Елордада Отан қорғаушы күні аталып өтті
2016 ж. 08 мамыр
2494
0
Астанада Отан қорғаушы күніне орай көптеген мерекелік,бұқаралық шаралар өтті. Еліміздің бас қаласындағы мерекелік шаралар легі ҚР Қорғаныс министрлігінің Құрметті қарауыл ротасының саптық көрсетілімінен басталды.
Сонымен қатар, атаулыкүнгеарналғанәскеримаршастаналықтардыңкөңіліненшықты. ҚР Қарулы күштерінің сарбаздары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндерді шырқап, елорданың көшелерімен жүріп өтті. Әскери марш екі топқа бөлінді. Бірінші топ «Бәйтерек» монументінен Қонаев, Достық көшелері арқылы сап түзеп жүріп өтсе, екінші жаяу марш қаланың оң жағалауындағы Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадионнан басталып Жеңіс даңғылы арқылы Әлия Молдағұлова ескерткішіне бет алды. Аталмыш маршқа 300 жуық сарбаз қатысты.
Әскери машрпен қатар, елорда көшелері арқылы Қазақстан велоспорт федерациясы мен «Астана» президенттік спорт клубы ұйымдастырған мерекелік велошеру жүріп өтті.Велошеру «Салтанат сарайы» аумағынан басталып, «Сарыарқа» республикалық велотрегінің жанында аяқталды.
Велошеруге ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да қатысты. Лауазымды тұлғаның пікірінше, осындай бұқаралық, спорттық шара арқылы соғыс ардагерлеріне тағызым етіп, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулу көзделген.
Сондай-ақ, ҚР Қарулы күштерінің әскери тарих мұражайында астаналықтар мен қала қонақтарына арналған экскурсиялар ұйымдастырылды. Көрмеде әскери техника мен Ұлы Отан соғысы кезеңінен сыр шертетін экспонаттардың таныстырылымы өтті.
Отан қорғаушы күніне арналған қызықты мерекелік шаралардың бірі «Сарбаз ботқасы» акциясы.
Акцияға әскери қызметкерлер мен олардың отбасылары, әскери-патриоттық клуб өкілдері, оқушылар, Балалар үйінің, SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері, сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Алаңға дала ас үйі мен палаталы қалашық орнатылды. Қонақтар Ұлы Отан соғысы кезіндегі осы күнге дейін істен шықпаған техниканы тамашалады. Орталық ансамбль әртістері соғыс жылдарындағы әндерді орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Еске сала кетейік, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 7 мамырды Отан қорғаушы күні ретінде белгілеп, мемлекеттік мерекелер қатарына қосқан болатын.
Алтай Сағидолла, Астана қаласыqazaquni.kz