Сыншылдық емес... сына қағушылық!..
2009 ж. 02 сәуір
5728
2
Елбасы елді бірігуге шақырса, «Қазақ әдебиеті» қазақты руға бөліп,
жікшілдікке салынуы нені білдіреді?..
Пайымсыз автордан Павлик Морозов жасау кімге тиімді?..
Қаламгер қауымның ғана емес, жалпы қазақтың жанына жақын басылым «Қазақ әдебиеті» газетінің басында жетпіс бес жылдан бері әр кезде қазақтың тұлғалы қаламгер-қайраткерлері отырды. Олардың ішінде ұлттың мүддесін қорғаймын деп үлкен саясаттың салқынымен орнынан кетіп қалғандар да, керісінше... кіші саясат есебімен топтың сөзін сөйлейтіндер келіп қалғаны да кездесіп жатты... Осыған байланысты жүректерге жақын басылымның жүрісінен жаңылып қалып жататыны да жоқ емес...
Газет таяуда «Біздің жақтың қазақтары» атты тақырыппен айқайлатып тұрып, Назым Перне дегеннің мақаласын бірінші беттен бастап берді. Қысқаша айтқанда, мақала авторы өзінше Оңтүстік Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігін, әдет-ғұрпын сынамақ болып отырып, сыңаржақ кетіп, бір елді кекетіп, келемеждеуге дейін барады... Пойызда кездескен қазақтың қарапайым үш әйелінің әңгімесінен үлкен саясат іздеген сыншысымағымыз іргелі бір елден іліп алар жақсылық таппай, соңында өз анасына да соқтығып, бір түйреп өтеді... Бүгінгі күннің Павлик Морозовшасының мақаласын түзеп-күзейді деген, сол үшін айлық алып отырған бас редакторымыз авторға қосылып алақайлап, алдына түсіп алып шауып отырыпты... Тіпті, пиғылым діттеген жерге дәл жетпей қалар деген қауіп болса керек, мақаласының әлқиссасын «Жиделі Байсын жерінде, Қоңыраттың елінде» деп, ышқына айқайлап бастапты. Онысы арзанқол мақаланы бүкіл түркі әлемінің жауһар дастаны - «Алпамыс батыр» жырымен бастасақ, ойымыз да дәл тиіп... бойымыз да өсіп қалар деген есекдәме болса керек...Бүгінгідей қиын заманда ерлерінен қалыспай, бала-шағаларын асырап жүрген қазақтың қарапайым әйелдерін, аяулы аналарын ақ көңілділігі мен айдаладағы әншілерге де бәйек болып отырған жалпы аналарға тән ақ пейілдері үшін... автор мен бас редактордың бас салып келемеждей жөнелгені, кешіріңіздер, «ойнау білмеген жаман қайны жеңгесінің артын шұқылайды» дегеннің керін келтіріпті... Әйтпесе, бүкіл Қазақстанда, аудан орталығы болса да, әйгілі кәсіби драма театры бар жалғыз аудан - мақтаралдықтар үшін әртісің де, түлектері әлем сахналарында ән шырқап жүрген елге әншілерің де таң ба еді...Мақаладағы жалпы елге тән кейбір кемшіліктерді бір ауданға теліп қою теріс екенін қолына енді қалам ұстағандар білмегенмен, сол газеттің бас редакторы білу керек емес пе еді... Жетпіс бес жылдық тарихы бар газет түгілі жетіге де жетпеген басылымдардың жетелі басшылары ондай шикі мақалаларды жариялаған күнде де, қайнауын келтіріп алып беріп жатады ғой... Елбасы елді бірігуге шақырса, «Қазақ әдебиеті» қазақты руға бөліп, жершілдікке салынып жатуы нені білдіреді?.. Жікшілдік мақсатпен жіпке тізген кемшілік дегендерінің көбісі әр елдің өзіне тән ерекшеліктері екені көзі ашық, көкірегі ояу әркімге де аян.