Көлік жуатын орындарға шектеу қойыла бастады

Алматыда суды үнемдемейтін көлік жуу орталықтары тексеріліп жатыр. Ауыз суды ағыл-тегіл ағызып, ысырап қылатын мекемелер бұдан былай су қолдану құқығынан айырылады.

Алматыда суды ысырап ететін көлік жуу орталықтары жабылады

Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

Машинаны жуған суды арнайы аппарат арқылы сүзіп, оны екінші қайтара қолдану талабы бұрыннан бар. Бірақ қаладағы көлік жуатын мекемелердің иелері бұл қағиданы құлақтарына ілгісі келмейді.

Ұзақ жыл жұмыс істеп тұрған көлік жуу орталығының басшысына бұған дейін де бірнеше рет ескерту жасалған. Бірақ қатарынан төрт бірдей боксы болса да, басшы ескертпені елемеген. Орталық су құбырынан ажыратылып, кәсібінің жұмысы тоқтатылды. Ашуға булыққан директор аздан соң айналып келіп, суды үзбеуін сұрады.

"Ақшаға келіп тіреледі. Ол арзан тұрмайды. Қазіргі әкеп жатқандары көлем бермейді. Бір жарым миллионға қойғанмен, бізге пайда әкелмесе, оны не істейміз", - дейді көлік жуу орталығының директоры Ләззат Тілепбердиева.

Заңды мекемелер бір текше метр үшін 151 теңге төлейді. Ал, сүзгіш арқылы суды үш рет пайдалану коммуналдық қызмет ақысын үнемдеуге де мүмкіндік береді.

"Таза суды бірнеше рет пайдаланамыз. Тәулігіне шамамен 3 тоннаға дейін таза суды үнемдейміз. Аппаратты алғанымызға біршама уақыт болды. Қосымша құрылғыларды қоса есептегенде, құны 600 мың теңгеден асты. Бірақ судың қымбаттығын ескерсек, шығынды бәрібір өтейді. Тек сүзгішін тазалап тұрса болды", - деді көлік жуу орталығының әкімшісі Ғалия Ғафурова.

Әр машинадан кемінде мың теңге алып, жұмыс жүріп тұрған мекемелердің басшылары экологияға зиян тигізбеу мен ауыз суды ысырап қылмау талабына келгенде кері тартып отыр. Құралды орнатпаған мекемелерге "Алматы су холдингі" қазір ескерту қағаздарын таратып жатыр. Елемегендері судан ажыратылып, жұмысын тоқтауға мәжбүр болады. Қазірдің өзінде оншақты орталық құбырдан келетін судан қағылды.

Қалада 319 көлік жуу орталығы болса, олардың 179 ғана арнайы су үнемдейтін аппаратпен жұмыс істейді. Ал, тек бір көлік жуу орталығы орташа алғанда айына 90 мың литр ауыз суды қолданады екен.

Дерек көзі: Алматы ТВ