Жалдамалы директор шындықты жасырмады
2015 ж. 23 қазан
2188
0
«Ахметовтің ісі» бойынша сотқа куәгер ретінде шақырылған «Центрстрой-комплект НС» (бұдан әрі қысқаша – «ЦСК НС») ЖШС-нің бұрынғы директоры Еркін Асанов Қарағанды индустриалдық паркіндегі нысанның құрылысын бір мердігерден екіншісіне беруді, осы іске бөгде адамдарды тартуды айыпталушы Әлжан Ақмолдаевтың ұйымдастырғанын айтты. 2015 жылға дейін «ЦСК НС» ЖШС-нің формальды құрылтайшысы болып келген Е. Асанов 2008 жылы К. Мейрамбековтің өтінішімен аталған фирманың үлесін иеленеді. Себебі «ЦСК НС» ЖШС-і К. Мейрамбековке тиесілі Қазақстандық өнеркәсіптік корпорацияның құрамына кірген. Ал осы корпорацияның компаниялар тобына кірген кәсіпорындарды толығымен Ә. Ақмолдаев бақылауында ұстаған.
«Мен «ЦСК НС» фирмасының жалдамалы директоры болдым. Ал тікелей бастығым Ә. Ақмолдаев болатын. Себебі ол кәсіпорынның атқаратын жұмысын белгілеп, мердігерлік келісім-шарттарға өзі келісетін. 2011 жылдың көктемінде Қарағанды қаласының индустриалдық паркінің инфрақұрылымын салу бойынша «ЦСК НС» «ҚазГерҚұрылыс» ЖШС-мен қосалқы мердігерлікке келісім-шартқа отырғанын естіп-білдім. Мұндай келісім-шарттың жасалғанын маған Ә. Ақмолдаев телефон арқылы хабарлады. Сөйтіп, 2011 жылдың 18 мамырында екі кәсіпорынның арасында жалпы құны 5 млрд. 140 млн. теңгені құрайтын қосалқы мердігерлік келісім-шарты жасалды. Көп ұзамай индустриалдық парктегі нысандардың құрылысы басталып кетті»,- деп әңгімеледі Е. Асанов.
Куәгердің айтуына қарағанда, «ЦСК НС» компаниясы басқа нысандардың құрылысын бастағанымен, шаруашылық-тұрмыстық суағарлар станциясының құрылысына ұзақ уақыт кіріспеген. Соңғы нысан құрылысының жобасын зерттеу барысында оған чех қондырғысын қолдануды қарастыратын «EKO Bulding Technology» компаниясының жобасы ұсынылғанын көреді. Алайда бұл беймәлім технологияның өміршеңдігіне күмәнмен қарайды. 2012 жылдың көктемінде оған хабарласқан Ә. Ақмолдаев шаруашылық-тұрмыстық суағарлар станциясын салмайтынын ескертеді. Ол аталған нысанның құрылысын басқа бір қосалқы мердігер компания жүзеге асыратынын хабарлайды.
Бұдан кейін «ЦСК НС» пен «Eco-treatment systems» ЖШС-і (оның қожайыны Думан Нұрбаев) арасында келісім-шарт жасалады. Құрылысқа қондырғыны жеткізу үшін «MGN Grand NS» сауда үйі» ЖШС-мен де келісім-шартқа қол қойылады. Одан әрідегі оқиғалар тізбегін куәгер былай жеткізді: «Д. Нұрбаев істі толығымен аяқтайтынын айтты. Келісім-шарт жасалғаннан кейін, шамамен 2012 жылдың жазында олар нысанның құрылысына кірісті. Бірақ де екі-үш айдай жұмыс істеп, тастап кетті. Алғашында мен «Eco-treatment systems»-тің бұл істі әрі сапалы, әрі мерзімінде аяқтайтынына күмәнмен қарадым. Себебі олардың құрылыста тәжірибесі мен білікті мамандарының жоғына көз жеткіздім. Бұл пікірімді Ақмолдаевқа айтқаныммен ол қарсылық білдіріп: «Сен ол жерге араласпа! Олар бәрін өздері жасайды. Қондырғыны да орнатады. Жұмыс толығымен аяқталған соң, жұмыс комиссиясына мүше боласың. Ал қазір басқа шаруаларыңмен айналыс!» деді. Одан кейін бас мердігер «ҚазГерҚұрылыс» пен Индустриалдық парк басшылығы бірнеше мәрте жиналыс өткізді. Бірақ мен оған қатысқан жоқпын».
Е. Асанов сотқа берген жауабында нысанның құрылысы бойынша техникалық бақылау қызметін ғана атқарғанын айтты. Куәгердің сөзінше, жоғарыдағы екі компаниямен жасалған келісім-шарттардың талаптарын, мәнін және құнын Ә. Ақмолдаев өзі белгілеген. Қазір сотталушылар орындығында отырған Қазақстандық өнеркәсіптік корпорацияның бас директорының экс-орынбасары Е. Асановқа нұсқау беріп, «Eco-treatment systems»-тің атқарған жұмыстарының құнын есептеп, индустриалдық парктегі істелген жұмыстардың актісін солардың атына тіркетеді. Осыған орай, тиісті актілер дайындалып, сол құжат бойынша «ЦСК НС» «Eco-treatment systems»-ке ірі көлемде ақша аударады. Айтарлығы, ол ақша сметалық құжат бойынша емес, келісілген баға бойынша аударылған.
Әмина БӘКІР
qazaquni.kz