Кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен қамалған милиционер өлтіруге тапсырысты өз бастығы бергенін жазды (фото)
2016 ж. 24 наурыз
3301
6
Әлеуметтік желілерде Атырау ІІБ-нің экс-қызметкері Өтеуов Манарбектің ашық-хаты жария етілді. Аталмыш азамат Өзбекстан тумасы Дмиртий Кимнің өлімі үшін қамауға алынған. Ол марқұмның туыстарына хат жазып, өлтіруге тапсырысты өз басшыларынан алғанын жайып салған.
Фотолар журналист Айдос Садықовтың Facebook парақшасында жарияланған. Ол бұл құжат сенімді көздерден алынғанын алға тартты.
Хатта өзін Атырау ІІБ бұрынғы полиция офицері ретінде таныстырған Манарбек Өтеуов Дмиртий Кимнің жақындарынан кешірім сұрай келе, Кимді Атырау полициясы басшысының тапсырысымен өлтіргенін айтады.
Одан бөлек атыраулық полицейлердің ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, халықты тонаудың жүйелі жолын қалыптастырғаны сөз етілген. Яғни, тәртіп сақшылары кәсіпкерлерге түрлі "салықтар" салып, жезөкшелердің ісін қолдап келген. Адамдарға жалған айып тағып, түрмеге жауып отырған.
Манарбек "жемқорлық пен жезөкшелік былығына белшесінен батқан ІІБ басшылығынан" тапсырысты өзге әріптестері де орындап отырғанын, тіпті олардың есімдерін де тізбектейді.
Ол өзінің ашық хат жазу себебін сотқа жетпей өліп кету мүмкіндігімен байланыстырған. Себебі, ол сот отырысында хатта көрсетілген фактілерді қандай қысым көрсетілсе де, жайып салуға бел буып отырған көрінеді.
Ал фотоны жария еткен журналист болса, мұның өлер алдындағы хатқа көбірек ұқсайтынын алға тартқан.
ФОТО FACEBOOK.COM/AYDOS.SADYKOV
Атырау облысының Ішкі істер департаменті бұл ақпаратқа ешқандай түсініктеме бере алмады.