Жамалиев бостандықта тәртіпсіз болса да, түрмеде тәртіпті
2016 ж. 04 мамыр
2404
0
Қайрат Жамалиев абақтыда отырған 4 ай ішінде туыстарымен кездесуге екі рет мүмкіндік алған. Екеуінде де оған заңды некедегі әйелі Алена Жамалиева келіпті, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
ЛА-155/8 түзету мекемесінің басшысы Нұрлан Қалиақбаровтың айтуынша, Жамалиев алғашында оқшаулау бөлмесінде отырған. 15 күннен кейін ол жалпы режимдегі сотталушылар қатарына қосылыпты. Экс-бизнесмен түрмеде әртүрлі мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысып жүр. "Қатардағы сотталушылар тәрізді кезекшілікке тұрып, тазалық жұмыстарымен де айналысады", - деді ол.
Нұрлан Қалиақбаровтың айтуынша, Жамалиев туыстарымен жылына төрт рет қысқа, бір рет ұзақ кездесе алады. "Тоғыз айдан кейін ғана біз оның өзін ұстауын бағалап, егер тәртіп бұзбаған болса туыстарымен жылына 4 рет қысқа, 4 рет ұзақ кездесуге мүмкіндік береміз", - деді түрме басшысы.
Айта кетейік, Жамалиев арна тілшілеріне сұхбат беруден бас тартқан.
Еске салайық, елордалық кәсіпкер Қайрат Жамалиев Әліби Жұмағұловты соққыға жыққаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Дерек көзі:"Астана"