Қанша қазақстандық банктегі қарыздарын қайтара алмай жүр?
2016 ж. 27 сәуір
4618
2
Мемлекеттік кредиттік бюро мәліметі бойынша, Қазақстанда 5 миллионнан астам адамның несиесі бар. Биыл оның 1 миллион 102 мыңы несие төлей алмай жүр деп хабарлайды Азаттық.
Ал экономист «ел жалақыдан жалақыға әрең жетеді, сондықтан кей мәселелерін несиемен шешуге тырысады» дейді.
Алматы тұрғыны, жасы 50-ден асқан Гүлмира (аты-жөнін толық айтудан бас тартты – ред.) 2012 жылы екінші деңгейлі банктің бірінен несие алған. Кейін жұмыссыз қалып, енді несиесінің жартысын төлей алмай отыр.
- Несиені 2012 жылы қызым коллежге барарда алдым. Ол кезде жұмысым болды. Бір жылдай төледім. Жұмыстан қысқарған соң төлей алмай қалдым. Әлі жұмыссызбын. Жасымның үлкендігіне қарап көп жер жұмысқа алмайды. Банктен де көмек сұрап едім олар несие пайызын кешірмей отыр, - дейді ол.
Гүлмираның айтуынша, қазір банк оның барлық есепшоттары мен карталарын құлыптап тастаған.
НЕСИЕ ҚАЙТАРА АЛМАҒАН «1 МИЛЛИОН 102 МЫҢ АДАМ»
Ұлттық банкке қарасты мемлекеттік кредиттік бюро дерегінше, қазір Қазақстанда 5,1 миллионнан астам адамның несиесі бар. Ал Гүлмира сияқты кредит төлей алмай жүрген адам саны биыл 1 миллион 102 мыңға жеткен.
837 мың несие алушының ісі қарыз өндіру үшін коллекторлық агенттіктерге берілген. Олардың банктерге қарызы 1 триллион 2 миллиард теңгеден асқан.
Экономика ғылымдары магистрі Жандос Нұрхалықовтың пікірінше, «Қазақстан халқы несие алуға бейім. Себебі халықтың жалақысы үлкен мәселені шешуге жетпейді».
- Елдің жалақысы күнкөріске жетпейді. Халық көп мәселесін несиемен шешуге тырысады - баспана, көлік, тұрмыстық техника алу үшін кредитке жүгінеді. Көбі жалақыдан жалақыға өмір сүреді. Жаңағы дүниелерге ақша жинай алмайды. Несие бюросының 5 миллион адам несие алған деген дерегінен шығады - демек Қазақстанда әр төртінші адамда, әр үйдегі бір-екі адамда несие бар, - деді ол.
Статистика комитеті дерегінше, Қазақстан халқының 8,5 миллионнан астамы еңбекке жарамды.
Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, биыл небәрі төрт ай ішінде несие қайтара алмай жатқан борышкер үлесі 32-35 пайызға көбейген.
- Қазақстан ұлттық банкі дерегінше, несие алған, бірақ берешегі жоқ (уақтылы төлеп жатқан) адамдар 2015 жылы 79,7 пайыз болса, 2016 жылы наурызда 77,8 пайызға азайды. Ал қаңтардан сәуірге дейін 30 күн мерзімі өткен қарызы бар борышкерлер саны 32 пайызға өсті. 61 күннен 90 күнге дейін мерзімі өткен қарызы бар борышкерлер саны 35 пайызға көбейді. Меніңше, мұндай борышкерлердің көбеюіне девальвация мен доллармен алған несиені қайтару қиындығы әсер етіп жатуы мүмкін, - дейді экономист.
Ал Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов «несие алудың халықаралық тенденция екенін, бірақ Қазақстанда несие пайызы тым жоғары екенін» айтады. Ол «несие қайтара алмай жатқандар саны дағдарысқа байланысты әлі де көбеюі мүмкін» дейді.
Ұлттық банк дерегі бойынша, несие алушылардың саны бойынша алғашқы үштікте Алматы, Астана қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысы тұр.