Шымкенттік жас жұбайлар үйлену тойында 300 табақ палауды тегін таратты
2015 ж. 16 желтоқсан
1741
0
Шымкентте жас жұбайлар тойдағы серуеннің орнына ерекше акция ұйымдастырды.
Еркебұлан мен Дария есімді ғашықтар көпшілікке тегін ас таратты. Аспаз әзірлеген тамақтан қариялар, аз қамтылған отбасы мүшелері мен студенттер дәм тартқан.
Қала тұрғындары үшін 300 табақ палау таратылған. Бұл – қаладағы алғашқы қайрымдылық шарасы емес. Осының алдында әлеуметтік желілерде Мейірман мен Сәния есімді жас отау иелерінің балаларға дастарқан жайып, қайырымдылық көрсеткені қызу талқыға салынған еді.
Жас отау иелері өмір жолдарын көпшіліктің батасын алып, игі істермен бастау шаңырақтарының биік, бір-біріне деген махаббаттарының бекем болуына сеп болады дейді.
“Қазіргі жастар үйленген кезде қыдырысқа, түнгі клубтарға көп ақша жібереді. Қаржыны оған жаратқанша, тұрғындарға берген өте дұрыс деп ойлаймын. Өзіміздің қазақы ата-бабалар тәрбиесінде қалайық, бір-бірімізге мейірімді болайық”, – дейді жас отау иесі Еркебұлан Жолдасов.
Дереккөз: 24.kz