Орталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында ОСК Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Мәжіліс депутаттарының сайлауына қатысатын партиялық тізімін тіркеді.
Қаулы жобасымен таныстырған ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов: «Сіздердің назарларыңызға Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы жобасын ұсынып отырмын. Қаулы бойынша Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімі тіркеледі. Тізім бойынша тіркелген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға куәлік беріледі. Олардың саны – 35», – деді ол.
Комиссия хатшысының айтуынша, партиялық тізімге енгізілген азаматтардың «Сайлау туралы» заңнамасына сәйкестігі еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттарға сәйкес, партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңға сәйкестігі анықталған. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы мен мүлкі туралы декларациялары салық органдарының анықтамаларымен расталған. «Сайлау заңнамасы бойынша Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы жарна төлеуден босатылады. Себебі, 2012 жылы өткен сайлауда Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 7 пайыздан көп дауыс жинаған. Партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы атауы сайлау бюллетеніне енгізіледі», – деді Б.Мелдешов.
Қаулы бірауыздан қабылданған соң, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев журналистерге сұхбат берді. «Партиямыздың атынан 35 кандидаттың куәлігін алдық. Бұл партиямыз үшін өте жауапты сәт деп айтуға болады. Өйткені, қазір ғана «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімі Орталық сайлау комиссиясынан тіркеуден өтті. Енді біз сайлауалды жұмыстарына кірісуге дайынбыз», – деді ол.
Партия жетекшісінің хабардар етуінше, енді партия сайлауалды қорын тіркеу туралы өтінішін Орталық сайлау комиссиясына тапсырады. «Ал дүйсенбіден бастап сол қорға қаржы тарту жұмыстарына кірісеміз және сайлауалды науқан жобасын дайындайтын боламыз», – деді А.Перуашев.
Сонымен қатар, ол үгіт-насихат жұмыстарына мол қаржы шашып, даңғазалыққа жол бермейтіндіктерін айта келіп, «Нұр Отан» жалпыхалықтық партия болса, ал «Ақ жол» партиясы ең алдымен жеке бизнес пен зиялы қауым өкілдері бастаған орта тап өкілдеріне сенім артатынын атады. Партиялық тізімге енген 35 кандидаттың ішінде бес ұлттың өкілі бар, кандидаттардың 17 пайызы – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы – 46, олардың ең жасы – 34 жаста. Партия ұсынған 8 кандидат Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Сондай-ақ, тізімде коммерциялық құрылымдардың, ғылым, мәдениет және білім беру қызметкерлері, партия аппаратының және ҮЕҰ-ның қызметкерлері де бар.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.
А. Перуашев: «Ақ жол» бизнес пен зиялы қауым өкілдері бастаған орта тапқа сүйенеді
2016 ж. 06 ақпан
3287
4