Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық тағайындау жүргізілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенат Төрағасының орынбасары сайланып, жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметінің өңірлердегі басшылары жаңа қызметтеріне кірісті.
Мұнан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы аумақтық департаменттерінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшылары тағайындалды.
ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары
Сонымен, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Марат Өсіпов Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Бұған дейін Марат Сапарұлы Алматы қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы болды. Сондай-ақ, ол ҰҚК орталық аппараты конституциялық құрылымды қорғау жөніндегі департаменттің жетекшісі болып қызмет атқарды.
Сенат төрағасының орынбасары
Ал парламент сенатының жалпы отырысында сенатор Сергей Громов сенат төрағасының орынбасары қызметіне сайланды.
Громов 1959 жылы 6 қаңтар айында туған, ұлты орыс. Білімі жоғары. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын, Алматының политология және басқару институтын, «Аулие-Ата» университетін бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты.
Әр жылдары: ассистент, оқытушы, Институттың комсомол хатшысы райкомның бірінші хатшысы, совхоз парткомының хатшысы, бас директор, аудан әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігінің инспекторы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратының жетекшісі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партия төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы, Қазақстанның Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс атқарған.
Мемлекеттік қызмет істері вице-министрі
Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері вице-министр лауазымдарына Айгүл Шайымова және Инна Ахметовалар тағайындалды
Шайымова 1979 жылғы 12 қаңтарда дүниеге келген. Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-ді, Қаржы полициясы академиясын бітірген. Осы уақытқа дейін еліміздің қаржы полициясында жұмс істеген.
Аталған ведомствоның құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық байланыс басқармасының кіші инспекторы, инспекторы, аға инспекторы, аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы болған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы қызметін атқарған.
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстанның Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, сондай-ақ қаржы полициясы және прокуратура органдарының ведомстволық медальдарымен наградталған.
Алматы қаласында 1974 жылы дүниеге келген Инна Ахметова Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикаоық университетін бітірген. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Алматы қаласы Жетісу аудандық әкімдігінде жұмыс істеген. 1999 жылы президент әкімшілігіне ауысып, аға референт, консультант, мемлекеттік-құқық бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болған.
Шығыс Қазақстанда экономика саласына жетекшілік жасайтын облыс әкімнің орынбасары
Шығыс Қазақстанда экономика саласына жетекшілік жасайтын облыс әкімнің орынбасары болып Қуат Тұмабаев тағайындалды. Ол осыған дейін ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарған.
Тұмабаев 1980 жылдың 30 қазанында Семей қаласында дүниеге келген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің инвестициялық саясат және жоспарлау департаментіндегі бюджеттік инвестицияларды жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары, Экономикалық даму және сауда министрлігінің Аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары, Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің директоры болып жұмыс атқарған.
ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы
ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы болып Владимир Беккер тағайындалды. Азаматтық қорғау полковнигі В.Беккер 1965 жылғы 18 қарашада Семей облысы Үржар ауданының Благодатное ауылында туған. Алматы жоғары техникалық училищесін, Шығыс Қазақстан облысы өңірлік университетін бітірген.
Азаматтық қорғау саласында 1986 жылдың қазан айынан бастап қызмет атқарады. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары болған.
Ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «Төтенше жағдайлар органдарының ардагері», «Өрт сөндіру қызметінің үздігі» төсбелгілерімен, «Төтенше жағдайлар органдарының құрметті қызметкері» орденімен марапатталған.
Қатонқарағай ауданының әкімі
ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің бұйрығымен Қатонқарағай ауданының әкімі болып Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы тағайындалды. Нұрғожин 1966 жылы ШҚО Бесқарағай ауданында туған. Аудан әкімі болып тағайындалғанға дейін ол ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметінде болды.
Гулбокое ауданының әкімі
Осы облысқа қарасты Гулбокое ауданына 1959 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында дүниеге келген Қалихан Байғонұсов әкім болып келді. Ол Өскемен қалалық жол-құрылысы институтын, Мәскеу қаласындағы Замануи гуманитарлық институтын бітірген.
1998-2001 жылдары Катонқарағай ауданының Белов ауылдық округінде әкім болып жұмыс істеді. 2007-2011 жылдар аралығында Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болса, кейіннен Бесқарағай ауданына әкім болып тағайындалды.
