МӘЖІЛІСТІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ ЖҰМЫСЫН «ЖАНЖАЛМЕН» БАСТАДЫ
2016 ж. 14 сәуір
3977
15
Дәлірек айтсақ бұл жанжал емес, кәдімгі қызмет барысындағы қызу пікірталас. Солай болу керек те, әрбір заң жобасына қай депутат болмасын өз пікірін білдіруге құқылы. Жобаның кем-кетігін көрсетіп, оны түзетуге, толықтыруға міндетті.
Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан емес, қашан да «бүйректен сирақ» шығарып жүретін Ұлттық банк әзірлеп әкелген «Коллекторлық қызмет туралы» жаңа заң жобасынан басталды. (Бұл жерде «коллектор» дегенді қаржыны күштеп қайтарушы деп түсіну керек шығар.) Құжатты дайындаған Ұлттық банк несиесін төлемей жүрген жұрттың қордаланған қарызын қайтаруды жеке агенттіктерге беріп, оның «қызметін» заңдастырып алмақшы. Қазақстанда қазірдің өзінде 205 коллекторлық ұйым бар екен, ресми тіркелмей жұмыс істеп жатқандарын есепке алмағанда. Бұл жоба әлеуметтік шиеленісті күшейтіп жіберетінін жіті аңғарған халық қалаулылары Нұртай Сабильянов пен Мұхтар Тінікеев бірден қарсы шықты
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мына жобаға қарасақ коллекторлық агенттер кепілдікке қойылған бүкіл мүлікті соттың шешімінсіз-ақ алып кетуге құқылы емес пе? Осыны қалай ғана құжатқа кіргізіп жүрсіздер?
Алпысбай Ахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
– Борышкердің келісімінсіз ештеңе сатылмайды, Нұреке. Егер де коллектор заңсыз іс-қимыл істеп жатса, борышкер Ұлттық банк үстінен арыз жаза алады.
Тағы да банк бас пайдасын ғана ойлап отыр. Бұл қарызды қайтаруға «рэкет» жалдағанмен бірдей көрініс емес пе? Алпекеңнің, яғни, Ахметовтың айтуынша мүлкінен айырылған кәсіпкер бар жұмысын тоқтатып, сансыз құжаттар жинап, сот пен банктің арасында айлап жүру керек екен. Сонда еліміздің экономикасын кім көтереді? Әрі-беріден соң қарызын қайтару банктің өзінің бас ауруы емес пе? Оларды бей-берекет несие таратыңдар деп біреу қыстап па? Көп асаймын деп, өздерінің ашылған аранының құлына айналып отыр. Тұрғындарға жоғары пайызбен ақша таратқан алдамшы «жақсылығының» соңы не болды? Мүлікке деген сұранысты жасанды түрде арттырып, оның бағасын аспандатып жіберді. Сол арқылы доллардың дүлей күшке айналуына жол ашып берді.
Алғашқы отырыста жарты сағатқа жеткізбей төрт заң жобасын қарап шыққанмен, кейін комитет отырысында «коллекторға» қатысты тартыс қайта жалғасты.
– Біз мафияны заңдастырып жатырмыз. Заңды мықтап бекіттіріп алғылары келеді. Бұл қарапайым халықты жылататын заң. Мен бұған қарсымын, соңына дейін күресемін, – деді Мұхтар Тінекеев Ұлттық банк пен Үкіметтің үкілеген заң жобасын жанталаса жақтаған әріптесі Аманжан Жамаловты жағадан алардай болып. Қаншама шақырылымда депутат болып келген Жамаловтың экономист екенін бұлайғы жұрт енді ғана біліп отыр. Өйткені осыған дейін ел экономикасын өрлетуге қатысты ұтымды ұсынысын естімеген соң, оны қазіргі қаптап кеткен көп заңгерлердің бірі ме деп жүріпті.
Жобаның тағдыры енді Мәжілістің жалпы отырысында шешілетін болады. Ең белсенді екі депутататымызды өзгелер қолдамаса бұл жоба да әдеттегідей заңға айналып шыға келері анық. Атауының өзі қорқынышты «коллектор» («киллер» дегенге қатты ұқсайды екен) келген соң, борышкерлердің жанайқайы қайта басталады...
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті