Апталық ауыс-түйістер: Қосылғыштардың орыны ауысты
2016 ж. 16 сәуір
2551
1
Осы аптада да еліміздің орталық және атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Бірқатар өңірге қарасты аудандардың да басшылары ауысып, қаржылық ұйымдарда да тағайындау жүргізілді. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен осыдан біраз уақыт бұрын Энергетика министрі қызметінен босаған Владимир Школьник ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. 1949 жылы дүниеге келген ол еліміздің Энергетика, индустрия және сауда министрі, ҚР Үкімет басшысының орынбасары, Энергетика және минералды шикізаттар министрі, Индустрия және сауда министрі, ҚР Президенті Әкімшілік меңгерушісінің орынбасары, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының президенті, Энергетика министрі сынды қызметтерді атқарған еді.
Мәжіліс төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өкімімен Зере Орынтайқызы Өтебаева ҚР Парламенті Мәжілісі аппараты басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. З.Өтебаева бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ол Мәскеу экономика және құқық институтын және Ресей ғылым академиясының әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының аспирантурасын бітірді. Заңгер, саяси ғылымдар кандидаты. 1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс жасады. 2001 жылдан осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппаратында әртүрлі лауазымдарда болды. 2008 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімін басқарды. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша облыс әкімінің орынбасары қызметіне Бауыржан Қасенов тағайындалды.
Ол еңбек жолын К. Маркс кеңшарында жұмыскер болып бастаған. 1994-1996 жылдар аралығында - «Ново-Троицкий» кеңшарында бас тұқым өсіруші агроном, кейін Ақтоғай ауданы мемлекеттік асыл тұқымды мал шаруашылығының бас агрономы; 1997-1999 жылдары - «Агрономия» басқармасының төрағасы; 1999 жылы - Ақтоғай ауданында «Астық» ЖШС-ның директоры; 2008 жылы - ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы; 2013-15 жылдары - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі. 2015 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.
Ал Павлодар облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Нұржан Әшімбетов облыс орталығының әкімі болып тағайындалды. Ол 1969 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Черное ауылында туған. Зооинженер мамандығы бойынша Алматы зооветеринарлық институтын және бухгалтер-экономист мамандығы бойынша Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Мемлекеттік мүлік жөніндегі Павлодар аумақтық комитетінің маманы болып бастап, кейін халықаралық даму жөніндегі америкалық агенттікке қарасты «Карана» корпорациясының кеңесшісі қызметін атқарады. 1997-1999 жылдар аралығында - Лебяжі ауданындағы өндірістік кооператив төрағасы, агрофирма директоры; 1999-2008 жылдар аралығында - Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары, Лебяжі ауданының әкімі, Павлодар облысы ауыл шаруашылық басқармасының бастығы; 2008-2009 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы; 2009-2012 жылдары Петропавл қаласының әкімі қызметін атқарды. 2012 жылғы 1 ақпанда Павлодар облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
Сонымен қатар осы облысқа қарасты Май ауданның жаңа әкімі қызметіне Ардақ Қаңтарбаев келді. Қаңтарбаев Ардақ Амангелдіұлы 1968 жылдың 18 ақпанында туған. Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасы. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін бітірген. 1994 жылдың қыркүйек айынан ҚР Халықтық ғылыми академия мемлекет және құқық институтының қылмыстық-құқықтық проблемалар мен соттық құқық бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. Ал 2009 жылдың қазан айынан Алматы қаласы Әділет департаментінің нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің жетекші маманы. 2010 жылдың сәуір айынан Алматы қаласы Әділет департаменті Алатау ауданының Әділет басқармасының АХАЖ бөлімінің бастығы. 2010 жылдың шілде айынан Алматы қаласы Әділет департаменті Әуезов ауданының Әділет басқармасының бастығы. 2011 жылдың мамыр айынан 2012 жылдың қыркүйек айына дейін Алматы қаласы Әділет департаменті бастығының орынбасары. 2012 жылдың қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы Әділет департаменті басшысы қызметін атқарды.
Махаббат Бигелдиев Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі болып тағайындалды.
