ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫН ҰЛЫҚТАДЫ
2015 ж. 11 қазан
6752
0
ТАРАЗ ТӨРІНДЕГІ ТАҒЫЛЫМ
Тарихи маңызы зор бұл шараның Тараз қаласында өткізілуі де тегін емес-ті. Дүниенің төрт бұрышын жалғастырған Ұлы Жібек жолы үстінде орналасқан көне қала Тараз талай тарихтың тірі куәгері. Керей мен Жәнібек хандар басқа емес, дәп осы Шу өзені өңіріне келіп шатырын тігіп, Қазақ хандығының қара шаңырағын көтерген. Бүгінгі заман талабына сай жан-жақты дамып келе жатқан Жамбыл облысы еліміздегі ең байырғы аймақтардың бірегейі. Көне Тараз да адам танымастай өзгерген. Бүгінгі мерекелік көңіл күй қаланың төрт бұрышын түгел қамтыған. Мереке Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи монументті ашумен басталды. Асқан шеберлікпен, тарихи мазмұны дәлдікпен берілген монументтің ашылу салтанатына Қазақстан республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып, шараға жиналған мыңдаған қазақстандықтар мен алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Құрметті отандастар! Қымбатты жамбылдықтар! Баршаңызды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын! Елордамыз Астанадан басталған ұлы той 2000 жылдық тарихы бар Таразда жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін өте керек. Біз кезінде өз тарихымыздан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз тереңнен екенін жастарға көрсетпесек, «Мәңгілік ел» идеясы орындалмайтын болады. Сондықтан көне тарихымызды жер-жерден іздестіруіміз керек. Жазып, жинап, насихаттауымыз қажет. Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Керей мен Жәнібек ту көтергенде, тарихта «Қазақ хандығы» құрылды. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз біздің тарихымыз терең екенін білуі керек. Соңғы кезде экономикалық қиындықтықтарға қарамастан осындай ескерткіш қойып отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы бүкіл халықтың мерекесі. Осы мерейтойға байланысты Тараз қаласының іші-сырты абаттандырылды. Бұған барлық қазақстандықтар атсалысты. Оларға алғыс айтуымыз керек. Осының бәрі біздің ұрпақтың ата-бабалардың аманатына адалдық пен Ұлы далаға деген тағзымымыздың көрінісі болып табылады. Осы тойға келген барлық ағайынға рақметімізді айтамыз. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қазақтың тарих қойнауынан өсіп келе жатқан ел екенін көрсетеді, – деді монументті салтанатты түрде ашқан Елбасы.
Айта кетсек, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің биіктігі – 30 метр. Монумент қаланың батыс бөлігіндегі «Тараз-Арена» Спорт сарайына қарама-қарсы орналасқан. Бұл алып кешенге Жәнібек пен Керей хандардың биіктігі 5 метрлік ескерткіш мүсіндері кіреді. Монумент маңындағы 3,5 гектар аумақ абаттандырылып, гүлзарлар жасалған.
Монументтің ашылуына жергілікті қауым, шетелдік қонақтармен бірге, белгілі зиялы қауым өкілдері де қатысты. Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Мекемтас Мырзахметұлы, Олжас Сүлейменов, Нұрлан Оразалин, Шөмішбай Сариев, Сәбит Досанов, Қазыбек Иса, т.б. елге белгілі азаматтар бар.
– Қазіргі қиын қыстау заманға қарамай, міне, осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойып отырмыз. Төле би бабамыз айтып кеткендей, «Бірлік болмаса, тірлік болмайды». Мына Қазақ хандығын неге біз атап өтіп жатырмыз?! Тарихымызға үңілетін болсақ, қазақтың тарихының барлығы – бірігу тарихы. Қазақ басын қосып біріккен кезде ешбір жауға берілмеген. Жеңіп шығып отырған. Қазақтың басы ыдырап, жан-жаққа бөлініп, ел-ел болып кеткен кезде жау келіп басып алған. Осы тәлімді біз еш уақытта ұмытпауымыз керек. Бірлігімізді ұстауымыз қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанды торқалы тойымен құттықтап, қуанышымызға ортақтасып, 17 мемлекеттен өкілдер Тараз қаласына арнайы келген екен. Елбасы сөзінде шаһардың келбеті көркейе түскенін де атап өтті. Биылдың өзінде облыста 170 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, жыл басынан бері 7 мектеп, 3 балабақша, ауруханалар пайдалануға берілген. Тараз қаласы арқылы Ұлы Жібек жолымен өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» даңғылы іске қосылып, бұл қала арқылы теміржол мен газ құбыры өтеді. Осының барлығы халықтың игілігі үшін жасалып жатыр деді Президент.
