Жезөкшелерге жеңгетай болған полиция полковнигі тұтқындалды
2016 ж. 06 наурыз
2411
0
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро қызметкерлері 4 наурыз күні ҚР ІІМ ЕБК комитетінің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі өңірлік басқармасының бұрынғы бастығы, полиция полковнигі Серік Бегасыловты қамауға алды, – деп хабарлайды«Қамшы» порталы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол 2013 жылдан бері іздеуде болған. Алматыда жезөкшелер қызметіне басшылық жасағаны үшін сотталған «мама Роза» – Ольга Хамбулатова ісінде аты аталған полковник Алматы жезөкшелерінің қызметін 2011-2013 жылдар аралығында өзі қорғаштап келген деп айыпталған еді.
«Қылмыстық қудалау органында лауазымды тұлға бола тұра С. Бегасылов 2011-2013 жылдар аралығында жеңгетайлықпен және жезөкшелік қызмет көрсетумен айналысатын қылмыстық топ құрып, басқарған. С. Бегасылов ұзақ жылдар құқыққорғау органдарында түрлі лауазымдарда болғандықтан және жедел-іздестіру қызметінің қыр-сырын жетік білгендіктен із кесушілерден ұзақ уақыт жасырынып келді», – делінген Ұлттық бюро таратқан хабарламада.
2013 жылдан бері іздеуде жүрген С. Бегасылов Интерпол мәліметтері бойынша Түркия аумағында жасырынып келген.
«2015 жылы Қазақстан Бас прокуратурасы қашқын полковникті іздеуді Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарына тапсырған болатын. Қазір С. Бегасылов ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторына қамалды», – делінген хабараламада.
Дерек көзі: Қамшы.кз