Nur.kz «авторлық құқықты бұзды» деп айыпталды
2016 ж. 01 сәуір
3456
0
Nur.kz сайты «авторлық құқықты бұзды» деген айыппен сотқа тартылып жатыр. Ал сайт иелері шағымданушы тарапты «өмірі болмаған қоғам» деп сипаттайды.
«542 МАТЕРИАЛЫМЫЗДЫ ЗАҢСЫЗ КӨШІРІП БАСТЫ»
Шағымданушы тарап –Солтүстік Қазақстан авторлық құқықты қорғау қоғамы «Nur.kz порталы Defacto.kz сайтына тиесілі заңгерлік энциклопедияны заңсыз пайдаланып, оларды коммерциялық мақсатта қолданған» дейді. Шағым иелерінің сөзінше, «Defacto.kz сайтына тиесілі 542 мақала Nur.kz-тің «Заңгерлік энциклопедия» бөлімінде жарияланған».
«Nur.kz порталында жарияланған барлық контрафакт материалдар алғашқы түпнұсқасында нотариуста скриншот түрінде сақталған... Өзгертілген материалдар Google мен Yandex іздеу жүйелерінің кэшінде де сақталған. Оларды WayBackMachine сияқты интернет парақшаларының өзгеру хроникасын көрсететін сервистен де көруге болады» дейді шағым иелері.
Солтүстік Қазақстандық авторлық құқықты қорғау қауымы «авторлық құқықтары бұзылғанының» өтеуіне Nur.kz сайты иесінен 537 миллион теңге өтемақы өндіртуді, ол сайттың жұмысын үш айға тоқтатуды, сайт иесінің ол материалдарды жасаған құралдарын тәркілеп жоюды, оған қоса порталдың жұмысын Қазақстан аумағында заңсыз деп тануды да талап еткен.
– [537 миллион теңге талап еткенде] заңға сүйендік. Заңға сәйкес, бір авторлық құқық объектісі, яғни бір мақала үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (1 АЕК – 2121теңге) дейін өтемақы талап ете аламыз. Бірақ біз орташа есеппен есептедік, – дейді Солтүстік Қазақстан авторлық құқықты қорғау қоғамының президенті Георгий Сорокин.
«БҰЛАР – БАРЛЫҚ АЗАМАТТАРҒА АШЫҚ АҚПАРАТТАР»
Nur.kz порталының көбіне иелік етеді деп сипатталатын Internet Portal Nur ЖШС директоры Қуат Бахридинов Азаттық тілшісінің бұл оқиға жайлы сауалына «сот процесін күтейік» деп жауап берді.
– Бізге не [айып] тағып отырғанын көрейік. Сосын өзіміздің дәлел-дәйектерімізді айтамыз. Өмірі болмаған Солтүстік Қазақстан авторлық құқықты қорғау қоғамының кім екенін анықтап алайық. Олар өздерінің мүддесін қорғап жүрген қандай да бір заңгерлік фирмаға сілтеме жасайды, – дейді Қуат Бахридинов.
Internet Portal Nur ЖШС директорының «Nur.kz өзге сайттың материалдарын заңсыз пайдаланды» деген айыпқа байланысты уәжі де бар.
– «Заңгерлік энциклопедия» бөлімі – мақалалар, кодекстер мен заңдар жинағы. Бұлар – елдің барлық азаматтары мен шетел азаматтарына ашық ақпараттар. Мұның барлығы – сотта талқыланатын мәселелер. Егер олар біздің үстімізден шағым түсірсе, біздің міндетіміз – ешқандай заң бұзбағанымызды немесе ненің интеллектуалды меншік нысанын бұзу-бұзбау болатынын көрсету, – дейді Қуат Бахридинов.
Петропавлдағы 2-қалалық соты өкілдерінің айтуынша, бұған дейін жауапкер тарап – Internet Portal Nur ЖШС істі Алматыға жіберу туралы өтініш айтып, ол өтініш қанағаттандырылған. Жауапкердің мүлкін қамауға алу туралы сот анықтамасына шағымы сәуірдің 5-і күні Солтүстік Қазақстан облыстық сотында қаралады.
Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ
Дерек көзі: azattyq.org