Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды - Назарбаев
2016 ж. 06 сәуір
2679
1
Қазақстан президентінің мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты күнделікті саяси газетінде жарияланды деп хабарлайда Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, іс-шара аясында өткен кездесулер қауіпті ядролық материалдар айналымын бақылау мәселесіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді, ал АҚШ президенті Барак Обаманың осы саммиттерді шақырудағы көшбасшылығы ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіне нақты үлес қосты.
«Дегенмен, саммиттер сериясының қорытындысын шығара отырып, халықаралық қоғамдастық ядролық қатер азаймағанын, керісінше ұлғайып бара жатқанын мойындауы тиіс. Трансұлттық террорлық ұйымдардың өсіп-жетілуі және өңірлік қақтығыстар ескеруге тиіс жаңа проблемаларды тудыруда», – делінген мақалада.
Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес одағынан көлемі жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналға ие болып қалған Қазақстанның тәжірибесіне назар аударды.
«Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді», – деп атап өтті Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының қолдауы арқасында кеңестік Семей ядролық полигоны жабылғанын, содан кейін еліміз өз аумағындағы барлық ядролық қарудан бас тартқанын айтты.
«Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін», – делінген мақалада.
Нұрсұлтан Назарбаев мұндай үдеріс Орталық Азияда сенім шараларын жүзеге асырудан басталғанына назар аударды. Бұл ынтымақтастық кейіннен Орталық Азияны ядролық қарудан ада өңір ретінде жариялауға ықпал етті, нәтижесінде өңір барынша тұрақты бола түсті.
«Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің тәжірибесі ядролық қару мәселесін барынша кеңінен талқылау үшін жағдай жасауға мүмкіндік бергенін айтты. Қазақстанның бірегей тарихы Иранның АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германиямен ядролық проблема бойынша келісім әзірлеу жөніндегі бастапқы келіссөздеріне септігін тигізді.
Бұл ретте Қазақстан президенті алаңдаушылық тудырып отырған жайттың –қару жасауға мүмкіндік беретін деңгейге дейін уранды байыту ісінің тамырына балта шабу қажеттігін айрықша атап өткен. Бұл үшін Қазақстандағы Атом энергиясының халықаралық агенттігі тарапынан төмен байытылған уранның әлемдегі тұңғыш банкі құрылуда, ол ядролық отынды кез келген елге жеткізуді сенімді түрде қамтамасыз етіп, сол арқылы байытуға арналған бағасы қымбат тұратын және тұрақсыздандыратын қондырғыларды әзірлеу мен жасауға деген қажеттілікті жояды.
Нұрсұлтан Назарбаев ядролық сынақтардың барлығына тыйым салу қажеттігін тағы да атап айтты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды, Семей полигоны жабылған күнді Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күні деп жариялады. Қазақстандағы ядролық сынақтардың ауыр салдарлары және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) тезірек күшіне ену қажеттігі туралы біз бастамашылық еткен АТОМ жобасында халықаралық деңгейде айтылған, оның идеяларына 100-ден астам елдің қарапайым тұрғындары қолдау көрсетті», – делінген мақалада.
Жапониямен бірге ЯСЖТШ жөніндегі шолу конференциясының тең төрағасы ретінде Қазақстан бұл мәселе бойынша ілгерілеушілікке қол жеткізу үшін жұмыс жүргізуге ниетті. Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттерді, әсіресе ЯСЖТШ-ның күшіне енуіне ықпал ететін елдерді жауапкершілік танытып, тиісті қадамдар жасауға шақырды.
«Сынақтарға тыйым салу барлық мәселені өзінен өзі шешпейді. Бірақ келісімнің күшіне енуі біздің әлемдегі ядролық қаруды жою жөніндегі түпкілікті мақсат жолындағы тағы бір елеулі қадам болмақ», – деп түйіндеді мемлекет басшысы.