Атышулы Сара Нұрқатованың келіні де лауазымды қызметке даладан келмегенін айтып, ақталуда
2015 ж. 26 қазан
1876
0
“Мен біріншіден жеке тұлғамын, өз ата-анамның қызымын, содан кейін ғана Сара Нұрқатованың келінімін. Ақтөбе қаласында тұрып жатқаныма үш жылдай уақыт болды. Бірақ соңғы кездері адамдардың шу көтеріп, ауыздарына келгенін айтқанынан көңілім қалды” – дейді Алуа Қасымова.
Биыл 1 қазан күні Алуа Қасымова жастар ісі жөніндегі Ақтөбе облыстық басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды. Осыған дейін аталмыш басқармада бөлім басқарған.
Максим Чаркинге (Сара Нұрқатованың ұлы) ұзатылғанға дейін Астанада Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін “Аймақтану” мамандығы, президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын “Халықаралық қатынастар” мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал мемлекеттік қызметке 2007 жылы келген.
“Мен бұл қызметке даладан келген жоқпын. Ата-анам да мемлекеттік қызметкерлер. Егер бала ата-анасына ұқсағысы келсе, ол жаман ба?! Мен қазақы тәрбие алып, ата-әжемнің қолында өскенмін. Сондықтан да қай кезде де ең алдымен отбасымның тыныштығы қымбат”-дейді жастар ісі жөніндегі басқарма басшысының орынбасары.
Еске сала кетер болсақ, 14 қазан күні Астанада өткен жиында “Нұр Отан” партиясының өкілдері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарын сынға алған болатын.
“Балаларын өз қоластындағы екі басқармаға лауазымды қызметке қойған” шенеуніктің әрекетін Қайырбек Сүлейменов “мемлекеттік қызмет туралы заңды бұзу” деп те атады.
Осыған орай ертеңіне жергілікті журналистерге сұқбат берген Сара Нұрқатова балаларының лауазымды қызметке адал еңбегімен жеткенін айтты.