«Болашақ» стипендиясына құжаттар тапсыру тәртібі жеңілдетілді
2016 ж. 18 наурыз
2140
0
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлім етті.
Белгілі болғандай, биылдан бастап халықтың құжаттар дайындау шығыстарын оңтайландыру мақсатында құжаттар пакетін тапсыру талаптары жеңілдетілді.
«Егер бұған дейін ұсынылатын барлық құжаттарды нотариалды куәландыру қажет болса, қазір тек академиялық оқуға (шетелге) өз бетімен түскен немесе «Болашақ» аясында тағылымдамадан өтуді жоспарларған үміткерден шықыру құжатын нотариалды куәландыруды сұраймыз. Басқа құжаттар, яғни диплом, еңбек кітапшасы және өзге құжаттарды нотариалды түрде куәландыру керек емес»,-деді ол.
Ғ. Нығыметовтің айтуынша, ағымдағы жылдан бастап талап етілетін кезең үшін міндетті зейнетақы жарналары аударымдары туралы үзінді көшірме ұсыну нормасы енгізілді.
«Бұл дегеніміз, осы жылдан санаттар бойынша үміткерлерде екі жыл жұмыс өтілі болуы керек, сонымен қатар ол зейнетақы аударымдарын көрсетуі тиіс», - деді ол.
Құжаттарды электронды үкімет веб-порталы, «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорацисы арқылы (бұрынғы ХҚКО), сондай-ақ «Халықаралық бағдарламалар орталығына» барып тапсыруға болады.
Оның сөзіне қарағанда, электронды үкімет веб-порталы және халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжаттар тапсырушылардың үлесі артып келеді. 2015 жылы үміткерлердің 40 пайызы аталған екі тәсілді пайдаланып тапсырған екен.
Дерек көзі: ҚазАқпарат