт адам іссапарға кетуіне немесе денсаулық жағдайына байланысты келмеді. Ал Атырауда 24 сәуірде жер мәселесі бойынша өткен қарсылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі белсенді Макс Боқаев бірқатар талаптары орындалмайынша бұл комиссияның отырысуына қатысудан бас тартқан. Ол ең әуелі жер кодексіне енгізілген өзгертулерге қарсылық білдірген азаматтарға қысым жасамауды талап еткен.
Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев алдағы уақытта әр сенбіде комиссия отырысы өтетіні туралы хабарлады. Комиссияның келесі отырысы 21 мамырға белгіленді.
Жер реформасы жөніндегі комиссия жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгерістің күшіне енуіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 мамыр күні мораторий жариялаған соң құрылған. Мораторий Қазақстанның бірнеше аймағында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсы шерулер өткеннен кейін енгізілген.
Мәди БЕКМАҒАНБЕТ
Азаттық радиосы
00:00/2:03
▶