Сайлау сабақтары... сабақ бола ала ма?
2016 ж. 31 наурыз
3159
5
«Тарихтың үйретер жалғыз тағлымы –
ешнәрсеге үйретпейтіндігі»
Белгісіз данышпан
Сонымен, кезектен тыс өтетін көп сайлауымыздың кезекті біреуін өткізіп тастадық. Ешнәрсе өзгерген жоқ. Дәлірегі, бір ғана нәрсе өзгерді, ол – сайлаудың елеусіз оқиғаға айналып бара жатқандығы. Мысалы, миллионға жуық тұрғыны бар Шымкент қаласының көшелері мен көпқабатты үйлердің аулалары бұрынғыдай үміткерлердің сайлауалды тұғырнамасы мен суреттеріне тұнып тұрмады. Мөлтекаудандарда төбесіндегі дауыс күшейткіші әдетте «пәленше үміткермен болатын жиналысқа келіңіздер» деп айқайлап жүретін автомашиналар да көрінбеді. Кәзір ел арасында «әйелдер біледі, солардан сұраңдар» деген сөз бар. Бұл жолы әйелдер ғана емес, олардың оқушы балалары да қай партияның парламентке өтетінін анық біліп отырмаса да, қатесіз болжалдай алды. Ең ақыры «Ресейге арқа сүйейтін компартия қалай да өтеді» деген ауыл айтқыштарының «көрегендігіне» қалай тәнті болмассың? Осыдан бір-екі ай бұрын Шардараға барғанымызда қаланың төмен етекті қауымы «біздің әкіміміз аудандағы жұмысын қарқ еткендей, енді облыстық мәслихатқа депутаттыққа түсіп жатыр, ол депутат болып қана қоймайды екен, сол жаңа мәслихаттың хатшысы, яғни басшысы болып сайланады екен» деген сөзді естігенде, «дәл осы негізі жоқ қаңқу шығар» деп қоя салған едік, сайлау нәтижесін баспасөзден көргенімізде өз көзімізге өзіміз сенбедік – әйелдердің айтқаны тағы да айна-қатесіз дәл келіп тұр!..
Біздің өкіметтің табан астынан «Бірлік» атты жаңа партия жасақтап тастауы мен пәлен жылдан бері аты шықпай кеткен «Ауылды» сайлаудың дәл алдында жарқ еткізгені оның бұл технологияны меңгерудің шегіне шыққанын көрсетіп берді. Кеңес заманында коммунистік партияның идеология жағына жауап беретіндердің «Америкаға қараңыздаршы, екі партия халықты кезек-кезек алдаумен келеді, олардың орны қанша рет ауысқанымен нәтижесі ауыспайды, ауысуы мүмкін де емес, өйткені ол жүйе – халықты алдауға, көзбояушылыққа негізделіп құрылған жүйе» деуден жағы талмаушы еді. Біз бүгін олардан әлдеқайда асып түстік деуге болады. Дәл кәзір сол Америкада екі партия өкілдерінің өз арасында өліспей беріспейтін күрес жүріп жатыр. Әрине, түптеп келгенде бір-біріне қарсы қаржылық олигархиялық топтар «бұл жолы Дональд Трампты немесе Хиллари Клинтонды қояйық» деп, жасырын мәмілеге келеді-дағы, сол шешімді жүзеге асырады. Әл-әзірге ешкім ешкімді аяйтын емес.
Ал, бізде ол да жоқ. Кешегі сайлаудағы нәтиженің жүз пайызға жуық дәлдікпен бұдан бес жыл бұрынғы сайлау нәтижесін қайталауы қандай «керемет!». ЖСДП-ның 1 пайыздан сәл-ақ жоғары дауыс жинағаны ше?
ЖСДП демекші, осы партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай бұдан он жыл бұрын оппозицияның бірыңғай үміткері атанып, додаға түскен кезінде Шымкентке келгені, биліктің оған қарсы «Дикий Арман» деген лақап аты бар боксер жас жігітті спортшы достарымен айдап салғаны, олардың партия көсемінің оққағарларын бұйым құрлы көрмей жапырып, «Жармахан қайда, Жармахан?!» деп келіп қалғанда, соның алдында ғана ақпарат құралдарынан «Халқым, сен үшін жаным пида!» жер-жаҺанға жар салған жан: «Айналайын, балам, іздеген Жармаханың менмін. Не болды, бір нәрсе айтайын дедің бе? Жоқ әлде мені тірідей үйітіп жегің келді м? Қайсысына болса да дайынмын, шырағым!» деп, жас жігіттердің қарсы алдына шығудың орнына. марқұм Алтынбек екеуі қонақүйдің екінші қабатынан секіре қашып, қас масқара болғаны олармен кездесуге келген қалың елдің әлі күнге көз алдында... Текті жапон самурайы бұндай жағдайда өзіне-өзі «харакири» жасаса, батыстың аристократ саясаткері өзін өзі атып тастар еді. Жармахан оның біреуін де істеген жоқ. Ең болмаса Зақаш Қамалиденов секілді елге көрінбей, ешқайда шықпай үйінде жатып алуға да жарамады. Бір кезде Шарль де Голль: «Менің француздарым менен шаршаған екен...» деп, өз еркімен қызметінен кетіп еді, Жармахан да «президенттік маған қол емес екен» деп, жастарға орын берудің орнына әлі күнге саясаттың соңынан қалмай жармасуда.
