Назарбаев қызылордалық диқандарды күріштің рекордтық көрсеткішімен құттықтады
2015 ж. 20 қазан
3099
1
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл күрішті рекордтық көлемде жинаған Қызылoрда облысының диқандарын құттықтады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Күріш Қызылорданың ең негізгі дақылы болып саналады. Биыл әр гектарынан 50 центнерден артық күріш алынды. Кеңес одағы кезінде бұндай болған емес», – деп келтіреді сейсенбіде Ақорда сайты Назарбаевтың сөзін.
Елбасы Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытындысы жөнінде БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның барлық өңірлері сияқты Қызылорда облысы да өсіп-өркендеп жатқанына тоқталды.
«Өңірде мемлекеттік бағдарламалар табысты жүзеге асырылуда. Индустрияландыру аясында облыста бүкіл Қазақстанды өніммен қамтамасыз ететін әйнек зауыты салынды. Қызылорда облысының аумағымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы, сондай-ақ еліміздің негізгі теміржол желісі өтеді. Қаланың ажары көркейіп, саябақтары көбейді, Сырдың сол жағалауына шығатын көпір құрылысы жүргізілуде. Тұрғын үйлер, балабақша, мектеп, аурухана және жолдар салынуда. Мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық жағдайды жасап жатыр», – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы елдің әл-ауқатының артуы, өңірдің гүлденуі тікелей еңбекпен байланысты екенін айтты. Осы орайда, тұзды жерде орман өсіріп жатқан азаматтардың еңбегі елеулі екенін де атап өтті.
Қазақстан президенті соңында қызылордалықтарға бақ-береке және игілік тіледі.
Бұған дейін мемлекет басшысына 2000 жылдан бері қаланы көгалдандырумен айналысатын шаруашылық жұмысының жай-күйі таныстырылды. Шаруашылық иелігіндегі 18,7 гектар аумақта жапырақты, қылқан жапырақты, жеміс беретін және сәндік мақсаттағы 150 мың декоративтік ағаш, сондай-ақ бұталар өсіріледі.
«Сонымен қатар шаруашылық қызметкерлері ағаштың жергілікті климат жағдайына бейімделген жаңа түрлерін алу үшін селекциялық жұмыстар да жүргізеді. «Көксу» шаруашылығында сондай-ақ тәжірибелік мақсатпен аймақтың табиғатына бейімделмеген қарағай, шырша, арша, емен тәріздес ағаштарды жерсіндіру ісі де қолға алынған», – делінген президенттің баспасөз қызметінің хабарында.
Еске салсақ, Назарбаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары 19 қазанда басталды. Мемлекет басшысы «Жан-Арай» ЖШС-ның агроиндустриялық кешенінде болды, «Арай-2» шағын ауданындағы әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысын көрді, Қызылорда облыстық әкімдігі жанындағы Ахуалдық орталық қызметімен танысты.