ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНКТЕР БАЙЛЫҚҚА КЕНЕЛДІ
2015 ж. 13 қазан
2580
18
Отставкаға кетеді дегенмен, өзі ол туралы ойланбаған Қайрат Келімбетов доллардың қазіргі бағамына қанағат қылуға кеңес берді. АҚШ валютасы құнының 270 теңгеге тұрақтауы Ұлттық банк төрағасының пікірінше үлкен жеңіс екен.
Мәжіліске екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық банктің жұмысына қатысты заң жобасын алып келген, қоғамда жағымсыз тұлғаға айналып үлгерген бас банкирді депутаттар көп ұстаған жоқ. Құжатты екінші оқылымда дереу мақұлдап берді. Есесіне, оның орнын қаумалаған журналистер толықтырды.
Бас банкир Қазақстанның экономикасы экспортқа тәуелді болғандықтан доллардан түбегейлі бас тарта алмайтынымызды тағы айтты. Және жыл соңына дейін жұрт АҚШ ақшасынан тапшылық көрмейді екен. Бірақ, Келімбетов көпшілікке қорды ұлттық валютада сақтауға кеңес берді. Өзі де жиған-тергенін теңгемен ұстайды екен.
Ал экономикалық сарапшылар Ұлт-тық банктің саясатымен толық келіспей отыр. Олардың ойынша, төл теңгенің девальвациясы мен АҚШ валютасының еркін айналымға жіберілуі қатар жасалмауы тиіс еді. Енді молынан ағылған импорт және құнсызданып жатқан теңгемен инфляцияны бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес екен. Ұлттық банктың қор биржасындағы саудаға қатысып, күн сайын мемлекеттің миллиардтарын жұмсауы да бекер әурешілік дейді олар. Тек соңғы 20 күн ішінде еліміздің бас қаржы ұйымы, бағаны қалайда ұстаймыз деген желеумен 1 млрд. 400 млн. долларды биржада сатып жіберіпті.
Теңге еркін айналымға кеткелі, шекесі шылқып байыған тек банктер екен. Ranking.kz порталының мәліметінше, екінші деңгейлі банктердің активі 20 триллион теңгеге жеткен. Бұл бұрын-соңды болмаған деңгей. Яғни, отандық 35 банктің 33-і пайдаға кенелген. Триллионер банктердің көшін Казком бастап тұр. Бір ай ішінде қаржы оның активі 436 жарым миллиардқа өсіпті. Халық банкі 426,9 млрд. теңге пайда тапқан. Үздік үштіктегі Сбербанк тамыз айында 198,4 млдр. теңгені қоржынына салған. Бір сөзбен айтқанда, еркіндік алған теңге емес, девальвация арқылы байыған екінші деңгейдегі банктер болып отыр. Олардың ашкөз, қанағатсыз иелері кімдер? Кімді алдап, кімнің есебінен шайшелпекке кенелді? Бұл сұрақтар ешкімді мазаламайды...
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті