Тауды сақтап қалу үшін ағаштарды отаған-мыс
2016 ж. 25 наурыз
2277
0
Алматы іргесіндегі Көктөбе тауының баурайындағы ағаштар осы тауды сақтап қалу мақсатында кесілді. Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Көктебедегі ағаштарды кесу шарасына қатысты осындай түсініктеме берді.
«Көктөбенің жоғары жағында өсіп тұрған ағаштарды кесу және онда дренаж, яғни жер қыртысын құрғату жүйесін орнату жұмыстары жер көшкінін болдырмау мақсатында жасалды. «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) ұсынысымен жер көшкінін болдырмас үшін 2004 жылы Көктөбенің шығыс және солтүстік жағында тереңдігі 9 метрден 24 метрге дейін болатын 395 ұңғыма қазылып, бетондалған еді. Бірақ, кейін бұлардың жеткіліксіз екендігі белгілі болды. Сөйтіп, 2014-2015 жылдары қосымша ұзындығы 22,5 метр болатын тағы 365 бағана қағылды. Сондай-ақ, Көктөбенің беткі қабатын судың әсерінен қорғау мақсатында гидрооқшаулау шарасы жүргізілді», - делінген Басқарманың хабарламасында.
Бұдан басқа, кесілген 415 ағаштың орнына, Көктөбе саябағы аумағына қылқан жапырақты және жапырықты ағаштардың 4150 көшеті отырғызылатындығы айтылған. Әзірге, 2016 жылдың басынан бері - 1586 ағаш көшеті отырғызылып қойылды. Бұл жерде тамшылап суару жүйесі қолданылды.
Барлық ағаш отырғызу жұмыстары осы көктем айларының ішінде аяқталады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат