Денсаулық сақтау министрі баспасөз хатшысының қылығынан ұялып, журналистерден кешірім сұрады
2015 ж. 06 қараша
2936
0
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова журналистерден кешірім сұрады. Сенатқа таныстыруға әкелген заң жобасы үшін емес, өзінің баспасөз хатшысының дөрекелігі үшін осындай қадамға барды деп хабарлайды 31 арна.
Жақсы-ақ басталған күн еді. Журналистер сенаторлар талқыға салған еңбек кодексінің жаңа жобасына қатысты сұрақтарын дайындап, министрді күтіп тұрған болатын. Алайда Тамара Дүйсенованың баспасөз хатшысы “министрді мазаламаңдар, орынбасары береді” деп қатаң ескерту жасап, бәрін бүлдірді.
Шенеунік пен тілшілердің арасында алтын көпір болады деген азаматтан мұндайды күтпесе керек, журналистер үрпиісіп қалды. Баспасөз хатшысы “министр асығыс” деп қызғыштай қорыған Тамара Дүйсенова керісінше барлық сұраққа жауап беруге дайынмын деп арнайы тоқтады. Тілшілер де бірден қызметкерінің дөрекелігін бетіне басты.
Осылайша журналистердің өкпесін таратқаннан кейін министр заң жобасына тоқталды. Бәрін толғандырған басты мәселе – артық жұмыс уақыты үшін жалақыға қосымша ақы төлеу туралы болды.
“Жұмыс берушінің 1,25 пайыз төлейді ме жұмыс есебіне, жоқ 2 есе төлейді ме, жоқ 3 есе төлейді ме – оны кәсіподақ ұйымы мен жұмыс берушінің өзі шешуі керек жұмысшымен бірге. Егер де мен оны қаламайтын болсам, заңды түрде бас тарта аламын. Ол үшін жұмыстан шығара алмайды”, – дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.