АҚЫНДАР ШЫҚТЫ АЙТЫСҚА
Қазақтың тойы айтыссыз өткен бе?.. Бұл айтулы мереке еліміздегі жыр дүлділдерімен қатар шетелден келген азулы айтыскерлердің басын қосты. «Мәңгілік ел» атауымен халықаралық ақындар айтысын ұйымдастырылып, барлығы 24 ақын өнерлерін ортаға салды.
Аламан жыр додасының ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Құрманғали сөз алып, ақындар мен жыр жанкүйерлерін еліміздің шоқтығы биік мерейтойымен құттықтады. Сөз жүйріктерінің өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында КСРО және Қазақстан халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, филология ғылымдарының докторы, профессор, публицист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашев, ЮНЕСКО профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Қазақстанның халық ақындары Қонысбай Әбілев, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековтар болды.
Бірінен бірі асып түскен ақындар Жәнібек пен Керей хандарының ел басқарудағы ерен еңбегі мен тұлғасын жан-жақты ашып, Елбасымыз бен мемлекетіміздің бүгінгі ұстанып отырған саясатын, Тәуелсіздік туы астындағы ел санасына «Мәңгілік Ел» идеясын сіңіру, батыр бабаларымыздың ерлік істерін, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің мәні мен бүгінгі таңдағы тарихи маңызын жарыса жырлады.
Екі күнге созылып, көрермендерін дән риза еткен жыр додасы өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы екі бірінші орынға Павлодар облысынан Аспанбек Шұғатаев пен Алматы облысынан Болатбек Оразбаев лайық деп тапты. Олардың әрқайсысына 2,5 млн. теңге көлеміндегі жүлде табысталды. Екінші орынды Астана қаласының ақыны Иранғайып Күзембаев жеңіп алып, 2 млн. теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды. Үшінші орынды астаналық Мейірбек Сұлтанхан мен қостанайлық Айбек Қалиев жеңіп алып, әрқайсысы 650 мың теңгені қоржындарына салды.
ТҰЛПАРЛАР ТҰЯҒЫНЫҢ ДҮБІРІ
Ат құлағында ойнаған қазақ атамыз тұлпар тұяғының дүбірін естімесе тұра алмағаны әлімсақтан белгілі. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Атшабар» ипподромында «Ұлы дала ойындары» атты аламан бәйге, топ бәйге және ұшқыр бәйге жарыстары өтті. Айтулы шараны Жамбыл облысының әкімдігі ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымтастығымен бірлесіп ұйымдастырды.
21 шақырымдық топ бәйгеде Әлинұр Назарбаевтың «Қозыкүрең» есімді сәйгүлігі өзгелерден қара үзіп, мәреге бірінші болып жетті. Ат иесі ұйымдастырушылар жүлдеге тіккен 5 миллион теңгені жеңіп алды. Алдыға тек «Қозыкүреңді» жіберген Шығыстың сәйгүлігі «Бонг» екінші орында келді. Ат иесі Мәлік Мусинге екінші орынға тиесілі үш миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді. Ал үздік үштікті жергілікті «Көгершін» есімді сәйгүлік қорытындылады. Ат иесі – Бекежан Ғалымжанұлы. Әлинұр Назарбаевтың жарысқа қосқан тағы бір сайгүлігі «Торы ат» алғашқы бестікке ілінді. «Ұлы дала ойындарының» көркін қыздырған аламан бәйгеде Болат Назарбаевтың сәйгүлігіне жетер ат болмады. Нәтижесінде бас жүлдеге тігілген 10 миллион теңгені қанжығасына байлады.