Махаббат Сәдуақасұлы Бигелдиев 1961 жылы 22 наурызда дүниеге келді. Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы Күрті аудандық ішкі істер бөлімнің күзет бөлімінде бастап, кейіннен құрылыс мекемесінің жұмысшысы, кеңшардың жұмысшысы болды. Әр жылдары Күрті аудандық коммуналдық мекемесінің шебері, бас инженері, Күрті ауданының бас сәулетшісі, Күрті аудандық жылу жүйелері мекемесінің директоры, Талғар аудандық жылу жүйелері мекемесінің директоры, Алматы облыстық жылу жүйелері мекемесінің бас директоры,1999-2001 жылдары - «Алаутрансгаз» АҚ Алматы филиалының менеджері, бөлім меңгерушісі, «Жетісугаз корпорациясы» ААҚ «Алматыгазсервис» Іле филиалының бастығы, Талғар ауданы Нұра ауылдық округінің әкімі, Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы әкімінің және Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 2009-2011 жылдары - Жамбыл ауданының әкімі. 2011 - 2012 жылдары - Талдықорған қаласының әкімі. 2012 жылғы қаңтардан 2012 жылғы маусымға дейін - Алматы облысы әкімінің орынбасары. 2012 жылы Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі. 2013 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі болып тағайындалды. 2014 жылдың тамызынан - Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі қызметіне бұған дейін Ақтоғай ауданының әкімі болған 60 жастағы Ниқанбай Омарханов тағайындалды. Н. Омархановтың екі жоғары білімі бар, Целиноград ауыл шаруашылығы институты мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Мамандығы бойынша инженер-электрик, экономист. 20 жылдан астам Қарқаралы ауданында ауыл шаруашылығы саласында түрлі лауазымдар атқарды. Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары, әкімі болды. Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, «Агроконсалтинг» АҚ басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. 2013 жылғы маусымнан бастап осы тағайындауға дейін Ақтоғай ауданының әкімі болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полицияның генерал-лейтенанты Марат Демеуов Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің жеке құрамына жаңа басшыны таныстырды. Сонымен бұл қызметке генерал-майоры Тілеген Советұлы Мәткенов келді. Ол ішкі істер органдарында 1988 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Милициядағы жұмысын Алматы облысындағы Қапшағай ҚІІБ-нің кәмелеттік жасқа жетпегендердің ісі бойынша бөлімнің қатардағы учаскелік инспекторы қызметінен бастаған. Одан кейін - жедел қызмет, Қарағанды және Ақмола облыстарының ІІД-де басқарушы қызметтер атқарған. Бұл тағайындауға дейін Қостанай облысының ІІД-ін басқарды.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамына жаңа басшы келді. Атап айтқанда, Еркін Сағындықұлы Қыдыр «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып сайланды.
Еркін Қыдыр 1962 жылы 1 тамызда туған. 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін журналистика, 2007 жылы Қазақ жол қатынастары университетін экономика және басқару мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1984 жылы Шымкент қаласындағы қорғасын зауытында слесарь болып бастады. 1985-1990 жылдары сол кездегі Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші болып қызмет атқарды. 1990-1996 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болды. 1996-2006 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті бас редакторының бірінші орынбасары, 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жоғары тәртіптік кеңестің мүшесі, 2007-2008 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының директоры және 2008 жылдан 2009 жылдың 7 мамырына дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының вице-президенті болып қызмет етті. 2009 жылдың 7 мамырынан бүгінге дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары (вице-президент) қызметін абыроймен атқарып келді. Бұл еңбектері лайықты бағаланып, 1999 жылы журналистика саласы бойынша Президент сыйлығының лауреаты, 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Еркін Қыдырдың қаламынан туған шығармалар «Ұсақтама, Үкімет» (2001 ж.), «Отырар» (2009 ж.) кітаптары болып жарыққа шықты.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Директорлар кеңесі шешімімен Дүйсенов Абай Сембайұлыбасқарма төрағасы болып тағайындалды.
Абай Дүйсенов 1974 жылы 3 қарашада дүниеге келді. Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін «инженер-жүйе технигі» мамандығы бойынша, Қазақстандық менеджмент, экономика және стартегиялық жоспарлау институтын (KIMEP, MBA) аяқтады және Т.Рысқұлов атындағы университет пен Швейцариядағы Еуропалық университеттің бірлескен бағдарламасы бойынша DBA дәрежесін алды. Сонымен бірге ақпараттық технологиялар саласында оқуды Оңтүстік Кореяда жалғастырды. Еңбек жолын 1997 жылы ақпараттық технологиялар институтының маманы ретінде бастады. «Қазақтелеком» АҚ шамамен 20-жылдық жұмыс кезеңінде А.Дүйсенев мансап жоғарылауының барлық сатыларынан өтіп, 2010 жылы басқарушы директор қызметін атқарды. «Қазақтелеком» АҚ жұмыс жылдары жүйелік интеграцияны құрастыру мен ілгерілету, компания бөлімшелерін басқару мен үйлестіру, мемлекеттік және халықаралық маңызы бар жобаларды үйлестіру жұмысына тікелей қатысты. Бұдан басқа компанияның электрондық үкімет секторы саласында (e-government, e-akimat) жүзеге асырылып жатқан жобаларды құрастыру мен басқарумен айналысты.
Дерек көзі: ҚазАқпарат