Жікшілдік демекші, «Қазақ әдебиеті» газеті осыдан оншақты жыл бұрын да Оңтүстік Қазақстан облысын Бердібек Сапарбаев басқарып тұрғаны үшін ғана «Кәлу мен дәлу туралы ертегі» деген бірдеңе жазып, бұра тартып бүлдіргені бар еді... Енді мына мақала да соның жалғасы іспетті жадағай сөз бен жалаға толы екен... Рушылдық дерттен арылмағандар руханият саласында да, саясатта да қалмай келе жатқаны өкінішті-ақ...Иә, кезінде Оңтүстік Қазақстан облысын оңдырмаған әкімдер Үркімбаев, Тұрысбеков, Абдуллаевтардың (бұларға кезінде шара қолданды) жарысып жегенінен жарығы жоқ, газы жоқ тас қараңғы қалаға айналған Шымкенттің көзін шырадай жағып, облысты өрге сүйреген басқа емес, Бердібек Сапарбаев болғаны үшін ғана жарықты да... жақсылықты да... «көзі көрмей қалған» рушыл көсем-ақсақалдар да болған... Сапарбаевты қаралау үшін ғана Шымкентте арнайы бір газет ашылғаны да белгілі. «Ер екеніңді білейін, Оңтүстікті басқарып көрші» деген қанатты сөз қалдырған Бердібек Сапарбаев төстабандап шөккен облысты аяғынан тік тұрғызып, Елбасы сенімімен Кеден комитетіне кетерде әлгі газеттің редакторына: «Сендер енді қайтесіңдер? Мен үшін газет ашып едіңдер, мен кетіп бара жатырмын. Енді газеттеріңді жаба салыңдар,» - деп бүкіл елді күлдіргеніне облыс активінде куә болған жұрт әліге дейін айтып жүр.... Бұны неге айтып отырмыз? Әлгі Абдуллаевты жер-жебіріне жетіп ұрсып, орнынан аларда ашуланған Елбасыға: «Оңтүстіктен шай ішуге болмайды, ат үстінен аттану керек!» - дегізген де, сол кездегі облыстың кері кетуі болатын. Бірақ кейін мемлекет басшысы Оңтүстікке Сапарбаевтың кезінде бірнеше рет сапарлап келіп, әр келгенінде ат үстінен қайтпай, үш-төрт күн аралап, әкімнің ісіне ризашылығын білдіріп кеткен еді. Енді сол Бердібек Мәшбекұлын кеше ғана шырқы бұзылған Шығысқа әкім етіп қоюы да, елдің еріне деген ерекше сенім болса керек. Елбасы әлгі ашулы сөзін айтқанда, Оңтүстік десе оң иығын беріп, қаймағы бұзылмаған қазақы өлкені қалап тұратын жазушы қауым, онда да жалпы жазармандар емес, шын суреткерлер суырылып шығып, елді қорғап еді... Кешегі кеңес үкіметі кезінде де, бүгінде де, қаламгер де, әнші-сазгер де, жалпы зиялы қауым Оңтүстік десе елеңдеп тұратыны анық.Оңтүстіктің оңды дәстүрі елге өнеге
Иә, Оңтүстіктің үлгі тұтар өнегелері аз емес. Кешегі кеңес империясы кезінде орыстанып кеткен, бүгінде батыстанып бара жатқан көптеген өзге өлкелердің қазақтарында жоғалған игі салт-дәстүрлер бұнда сары майдай сақталып келеді. Әлгі мақаладағы Назым мен «Қазақ әдебиетіне» жат көрінген қонақжайлылықтың өзін біраз әңгіме етуге болады. Өзге өлкелерде кейбір танымал кісілердің өзі соғымының семіз шыққанын айтып, бөсіп тұрып, шайға шақыруды «ұмытып кетіп жатса», бұнда әлгі Назымның қарапайым «алқаш» ағалары мен ақкөңіл апалары көршісінен қарыз алса да, кісіні көшеден қайтармайды. Қазаққа тән ерекшелік – қонақ күту мәдениетінен Оңтүстікпен, әсіресе, Оңтүстіктің оңтүстігі Мырзашөлдің мырзалығымен ешкім таласа алмайды.