Аламан бәйгенің ұзақтығы 31 шақырымды құрады. Соңғы үшінші сайыс яғни ұшқыр бәйгеде Мақат Бақытбектің «Бәйтерек» есімді сәйгүлігі оза шапты. Ат иесі жүлдеге тігілген 3 миллион теңгені қалтасына басты. Ұшқыр бәйгенің ұзақтығы 2,4 шақырым болды. Тараз аймағын дүбірлеткен «Ұлы дала ойындарына» Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам сәйгүлік қатысты.
БІЗДІҢ БАЛУАНДАР БІРІНШІ ОРЫНДА
Қазақ хандығы 550 жылдығының мерейтойы аясында Қазақ күресінен өткен халықаралық додаға Грузия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия және Қазақстан құрамаларының балуандары қатысты. Турнирдің жалпы жүлде қоры 18 800 000 теңгені құрады.
Жамбасы жерге тимеген ата-бабалар дәстүрін жалғастырған Қазақстан құрамасының балуандары жарыс нәтижесінде бірінші орынға шықты. Ақтық сайыста 5:2 есебімен Өзбекстан командасынан басым түсіп, 9 400 000 теңгені қанжығасына байлады. Екінші орынға арналған 5 640 000 теңге Өзбекстан командасына бұйырды. Үшінші орынды Грузия командасы ұтып алды. Олардың жүлде сомасы – 3 760 000 теңге.
ҚЫТАЙДАН
КЕРУЕН КЕЛДІ
Тараздағы Төрткүл керуен сарайына қытайлық Сиань қаласынан Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай бір жылдай Ұлы Жібек жолы бойымен жүріп өткен экспедиция келіп жетті.
Бұл керуен 2014 жылғы қыркүйекте Сианьнан ежелгі сауда жолымен «Қытай – Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шай мәдениеті» достық және ынтымақтастық керуені Жібек жолының экономикалық белдеуін құру идеясын қолдау мақсатында жолға шыққан болатын. Керуен құрамында 55 түйе бар, бұл Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын білдіреді. Жүзден астам керуеншілер Таң әулеті дәуіріндегі киімдер киіп, күзетшілері ертедегі ұзын сапты найзалармен қаруланған. Керуен Шэньси провинциясында өсірілетін фуца емдік шайын әкелді.
Қашықтығы 7 мың шақырымнан асатын саяхатты ұйымдастырған Қазақстанның дүнген қауымдастығы мен қытайлық «И-Зе Фуца» компаниясы. «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараларға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, - деді «И-Зе Фуца» компаниясының президенті Ма Хын Гон. – Қазақстан Президенті мен халқына бақыт пен денсаулық тілеймін. Ұлы Жібек Жолын жандандыру бойынша шаралар алға қойылған мақсаттарға жеткізеді, елдеріміздің сауда-экономикалық дәлізін жаңартып, Қазақстан мен Қытай арасында өзара тиімді және тату көршілік қатынасты нығайтатынына сенемін».
Тараздың батыс бөлігінде орналасқан Төрткүл керуен сарайын 2008 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қазды. 80 шаршы метр аумақта қонақ үйлер, моншалар және Ұлы Жібек жолының керуен сарайларын қамтыған барлық инфрақұрылымы бар ежелгі керуен сарайдың қалдықтары табылған-ды.
ТАРИХЫ ТҰНҒАН ТАРАЗ
«Тараз топырағы – тұнып тұрған тарих» дейді ғалымдар. Айтса айтқандай, өңірде 3 мыңнан астам тарихи-мәдени орындар бар. Қарахан, Тектұрмас баба мен Айша бибі кесенелері де осында. Орта ғасырда бой көтерген бұл ескерткіштер қазір еліміздің беткеұстар жерлеріне айналды. Ал ұлы топырақтан табылған жәдігерлердің саны есепсіз. 19 ғасырдың соңында басталған қазба жұмыстары бұл тарихи аймақта күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Осынау бай мұралар «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мұражайына жинақталуда.
