Жол жөндеудің жаңа әдісі ұсынылды
2016 ж. 13 сәуір
2196
0
Ол үшін қала көшелеріне көзі тірі атқамінерлердің есімін беру керек!
Астана тұрғындарының бірі Есілдің оң жағалауындағы Кенесары көшесіне қазіргі қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің атын беру керек деген ұсынысын айтып отыр деп жазады sn.kz.
Азамат Көшенов есімді елордалық тұрғын аталған жолдың біраздан бері қараусыз жатқанын айтады.
Астанада көктем шыға қардан бұрын асфальттің "еритіні" баршаға мәлім. Биыл да Есілдің қос жағалауындағы көшелердің бәрі шұрық тесік. Тіпті, былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен бірнеше тас жолға қарап, Астана астана болғалы көшелері жаңармаған деген ойға келуге болады.
Әбден тозығы жетіп, көлік жүргізушілерінің жүйкесін жұқартқан осындай жолдардың бірі Кенесары көшесінде. Көшенің бір басынан екінші басына жету үшін тұрғындарға үлкен сынақтан өтуге тура келеді. Әсіресе, жаңбырлы күндері бұл жолмен жүріп өту азаптың азабы. Ал, көшеге әкімнің атын берсек проблеманы толықтай шешуге болады дейді Азамат Көшенов.
"Әділбек Жақсыбеков өз атымен аталатын осынау жолды ұсқынсыз күйде қалдырмай, ретке келтіретініне күмәнім жоқ", - деп ойын білдірді қала тұрғыны.