2013 жылдың шілде айынан 2014 жылдың шілдесіне дейін ШҚО табиғат ресурстарын пайдалану және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарған. 2014 жылдың шілде айынан Катонқарағай ауданына әкім болған еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро төрағасының орынбасарлары
Үкімет қаулысына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро төрағасының орынбасарлары болып, Алик Шпекбаев пен Талғат Татубаев тағайындалды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарындағы кадрлық саясат мәселелері жөніндегі президент жанындағы комиссия мен премьер-министрі облыстар, Астана мен Алматы қалалары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро аумақтық департаменттерінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшыларын тағайындауды келісті.
Аумақтық бөлімшелер басшылары
Сонымен мынадай аумақтық бөлімшелер басшылары тағайындалды: Астана қаласы бойынша – Әзбергенов Дулат Байдалыұлы; Алматы қаласы бойынша – Өтеев Шаттық; Ақмола облысы бойынша – Исақов Нұржан; Ақтөбе облысы бойынша – Сунтаев Қайрат; Алматы облысы бойынша – Потанин Сергей; Атырау облысы бойынша – Ахметжанов Марат ; Шығыс Қазақстан облысы бойынша – Досанов Ғалымбек; Жамбыл облысы бойынша – Қожабаев Мақсат; Батыс Қазақстан облысы бойынша – Әшірбаев Әділхан; Қарағанды облысы бойынша – Ибраимов Ержан; Қостанай облысы бойынша – Усенов Данияр; Қызылорда облысы бойынша – Қарымсақов Мұрат; Маңғыстау облысы бойынша – Нәлібаев Мақсұт; Павлодар облысы бойынша – Шакенов Денис; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – Қабдула Шыңғыс; Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша – Ахметов Мұрат.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы
Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың өкімімен және облыс мәслихаты депутаттарының келісімімен жергілікті полиция қызметінің басшысы болып полиция полковнигі Дулат Қазақпаев тағайындалды.
Қазақпаев 1962 жылы ШҚО Жарма ауданында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1983 жылдан бастап жұмыс істейді. 1996 жылдан 2013 жыл аралығында Бесқарағай ауданы ІІБ бастығының орынбасары, ШҚО Ішкі істер департаменті Әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. 2013 жылдан бастап, ШҚО Аягөз ауданы ішкі істер бөлімі бастығы болған.
Полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов Алматы қаласы ІІД-ің жаңадан құрылған Жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Алматы қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып келген болатын.
Подполковник Байкенов өзінің ішкі істер саласындағы мансап жолын 2004 жылы Алмалы аудандық ІІБ қарасты учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметінен бастаған. 2007 жылдан бері қаланың әр түрлі аудандарында қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелерін басқарып келді. Сондай-ақ, метрополитендегі ІІБ бастығының орынбасары және Түркісіб ауданының ІІБ бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Атырауда өңір ІІД жергілікті полиция басшысы
Атырауда өңір ІІД жергілікті полиция басшысы қызметіне Нұрым Оразбаев тағайындалды. 50 жастағы Н.Оразбаев құқық қорғау органдарында 1986 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Еңбек жолын Атырау қаласы ІІБ учаскелік инспекторы болып бастады. Білімі жоғары – ІІМ Алматы жоғары мектебін бітірген. 2008 жылдан бері Атырау облысы ІІД бастығының орынбасары болған еді.
Қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшылығы
Орал қалалық мәслихатының кезекті сессиясында қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшылығына осы кезге дейін БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының бастығы қызметін атқарған Мүсілім Жәрдемовтің кандидатурасы ұсынылып, ол депутаттар тарапынан толық қолдау тапты.
Полиция подполковнигі Мүсілім Ғилманұлы 1974 жылы көршілес Саратов облысы Озинки ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1996 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан ол учаскелік инспектордан бастап қызмет баспалдағымен өрлей отырып, 2013 жылғы мамырда БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары, 2014 жылдың шілдесінен басқарма бастығы болып тағайындалған.
Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универститетін 2008 жылы заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Сол секілді осыған дейін Орал қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полициясы бөлімшесі қоғамдық тәртіпті күзету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшесінің бастығы қызметін атқарған полиция аға лейтенанты Берік Тілеулиев қалаға қарасты Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалды.
«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы
Белгілі қаржыгер, экономист, ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы Әнуар Сәйденов «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол бұған дейін «БТА Банк» банкінің төрағасы, «Bank RBK» АҚ тәуелсіз директоры қызметтерін атқарған.