Азат Перуашев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
2015 ж. 15 желтоқсан
2908
1
Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті қайраткерлері, өндіріс, бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері бар.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын экономикалық дамытудағы және өндірістік қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Восточный» разрезінің механигі Р.Б.Әміреновке, Тараз қаласының «Қазфосфат» ЖШС бас директоры М.З.Искандировке, Қостанай облысының «Алтынсарино» ЖШС директоры Б.П.Князевқа берілді.
«Отан» орденімен Шығыс Қазақстан облысының «Камышинское-2» ЖШС директоры В.И.Акулов, жазушы Ә.Ө.Әшімов және сазгер Е.Ө.Хасанғалиев, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.З.Нығматулин және Қызылорда облысының әкімі Қ.Е.Көшербаев, І дәрежелі «Барыс» орденімен - Парламент Сенатының депутаты М.Қ.Алтынбаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен - Парламент Мәжілісінің депутаты А.Т.Перуашев, «Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» РМК ректоры Е.Б.Сыдықов, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен - «Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры Ш.Қ.Абилов, «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті» РММ профессоры А.А.Айталы, Қызылорда облысының «Жаңажол» ЖШС директоры Қ.Әбішев, «Орта Азия электро-энергетикалық корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.Я.Клебанов, «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы» кәсіподақтар республикалық бірлестігінің төрағасы Ә.Қ.Құсайынов, Шығыс Қазақстан облысының «Агрофирма «Приречное» ЖШС директоры М.Тұмабаев және басқалар марапатталды.
Бір топ белгілі ғалымдар мен мәдениет, білім қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбегі «Парасат» орденімен атап өтілді, олардың арасында әнші Н.М.Абдуллин, «Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры» РМҚК әртісі Л.Т.Кәден, «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Катсу Шигео, академик Ө.Қ.Мәдиев, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМҚК әртісі Р.Ә.Машурова, Алматы облысының «Хильниченко және К» КС төрағасы В.П.Хильниченко, продюсер Қ.К.Шалабаев, «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ бас директоры З.Р.Шибкенов бар.
ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Қазақстан театр қайраткерлері одағы» РҚБ төралқасының төрағасы Т.Қ.Жаманқұлов, «Корё» Жамбыл облысының корейлер қауымдастығы» ҚБ президенті Л.А.Кан, «Қазақстандық дүнгендер қоғамдастығы» ҚБ басқарма мүшесі Ш.Х.Хахазов және басқалар ие болды.
«Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында Алматы облысының «Қапшағайауырқұрылыс» АҚ бас директоры М.Айсауытов, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» РМК кафедра меңгерушісі Ю.В.Архипов, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» РМК ойма шебері Е.Т.Ахметов, Оңтүстік Қазақстан облысы «Бірінші мамыр» жалпы орта мектебі» КММ директоры П.Аюбаев, «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС аға ғылыми қызметкері А.Н.Гарькавец, «Әлеуметтік әріптестік орталығы» КҚ бас директоры Н.К.Ерімбетов, «Маңғыстау облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ төрайымы С.Б.Жақаева, Ақмола облысы «Ізбасаров және К» ЖШС директоры Б.Қ.Ізбасаров, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК техник-балық өсірушісі Г.С.Ихсан, «Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры» МКҚК әртісі А.Н.Кенжебекова, ақын Ө.Н.Күмісбаев, «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Ш.У.Нурумов, Алматы қаласы «Белорус мәдени орталығы» РҚБ төрағасы Л.Н.Питаленко, Астана қаласы «Оңтүстік» ақпарат-логистика орталығы» - «Қазпошта» АҚ филиалының жолсерік-электр жөндеушісі С.П.Русанов, «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеулер институты» РМК бас консультанты А.Ж.Рысмендиев, «Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрадалық-цирк колледжі» РМҚК директоры Ж.Сейдуллаұлы, «Простор» журналының редакторы Л.К.Шашкова бар.
«Еңбек Даңқы» орденінің алғашқы иегерлері болып өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 52 жұмысшысы мен еңбеккері атанды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет және әлеуметтік саланың 50 көрнекті өкіліне берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 326 адам наградталды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Наградталғандардың тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.
akorda.kz