Ал Оңтүстік Қазақстанда сақталған келіндердің сәлем салу әдебін әлемдік әдет-ғұрып этикалары антологиясына мақтана қосуға болады. Келіннің ең басты келісті ізеті-инабаты - жасы үлкендерге иіліп сәлем салуы - қазақтардың әлем мәдениетіне қосқан үлкен үлесі! Мұндай отбасылық институттың ғажап сыйластығының сырлы да, сырбаз көрінісіне кез-келген дамыған елдеріңнің өзі ерекше ықылас білдіретіні анық. Бұдан бүкіл Қазақстан үлгі алып үйренсе, бүгінде жетіспей жатқан имандылық пен инабаттылық қанат жаяр еді. Өзге жерлерде ұлттық мәдениеттен жұрдай, төстерін жартылай ашып тастап, шалбарланып алған, шалбар-шалбар беттері бояуға баттасқан , түрлі-түсті шаштары қобырап, жалаңбас жүретін дипломды кемпірлердің Шымкентке шыға қалған қыздарына: «Сәлем салма, орамал тақпа,» - деп, қалай ауыздары барып айтып отырғандарына таң қаласың. Соның кесірінен шаңырағы ортасына түскен отбасылар да бар. Келіннің әр сәлем салғаны – үлкеннен алғыс, бата алғаны емес пе?.. Сәлем салған келінге ата-енесінен бастап, бүкіл үлкендер «Көп жаса, бақытты бол» деп батасын беріп жатады. Бұл – заң. Сонда қызына «Сәлем салма!» - деп, яғни «Алғыс алма! Бата алма!» - дегенді қандай ата-ана айта алады? Бұндай кері тәрбие беріп, ұлт мәдениетін ұқпайтын надандықты қалай түсінуге болады?.. Әншейінде жаңа технологиялар елі - Жапонияға табынып отыратын біздегі ессіз еліктеушілер олардың оңтүстікқазақстандықтар секілді ежелгі салт-дәстүрін сақтап, әйелі ерін пір санап, үлкенді сыйлап, сәлем салуларын неге үйренбейді? Жапонияны алыс десе, Оңтүстікке келсін... Жапондықтар бұны ұлттық мақтаныш тұтады. Біздің мәңгүрттер сияқты өз асылдарынан жерімейді. Әлгі біздің Назым беті бүлк етпей, Оңтүстікте үлкендердің сөзі үстем, ерлері би деп кінәлағысы келеді. Ұлттың артықшылығын, керісінше кемшілігі етіп көрсетіп келген кешегі кеңес империясы әсерінен әлі арылмаған бұл неғылған нигилисше дерсің... Мүмкін ол кемпірлері шалдарымен жарысып ішетін, келіндері қайнағаларымен жабысып билейтіндердің көптеген ірі қалаларды былай қойғанда, Алматының айналасындағы аудан орталықтарына бара қалсаң да, кездесіп жататынын білмей ме екен... Бәрі бір түрлі киінеді дегені қай сасқаны. Әр облыс түгілі, әр ауданның өз өзгешелігі бар емес пе? Мысалы Оңтүстіктегі ақ жаулықты апаларға Алатаудың аясындағы ауылдарда кемпірлердің өзі барлығы бірдей қызыл ала орамал тағып жүре беретіні ерсі көрінетіні бар. Бірақ олардың Назым секілді қыздары сол үшін онысын газетке жазып жатқан жоқ... Ал кейде болып қалатын құданы құлағанша ішкізу Жетісайда ғана емес, Жетісуда да, өзге өңірлерде де кездесіп жатады... Назымның әлгі «шығармасын» оқыған бір жерлесі күйіп кетіп, Павлик Морозовтың бүгінгі қарындасына: «Онда сен әке-шешеңнің түнде не істейтінін тексеріп, ұнамаса, газетке жазбайсың ба?» - депті. Иә, әркімге өз елі - өз ата-анасындай емес пе? Әрбір елдің өзіне тән артықшылығы, өзіне тән кемшілігі болады. Оны талдап, таразылай алмайтының бар, тақырыпты көтере алмайтының бар, қолыңа шоқпар алып нең бар дегің келеді... Ал Жазушылар газетіне жазатын өзге ешнәрсе табылмай қалса да, бұндай елге жік салатын арзан әдіс абырой әпермейтіні анық. Шымкенттіктердің ширақ, өткір болғаны үшін де аузы қисаймай кінәлайтындарға енді елдің іргелі басылымы қосылып жатса, жетіскен екенбіз...