Жалпы, біздің елде тәуелсіздік дәуірінде құрылған партиялардың серкелері халқының мүддесі үшін жанқиярлық таныта алмағанын үлкен өкінішпен атап өтуге тура келеді. Көп жұрт «Ақ жол» партиясы құрылғанда елең ете қалысты. 2003 жылы ақпан ойында 5(!) теңтөрағаның төртеуі (тек Алтынбек Сәрсенбаев жоқ) партияның облыстық филиалын құру үшін Шымкентке келді. С.Сейфуллин атындағы кинотеатрда өткен құрылтай берілген уақытта бітпей қалып, 500 адам Машинажасаушылар сарайына шұбырдық. Жиын соңында мен тікелей Әлихан Байменовке қарап микрофоннан сұрақ қойдым:
-Әлеке, сіздерге «шетінен білімді, білікті, билікте биік лауазымда қызмет атқарған тәжірибелі, әрі бизнесті де білетін жігіттер» деп үлкен үміт артып, қалың ел, әсіресе зиялы қауым партия қатарына қаптап кіріп жатыр, бірақ, сіздер ертең ол үмітті ақтамайсыздар ғой, сол кезде халыққа обал болды-ау деп ойламайсыздар ма?
Әлихан нақты сұраққа нақты жауап беруден тайқып кетті. 2006 жылы сұхбат алған кезімде «сол сұраққа мүмкін кәзір нақты жауап беретін шығарсыз» дегенімде, «ондай сұрақ қойғаныңыз есімде жоқ» деді... Ал, мен, марқұм Сейілбек Қышқашұлы ағамның тілімен айтсақ, «Ақ жолдың» халықты алдайтынын қалай біліп қойдым? Мен оны бір емес, білдей бес адам төраға болғанынан-ақ білдім. Өйткені, шын мәнінде билік үшін емес, халық үшін жүрген жандар өздерінің жеке басының мүддесін екінші орынға ысыра алады, көкірегін-амбициясын баса алады, сөйтеді де ортақ бір тұлғаға тұратын болады. Айтқанымдай, «Ақ жол» ақыры екіге бөлініп тынды. Жаңасы, «Нағызы» сағызға айналып, саяси аренадан жоғалды, көнесін Әлиханның қолынан Азат Перуашев деген кәсіпкер алды. Сол кезде Әлиханды «партияны сатып кетті» деп сөкпеген адам аз шығар. Ал, мен «Әлиханның жаңа орны құтты болсын» деп мақала жаздым. Неге? Себебі, ол өзінің өмірдегі орнын қайта тапты. Қазаққа оның саяси партия серкелігінен терең білімін іске асырып, биліктің лауазымды қызметін атқарып отырғандығы әлдеқайда пайдалы.
Азат Перуашев болса партияны басқаруды өткен жолғы сайлауда Мәжіліске елге белгілі ақын, жазушы, ғалымдарды өткізбей, соның салдарынан оның ел алдындағы абыройын төмендетуден бастады. Бұл жолы тағы да өткен оқиға қайталанды. Ең болмаса сол билік алдында «ақырып теңдік сұрарға» жарайды ғой деп жұрт үміт етіп отырған, партиядағы екінші адам – ақын Қазыбек Иса да өтпеді. Бәріміздің де ойымызда оның өтетіне деген сенімнен күдік басым болған-тұғын, десе де «үмітсіз – шайтан» ғой деген едік... Қазыбек өз мақаласында «бұл – жоғарыдан болған тірлік, Азатқа өкпем жоқ» депті. Шынында да, жоғарыға сілтей салу – ең оңай жол, әйтпесе, қай партия серкесі болса да, бір сенімді серігін қорғап қалуға шамасы келмейді дегенге ешкім сенбейді.
Ал, билеуші партия «Нұр Отанның» атынан түскен Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қалалық білім бөлінің бастығы Амантай Байтанаев пен жергілікті кәсіпкер Әсет Аппаздың сайлауы дауға ұласып, интернетті жаулап алып тұр. Әзірге Байтанаев депутат болып танылыпты, танылып қана қоймай, арыстық арулар алдын-ала айтып жүргендей – қазақтың әйелдерінің көрегендігін осыдан кейін мойындамай көріңіз! - аудандық мәслихат хатшысы болып сайланып алыпты, бірақ, сайлау учаскелік комиссиясы төрағасының үстінен «қызметтік жалған құжат жасаған» деген айыппен қылмыстық іс қозғалыпты. Оның өзі «жоғалып кетіп», полиция іздестіріп жатқан көрінеді. Мәселеге соңғы нүктені сот қояды екен. Біз бұл хикаяның немен біткенінен оқырмандарды хабардар ететін боламыз.
Қалай болған да, бес жылда бір-ақ рет болатын, мемлекет өмірінде маңызды рөл ойнайтын, оның дамуына айтарлықтай әсер ететін сайлауымыздың өз атына сай болудың орнына жылдан жылға «той той болмады, бала-шаға жеп кеттінің» деңгейіне түсіп бара жатқандығы жанға батады. Әрине, Мейірмен марқұм айтпақшы, бәрі «сценарий бойынша» жүріп жатса, ондай қандай қызық, қандай мағына қалсын...
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz