Түркістанда V Халықаралық білім, мәдениет және спорт конгресі өтті
2016 ж. 14 сәуір
2975
0
13-сәуір күні Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Халықаралық білім, мәдениет және спорт қауымдастығының (UBİKS) ұйымдастыруымен Ахмет Ясауи жылына арналған «Ахмет Ясауидың ізін жалғастыру: Жаhандық, татулық, толеранттылық және ынтымақтастық» тақырыбында V Халықаралық білім, мәдениет және спорт конгресінің ашылу салтанаты өтті.
Конгрестің ашылу салтанатында Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор Мұса Йылдыз, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, профессор У.Әбдібеков, «Бартын» университетінің ректоры Рамазан Каплан, Өкілетті Кеңес мүшесі, профессор М.Шимшек құттықтау сөздерін жеткізіп, конгресс қатысушыларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Түркия Республикасы, Халықаралық білім, мәдениет және спорт қауымдастығының бас хатшысы Мутлу Түркмен конгресс тарихы туралы мәліметтер айтты.
ХҚТУ Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор Мұса Йылдыз: «Осы жыл ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Ахмет Ясауи жылы деп жарияланды. Ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи дегенде, жалпы бірлік, татулық, ынтымақтастық ұғымы ойға келеді. Конгрестің негізгі тақырыбы Қожа Ахмет Ясауи жолын жалғастыру, өзара толеранттылық пен ынтымақтастық бағытқа негізделген. Өйткені, Ахмет Ясауидің өміріне, Диуани Хикмет шығармаларына қарайтын болсақ, адамдарға ізгілік пен құрмет көрсету, адамдарды бөлмеу туралы айтқандығын көре аламыз. Конгресте әлемнің әр түрлі елдерінен және түркі елдерінен келген 250 ден астам ғалымдар Қожа Ахмет Ясауидің ізгілік, қамқорлық, адамдарға деген құрмет көрсету принциптері жайлы ойларын ортаға салады. Осы мақсатта Түркияда және әлемнің басқа жерлерінде 200-ден астам іс-шаралар өткізіледі» - деп, салтанатты шараны ашып берді.
Түркия Республикасы, Халықаралық білім, мәдениет және спорт қауымдастығының бас хатшысы Мутлу Түркмен: «Қазақстанға келудегі басты мақсатымыз - ең алдымен осы Қожа Ахмет Ясауидің жолын жалғастыру. Біз бұл конгресті Ахмет Ясауи бабамыз жерленген қасиетті Түркістан қаласында және Ахмет Ясауи аты берілген ХҚТУ-де университетінде өткізуді жөн деп таптық. Конгреске 250-ге жуық шетелден ғалым-профессор қатысып отыр. Сонымен қатар, бұл конгреске Түркиядан өнерпаздар мен бишілер тобы келіп отыр. Қожа Ахмет Ясауидің бойынан сүйіспеншілік, достық, ынтымақтастық көруге болады. Бәлкім Ясауидің заманауи тұлғасы ҚР президенті Н.Назарбаев болып табылады» - деп жүрекжарды сөздерін жеткізді.
Конгресс барысында өткен концерттік бағдарлама қонақтарға ерекше ұнады. Себебі, тек Түркістан қаласының, университеттің өнерпаздары ғана емес, Түркиялық өнерпаздарда өнер көрсетті. «Бартын» университетінің «Фольклор би» ансамблінің «Қамажай» әуені, Женгиз Шенгүннің басқаруымен орындалған «Анадолыдан Орта Азияға музыкалық сәлем» атты түрік әні, «Ақдениз» университеті өнерпаздарының «Зейбек» ұлттық биі керемет әсер сыйлады.
Халықаралық білім, мәдениет және спорт қауымдастығы (UBİKS) – 2010 жылы Түркия мемлекеті Анкара қаласында құрылған. Қауымдастыққа 17 мемлекет мүше. Бұл құрылым 2012 жылы маусым айында алғашқы конгресін Анкарада, содан кейін Анталия қаласында, Босния-Герцогавинияда, 4-конгресс Македонияда өтті.
Дәстүрлі ғылыми жиынның 5-ші конгресі осы жыл Қазақстанда өтуде. Халықаралық ғылым, мәдениет және спорт қауымдастығы (UBİKS) және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті бірлесіп өткізетін конгрестің маңызы айрықша. Халықаралық ұйым ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша 2016 жылды «Ясауи жылы» деп жариялауына байланысты Халықаралық ғылыми басқосуға әлемнің 250-ге жуық ғалымдары қатысты.
Ғылыми жиын мақсаты - түркі-ислам тарихында айрықша орны бар Ұлы тұлға Қожа Ахмте Ясауиді еске алу және Ахмет Ясауи мұраларын тану және насихаттау. Мәдени һәм рухани мұрамызды сақтап қалу болмақ. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауидің өскен ортасы, тұлғалық дүниетанымы, дін, адам және қоғам туралы көзқарастары мен шығармалары төңірегінде ғылыми тұжырымдар сөз болды. Ұлы ойшылдың исламға, сопылық ілімге қосқан үлестері туралы және әлі де зерттелмеген құндылықтары жайлы айтылды.
Жалпы 29 секция бойынша 15-сәуірге дейін жалғасатын Халықаралық конгреске Қазақстан, Алжир, Түркия, Индонезия, Нигерия, Босния-Герцоговина, Иран, Ливия, Ирак, Болгария, Румыния мемлекеттерінен ғалымдар қатысуда.
ХҚТУ Баспасөз хатшысы Асқат Сәдібеков
Әтіргүл ТӘШІМ
"Қазақ үні" газетінің Түркістан қаласындағы меншікті тілшісі
qazaquni.kz