Қазақ баспасөзінің күнкөрісі - ретсіз рейтингке тіреліп тұр
2016 ж. 02 ақпан
2308
0
Есіктен кіріп, төрді иелену
Қазақстанның ақпараттық саясаты мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Сала мамандары, сарапшылар әртүрлі дәлел-дәйек келтіріп, мәселені оңға бағыт бұрудың түрлі жолдарын да ұсынды. Былтыры жарнама туралы заң жобасы мақұлданып, шетелдік кабелдік арналар Қазақстанның ақпараттық нарығындағы жарнамаға ортақтаспайтын болғандай еді. Бұл да бір дәтке қуат көрінген. Бірақ, мұнымен ақпарат саласының қордаланған мәселелерінің түйіні тарқатылып кетті деуге келмейді. Ақпарат мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатында үлкен құралға айналып, әп сәтте кез келген саясаткерді, саясатты шыр айналдырып, ақпараттық ресурстарға иелік ететін топтың ыңғайына, қалауына қарай өзгертетін және соған миллиондарды лезде сендіретін алып күшке ие болған қазіргі заманда әр мемлекет өз ақпараттық қауіпсіздігіне ұлттық қауіпсіздіктің күн тәртібінен түспейтін маңыз беріп отыр. Қазақстан жағдайында ақпараттық қауіпсіздік - ел ішіндегі еркін ойлы баспасөзді әкімшілік жолмен ретін тауып тұншықтыру; қазақ баспасөзіне екінші сортты деген таңба басып, онымен санаспау, жазғанына мән бермеу, шетке қағу, қаржылық мүмкіндігін тарылтып, жаңа кеңістікке өтуіне, дамуына барынша кедергі жасау; баспасөз атаулыны бір орталыққа бағындыру арқылы баспасөз еркіндігін шектеу әрі билікке тәуелді ету, міне, биліктің ақпарат саясатына жауапты «кісілердің» ақпараттық саясат деп түсінетіні және жасап отырған жұмыстарының сиқы. Сонда Қазақстанның ақпараттық саясаты кімдерге пайдалы десеңіз, Ресей, Украина, Белорусь елдерінен шыққан медиа саласынан байығандарды жемдеп отыр. Бұ қалай дерсіз? Біздің ше, мұның бірнеше себебі бар.
Қазақстан билігі ширек ғасыр бойы мемлекеттік тіл мәселесін шеше алмай келеді. Тіл жағдайы сөз болса, билік ұрсып жауап қатады. Мысалы былай: «Сендерге не жетпейді, өздерің сөйлеп алыңдар, қазақ тілі деп жылағанды қашан қоясыңдар» т.б. Ал, саяси ерік-жігеріне иек артып, нақты іске ешқашан барған жоқ. Тап осы тіл мәселесіндегі биліктің ұстанымы мен көзқарасы ақпараттық қауіпсіздік мәселесін тұралатып, оны ойдан-қырдан қашқан көлденең көк аттының пайдасына шешілуіне жол ашып берді. Міне, қараңыз: (http://radiotochka.kz/8997-kto-vladeet-populyarnymi-kazahstanskimi-internet-portalami.html) Мұндай рейтинг түзуде де үлкен мақсат жатыр. Ол – биліктегі әлемді орыс тілі арқылы ғана танып-біліп отырған шенділерге қазақ баспасөзінің жаназасы әлдеқашан шығарылғанын, осы тізімдегі «мықтылармен» ғана санасып, кеңесіп, бюджеттің ақпарат саласына қарастырылған ақшасын осыларға теңдей бөліп беріп, ақпараттық саясат түзесің деген доң айбат. Шуылдамасын деп арасында итке тастаған сүйектей ғып қазақ баспасөзіне де лақтырып қоятыны бар. Қарап отырсаңыз, бұл тізімдегі ақпараттық ресурстар орыс тілінде контент жасаған. Қазақ тілі тек әлсіз, солғын әрі үнемі түстен кейін маңырайтын аударма күйіне түскен. Бұл – мемлекеттік тілді, тұтас қазақ баспасөзін жоққа шығарып, ақпараттық кеңістікке кімнің ие болып отырғанын үнсіз түсіндіру. Жұмыс жүргізу тәсілдері де ақпараттық көрінгенімен, қоғам ойын ластау, қоғамның назарын түкке тұрғысыз айғай-шуға аударып, жоқ нәрсені жалаулату. Ал, мемлекеттік мүдде, ұлттық құрылыс, қазақ мәселесіне келгенде, ләм деп ауыз ашпайды. Себебі, ондай мәселелер оларға жат. Өйткені, қазақ тілінің оларға қажеттілігі жоқ. Орыс тілі жұмысын жүргізіп, мемлекет пен ақпараттық нарықтағы бар қаржыны қолына әкеп беріп отыр. Осыдан кейін олардың мемлекеттік мүддемен жатырлас қазақ мәселесіне түкіргені бар ма?..
