Владимир Путин Қазақстанда тұңғыш атом электр станциясын салатындарын мәлімдеді
2015 ж. 19 қазан
3537
1
Ресей Қытаймен сауда-саттық жүргізу үшін Қазақстанның инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін пайдалануды көздейді. Нақтырақ айтсақ, Ресей Қазақстан арқылы Қытайға өтетін мұнай құбырлары мен Каспий теңізі бойымен Парсы шығанағына жол ашатын жаңа темір жол торабын пайдалануға ниетті.
Сондай-ақ, құрылысы аяқталуға жақын Еуропа мен Қытайдың батысын байланыстыратын дәліздің жайын сұрастырған сыңайлы. Ал қол қойылған құжаттардың бірі – Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін бөлісу жөніндегі құжат.
“Бұл келісім екі мемлекетке «Центральная» құрылымындағы үлкен көмірсутек кен орындарын өңдеуге мүмкіндік береді”, – деді Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президентінің кеңесшісі Юрий Ушаков – бұл келісім Каспийдің «Центральное» кен орнын барлау мен мұнай өндіруге 25 жылға жол ашады деген-ді.
Сонымен қатар Путин еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысын бастайтындарын ашық айтты. Бұған дейін жоба құрылысын Жапония немесе Қытайдың да жүргізулері мүмкін екені сөз болған. Демек, бұл мәселе бойынша шешім қабылданған. Ресей пайдасына. Бір «қызығы», бұл мәселе бір –ақ сөйлеммен айтылды. Және бір «қызығы», сапардың алдында Астана арнасы «Қазатомпром» компаниясының өкілдеріне «Росатом»-нан делегация келе ме, қандай да бір жаңалық бар ма? – деген сауал қойғанда, «жоқ, ешқандай жаңалық жоқ» деген. Ал Ресей президентімен келген делегация құрамында «Росатомның» басшысы Сергей Кириенко жүрді.
“2000 жылдан бері екі елдің энергия жүйесі синхронды дамып келеді. Ортақ электр энергиясы нарығын қалыптастыру жүйесі жасалып жатыр. Екібастұздағы ГРЭС-2 –ні реконструкциялау жобасы қарқынды жүзеге асып жатыр. Қазақстанда тұңғыш атом электрстанциясын салуға дайындалып отырмыз”, – деді Ресей басшысы.
Ал Бурабайдағы ең «қызық» оқиға миллиардер Болат Өтемұратов президент Нұрсұлтан Назарбаевпен селфи – суретке түспекші болып, сөйтіп жанына тұра қалып, Айфон телефонын алға созғаны. Мемлекет басшысы миллиардерді қолымен қағып, Өтемұратов мұратына жете алмай қалды.