Апатқа ұшыраған Airbus A321 ұшағына бомба жасырылған болуы мүмкін
2015 ж. 05 қараша
2184
0
5 қараша
Кей дереккөздер Египеттің Синай түбегінде Ресей жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына “Ислам мемлекеті” экстремистік ұйымы содырларының ұшақ бортына жасырған бомбасы себеп болуы мүмкін екенін жазуда.
Бұл туралы АҚШ пен Еуропа Одағының (ЕО) арнайы қызметтеріндегі дереккөздер мәлімдеді. “Ұшақтың жүк салатын бөлігіне немесе бортта бомба жасырылған деген күдік бар” деген АҚШ билігінің өкілі CNN-ге берген сұхбатында. Оның сөзінше, мұндай тұжырым жасауға қолға түскен байланыс деректері себеп болған. Егер бұл болжам расталса, онда ол ИМ-нің жолаушылар ұшағына жасаған алғашқы шабуылы ретінде танылмақ. Бірақ барлау қызметтеріндегі дереккөздер шабуыл жасауға ИМ-нің Раккадағы жетекшілері бұйрық берді дегенге сенбейді. Арнайы қызмет шабуылды Синай түбегіндегі ИМ-мен байланысы бар, бірақ дербес әрекет ететін топ жасаған болуы мүмкін деп болжайды. Содырлар түбектің солтүстік бөлігінде біраз уақыттан бері күрес жүргізіп келеді және топ шабуылдарынан жүздеген сарбаз бен полицей қаза тапқан. Ресейдің “Когалымавиа” компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы апат болғаннан бері ИМ жақтастары ұшақты өздері жарғанын айтады. Соңғы деректер бойынша, ұшақ әуеде, шамамен тоғыз километр қашықтықта жарылған. Апаттан борттағы 224 адам түгел қаза тапты.Дереккөз: Азаттық