Бәсеке және баспасөз
Қазақ баспасөзі туралы сөз бола қалса, «жылауық, Үкіметтен ақша сұрағаннан басқа тірлік жасамайды, дамуға ықылассыз, рейтингі төмен, журналистикасы әлсіз, бәсекеге қабілетсіз, сауатсыз, қазіргі заманғы журналистиканың заңдылықтары мен ережелерінен хабарсыз» дегенді естіп жүрміз. Тіпті, орыс тілді баспасөздің «мықтылары» ұйымдастыратын форумдарда да осы тектес сөздерді айтқан әріптестеріміз де болған. Бұл да қазақ баспасөзін ақпараттық кеңістіктен шығарудың айла-тәсілдері. Егер, қазақ баспасөзі бәсекеге қабілетсіз болса, осы күнге дейін өмір сүруін тоқтатар еді. Қазақ баспасөзі қашан да мемлекет пен қазақ қоғамының сөзін сөйлеп, әлеуметтік, қоғамдық-саяси өмірдегі мәселелерді жазып, айтып келеді. Қазақ тілін білмейтін адам мұны ешқашан біле алмай өтеді демесек... Ал, осы бәсекеге қабілетсіз қазақ баспасөзі деген әңгімені шығарудың ар жағындағы мақсат ақыры орындалғандай. Билік рейтинг жағынан жоғары ақпараттық ресурстармен ғана жұмыс істейтінді шығарды. Бұл жоғарыдағы айтқандарымыздың «жемісі». Қазақ баспасөзі өлмес үшін рейтинг қуалады. Ол үшін баспасөз не істемеді дейсіз. Ақыры, рейтинг қуалау қоғам санасын бір сәттік нәрселермен улап жатыр. Дертке айналды. Ал, Ресей, Украина, Белорусь және Қазақстандағы орыс тілді баспасөз «мықтыларының» ұпайы түгел, рейтинг жоғары. Билік рейтингісі жоғарымен жұмыс істеймін, соның сөзін сөйлеймін, өйткені, ол жұмыс істеп отыр, санға сенем бе, саған сенен бе деп көз қылып айтады да, орыс тілді баспасөзге жығыла кетеді. Себебі, орыс баспасөзі оның көзін ашып көргені, ауыз ашып өпкені. Әлемді сол баспасөздің айнасы арқылы ғана таниды. Ол не айтса да жөн. Орыс баспасөзі қазақ шенеунігіне әке-шешең сенікі емес десе де сеніп, ата-анасынан бас тартуға бар. Ал, мұның қасында мемлекеттік мүдде, ақпараттық саясат деген не тәйірі... Бізде қазақ баспасөзін тұқыртқысы келетіндердің ішінде өзіміздің кейбір «жаңашыл» әріптестеріміз де жүреді. Олар да рейтингіге сенеді. Соны алға тартады. Ал, рейтинг дегеніңіз, қаражаты қамсыз, ықпалды ақпараттық-саяси топтың ыңғайына, қалауына қарай түзіле беретінін ол шіркін сезбейді... Бәсеке туралы айтқанда, қаржының тапшылығынан көз ашпай келе жатқан қазақ баспасөзінен басқалар секілді басыңнан асып неге секірмейсің деумен бірдей.
Түйін
Бұл айтылғандар, ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің тереңде жатқан бір парасы ғана. Бұдан шығатын қорытынды, билік сайлаудан кейінгі ауыс-түйіс кезінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне жете мән беріп, бірқатар шешімдерді қайта қарап, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі керек деп есептейміз. Біздіңше, әуелі, ақпарат саласы жеке министрлік болып шығуы шарт. Екіншіден, түп иесі – шетел азаматы болып отырған ақпарат құралдарының мемлекеттік бюджеттен қаржы алуына тыйым салу; Қазақстан ақпарат нарығынан жарнама тартқан жағдайда, салық мөлшерін өсіру; Баспасөздегі тілдік норманы өзгертіп, жалпыхалықтық санақ дерегі көрсеткен санға негіздеу қажет; орыс тілді баспасөзде мемлекеттік тілде ақпарат таратуды қатаңдатып, қазақ тілін аударма тіл түрінде ғана қолдануды шектеу, толыққанда қазақ тілді қосымша редакция жасақталуын талап ету; бюджет қаржысын бөлуде рейтинг емес, ақпараттық құралдың мемлекеттік тілде ақпарат таратуына, мемлекеттік мүддені қорғауы мен ұлттық қауіпсіздік мәселесін ұдайы көтергенін есепке алу. Мінекей, жалпы айтқанда осы сынды мәселелерді күн тәртібіне шығару кезек күттірмейтін мәселе. Олай болмағанда, күні ертең, көзді ашып-жұмғанша Қазақстандағы рейтингі жоғары орыс тілді баспасөз мемлекеттің құрылымына, Тәуелсіздікке зор қатер төндіретін күшке айналып шықпасына ешкім кепілдік бермейді. Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, алыс-жақын елдердегі жағдайларды есепке алса да жетіп жатыр.
Нұра Матай,
Abai kz
(Ықшамдалып, тақырып өзгертілді)