Сейтқазының "салқыны" тигендер ұсталды
2016 ж. 25 наурыз
1880
0
Ақпараттандыру және байланыс комитетінің экс-басшысы Болат Берсебаев, оның орынбасары Бек Арпабаев және «Қазақтелеком» АҚ стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры Б. Маханбетәжиев ақша жымқырды деген айыппен ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Ақпараттандыру және байланыс, «Қазақтелеком» Акционерлік қоғамы, сондай-ақ «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларының аса ірі көлемдегі мемлекеттік қаражатты ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру ұлттық бюросы хабарлады. Осылайша, тергеу 2010-2015 жылдары мемлекеттік саясатты ақпараттық алға жылжытуға бөлінген 160 млн теңгеден астам қаражат ұрланғанын анықтады.
«ҚазТАГ» агенттігімен ғана шарт орнату үшін қасақана жағдайлар жасау
Ұрлық жасау күдігімен 25 наурызда Комитеттің бұрынғы басшысы Берсебаев пен Комитет төрағасының орынбасары Арпабаев ұсталды. Аталған тұлғалар «ҚазТАГ» агенттігімен ғана шарт орнату үшін қасақана жағдайлар жасап, сол арқылы мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама талаптарының өрескел бұзылуына жол берді.
Осылайша, мемлекеттік тапсырысты орындауға басқа бәсекелестер алынып тасталды. Бұдан басқа, мемлекеттік саясатты алға жылжыту тегін, тұрғындар үшін ашық және қолжетімді режимде жүзеге асырылуы тиіс болған.
Алайда, мемлекет төлеген материалдар ақпараттық агенттіктің сайтында жабық форматта орналастырылып, пайдаланушылардан қосымша төлем талап етті. Бюджеттік қаражат «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің есеп шотынан «Ұлттық Баспасөз клубы» аффилирлік қоғамдық бірлестікке ақшаны жалған негізде аудару жолымен ұрланған.
«Қазақтелеком» АҚ лауазымды тұлғаларының 260 млн теңгені жымқыруы
Тағы бір факт 51% акциясы мемлекетке тиесілі «Қазақтелеком» АҚ лауазымды тұлғаларының 260 млн теңгені жымқыруымен байланысты. Қаражат қоғамның ақпараттық-жарнамалық материалдарын баспа басылымдарында жариялауға арналған. Бұл үшін жоғарыда айтылған «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігімен шарт жасалған.
Тергеу барысында анықталғандай, Акционерлік қоғам қызметтің екі еселенген сомасын төлеп, кейін оны қалтасына басқан. 25 наурызда мемлекет қаражатын ұрлады деген күдікпен акционерлік қоғамның стратегиялық басқару бойынша бас директоры Б.Маханбетәжиев ұсталды. Бұрын хабарланғандай, Матаев «үй қамағына» алынды.
«Ұлттық баспасөз-клубы» ҚБ-нің 326,9 млн теңге сомасындағы салығын төлеуден жалтару
Сонымен қатар, Сейтқазы Матаев «Ұлттық баспасөз-клубы» ҚБ-нің 326,9 млн теңге сомасындағы салығын төлеуден жалтарды деген күдік бар.
Баспасөз клубының кәсіпкерлік қызметінен (кеңселерді жалға беруден) тапқан 1,4 млрд теңге көлеміндегі табысының салығын төлемеу салдарынан осындай қарыз қалыптасқан.
Барлық фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі туралы заңда бекітілген тәртіппен жұртшылыққа жеткізіледі.