Жаңадан ашылған «Көне Тараз» археологиялық паркі – Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесіне арналған тағы бір лайықты тарту болды десек қателеспейміз. Бұл кешен кезінде қазба жұмыстары жүргізілген ежелгі Тараздың орнында бой көтерді. Жалпы аумағы 9 гектарды алып жатқан алқапта «Домбыра» стелласы, «Мың бұлақ» саябағы, Шолу мұнарасы мен ежелгі Тараз мұражайы орналасқан.
– Көне Тараз археологиялық паркінде елеулі істер атқарылды. Қазба жұмыстары өз алдына, енді бұл жәдігерлерді сақтап қалудың маңызы зор. Бұл деректер біздің терең тарихымызды айғақтайды. Мұнда әлемдік тарихтың жауһарлары көп, - дейді суретші-реставратор Қырым Алтынбеков. Шынында бұл өткен ғасырларға саяхат десе де болады. Тарихи пакті аралай жүріп ежелгі Тараздың тіршілігін тануға болады. Өз дәуіріндегі әлемдік озық өркениеттің іздері жатыр мұнда. Дәйекті дәлел, ғылыми деректер де баршылық. 2011 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде үлкен ғимараттардың орны, монша, керуен сарайлар, керамикалық су құбырлары ашылған. Тіпті Тараздың өзіндік теңге сарайы болған деген мәліметтер де бар.
Мерекелік шараға арнайы келген қонақтар осынау тарихи орындарды аралап, көнені көзбен көргендей әсер алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та мұражайда болып, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлермен танысты.
МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ
Қазақ хандығының 550 жылдығы – бүкілхалықтық мереке. Бұл – Ұлы даланы мекендеген бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтарының ұлан-асыр тойы. Бұл – шапқан тұлпардың тұяғын тоздырып, ұшқан сұңқардың қанатын талдыратын кең-байтақ жерімізді бізге аманат еткен ата-бабаларымызды еске алып, төл тарихымызды түгендеп, басымызды иіп тағзым ету. Тарихтың талай тайғақ жолынан өткен, ғасырлардан ғасырларға жеткен ұлы ұлттың ұлысты күні.
Әрбір тойдың өз орны бар, өзіндік мәні мен тағылымы болары да хақ. Бүгінгі тойымыз біздің болашағымыз – жастар үшін де тәлімді сабақ. Осы арқылы олар төл тарихын танып, өшпестей жадында сақтайтын болады. Осы арқылы өз ұлтының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын бойларына сіңіреді. Алаш армандаған Мәңгілік ел болу үшін бұның бәрі аса қажет. Ұрпақтар жалғастығы ғана мәңгілікке жеткізеді. Әлемдегі өзге елдердің алдына шығып, дамыған мемлекет, Ұлы даланың ұранын әуелетіп ұлағатты ұлт атану – біздің басты мұратымыз. Өткен бабаларымыздың басты аманаты да осы емес пе?! Жаратқан иеміз енді соған жеткізсе екен деп тілейік!..
Ұрпақтар үні
Бибігүл Төлегенова, КСРО Халық артисі:
– 550 жылдан кейін соның бәрін көріп отырмыз. Бұның барлығы біздің Президентіміздің ұлағатты саясатының арқасында. Өйткені Кеңес үкіметі кезінде біз оның біреуін де білмес едік. Біздің шөберелеріміз, немерелеріміз бақытты. Өйткені олар біздің қазақтың тарихын тереңірек білетін болды.
Қойшығара Салғара, ғалым, жазушы:
– Қанша жерден керіауыз болса да, осыдан кейін әлем халықтары «қазақтың мемлекеттігі болған жоқ, шекарасы болған жоқ» деген бос сөзді доғарады. Міне, Ұлы дала елі дегеннің құдіреті осында.
Ахмет Аляз, Қазақстан-Түркия іскер адамдар қоғамының хатшысы:
– Қазақ хандығы үшін, қазақ билігі үшін, бүгінгі ұрпақ үшін, оның санасын, рухын көтеру үшін кермет ұйымдастырылған той. Бұл той жалпы қазақ халқының емес, бүкіл түркі мемлекеттерінің ортақ тойы деп есептеймін.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті