БИЫЛ ЖЕМҚОРЛАР САНЫ КӨБЕЙДІ
2015 ж. 22 қараша
2787
1
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашу деңгейі өсіп келеді. Бұл туралы ТМД елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекетаралық кеңесінің отырысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.
«Прокурорлардың үйлестіруімен Қазақстанның құқық қорғау органдарымен мемлекеттік басқару және қоғам өмірінің барлық салаларында жемқорлыққа қарсы күрестің кешенді шаралары жүргізілуде. Биылғы жылы 3088 жемқорлық қылмысы тіркелді, өсім 49 пайызды құрап отыр. Жыл сайын олардың саны артуда, бұл құқық қорғау органдарының ымырасыз ұстанымының арқасында. Осы қылмыстар бойынша мемлекетке келген жалпы шығын 8 млрд. теңгені құраған, қазіргі уақытта оның жартысы мемлекет пайдасына алынды. Биылғы жылдың 10 айында жемқорлыққа барған 1 мыңнан астам тұлға сотталды. ТМД елдеріндегі әріптестермен ақпарат алмасу бағытында тығыз қарым-қатынас жасау барысында бұл жұмыс едәуір тиімді бола түседі деп сенемін», - деді А.Дауылбаев. «Біздің мемлекет ТМД елдері ішінде алғаш болып жемқорлыққа қарсы күрестің салалық құжатын қабылдады. Сонымен қатар, негізінен қылмыстың алдын алуға бағытталған жаңа заң қабылдануға жақын», – деді Бас прокурор.
Бас прокурордың ұсынған мәліметіне ешкім шек келтірмесі белгілі. Құзырлы орындардың қимылы ширай түскені байқалады. Бірақ біздің басты мақсатымыз – қылмысты болдырмау, яғни, оның алдын алу емес пе? Ол үшін салалық министрліктер, жергілікті әкімдіктер және жалпы қоғам болып күресуді қолға алғанымыз ұтымды болар еді. Бір ғана құқық қорғау орындарының қимылы түпкілікті нәтиже бермейтінін көп жылдарғы тәжірибеміз көрсетті емес пе?
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті