“Ұлтаралық араздықты қоздырды” деген айыппен екі қоғамдық белсенді қамауға алынды
2015 ж. 13 қазан
2140
0
Фейсбуктағы таралған фото
Ермек Нарымбаевтың әйелі Зоя Нарымбаеваның Азаттыққа айтуынша, 12 қазан күні түстен кейін бір топ полицей күйеуі жұмыс істейтін кеңсені, одан соң үйін тінтіп, артынан өзін ұстап әкеткен.
“Полиция кеңседен ноутбуктерді, үйден ноутбук пен модемді тәркілеп, өзін тергеуге әкетті. Ермекке қылмыстық кодекстің 174 бабының 1 тармағы бойынша “ұлтаралық араздықты қоздырды” деген айып тағыпты”, – дейді Зоя Нарымбаева.
Ал Серікжан Мәмбеталиннің анасы Анастасия Кубиевна да 12 қазан күні бір топ полицей үйін тінтіп, ұлын ұстап әкеткенін және үйінен компьютерлерін тәркілегенін айтты.
“Серікжанды кешке қарай қалалық ішкі істер департаментіне әкеткен. Бірер сағаттан соң маған телефон шалып, өзін 72 сағатқа қамап тастағанын айтты”, – деді Анастасия Кубиевна.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері белсенділердің ұсталғанына қатысты телефонмен ақпарат бере алмайтынын айтып, мәлімет алу үшін жазбаша сауал жолдауды сұрады.