Бұл Назым Перненің «назы» ма дейін десең, пернесін басып отырған басқа біреу секілді. Автор мен бас редактордың ым-жымы бір екенін басекеңнің авторға қамқорсып, бүркеншік атпен бүркенуді ұсынуынан-ақ аңғаруға болады. Соған қарап-ақ бұл мақаланың сыншылдық емес, сына қағушылық, жікшілдік мақсатпен жарияланғаны аққа қара күйе жаққандай көрініп тұр... Тіпті имандылық ұясы – Алланың үйі – мешіт салғаны үшін кінәлағанымыз шариғатқа қарсы емес пе – деп, өздеріне тоқтау салмағаны таңқалдырады... Ал көше мен жолды жеке адам емес... мемлекет салатыны бұлардың қаперіне де кіріп шықпайды......Бірақ кеңпейіл, дархан ел әлдекімдердің жүйесіз сөзіне бола жүйке жұқарта қоймайды. Қалыптасқан дәстүрін бұза алмайды. Елі де мырза, ері де мырза, тіпті шөлі де мырза ел - Мырзашөл – Сырдың бір жағын Құмстаннан Гүлстанға айналдырған өлке. Ежелгі өркениет бесігі болған Сыр бойында Отырар, Түркістан секілді шаһарлар гүлденіп тұрғанда көп жерде мал жайылымынан өзге ешнәрсе де болмағаны ақиқат. Мырзашөл өңірі туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бастап, жыр құлагері Ілияс Жансүгіров те, әйгілі ғұлама Әлкей Марғұлан да, талай елдің президенттері де, Елбасымыз Н.Назарбаев та, атақты қаламгерлер мен қайраткерлер де талай рет толғаған. Өзінде туған өр тұлғалардың лебізі өз алдына бір дастан.Біз бүгін кеше ғана Бейжің Олимпиадасында еліміздің абыройын жалғыз өзі қорғап қалған баһадүріміз Бақытжан Сәрсекбаевты сөйлетсек, ол атамекені Мақтаралға барғанда Оңтүстіктің өзіне ерекше ыстық екенін жеткізіп еді... Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы, бокс бекзадасы Бекзат Саттарханов та Жетісайға келген кезінде, Олимпиаданың да, әлемнің де күміс жұдырығы (бокста ауыр салмақта бұндай биікке әлі ешқандай қазақ жеткен жоқ) Мұхтархан Ділдабеков бауырымен бірге қатар тұрып, Мырзашөлдің ерекше қасиетті ел екенін елжірей жеткізіп еді... Бүгінгінің Алпамыс батырларының сөзіне алып-қосарымыз жоқ...Ыстық өлкенің адамдары да ыстық, суық емес... «Дария арам болмайды, ит келіп оған сигенмен,» - деп, әйгілі ақын айтқандай, ұлы Сырдай көңілі дария, көзі ашық ел қашандағыдай сол қонақжай қалпы. Әртісің, әншің түгілі, әншейін, қарапайым мейман келсе де, мейрамы дайын меймандос елдің құшағы ашық, дастарханы жаюлы, тілегі ақ. Әлгі төркінін танымай кеткен жазғыш қыздары жазықты Назым келсе де, тіпті «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы келсе де, ит қосып қумайды... Жақсылап күтіп жібереді... Өйткені бұл Оңтүстік қой... Оңтүстіктің сырын білу үшін, оның қасиетін ұғу үшін Оңтүстікте туу керек! Оңтүстікте тұру керек!Қазыбек ИСА