Бердібек Сапарбаевтың Ақтөбе облысына әкім болып тағайындала сала “Табыс” базарына барғаны, аялдамадағы жұрттың халін сұрап, шен-шекпенділерді шошытқаны қазір облыстағы “хит” әңгімеге айналды деп жазады Керек-инфо.
Ақтөбедегі ірілі-уақты мекемелер өз алдына, аудан орталықтары мен шағын қалалар соңғы бір аптада құда келетіндей қапылып жатыр. Жаңа әкім туралы аңызға бергісіз әңгімелер күн сайын көбейіп, ең шалғай деген ауыл әкімдерінің өзі етек-жеңдерін жинай бастаған. Өйткені, “әкім келіп қалуы мүмкін…”.
“Дәл қазір басшы атаулының күні еден жуушыларға қарап қалды. Шалғай аудандардың бірінде басшы еден жуушыны еңбек демалысына жібермей отыр дегенді естігенде, сене қоймағанбыз. Облыс орталығындағы жағдайды естіп, таң қалдық”, – деп жазады басылым.
Осыдан екі жұма бұрын бес жастағы қызы зорлық көрген Нұргүл Манасбаева өзі еденін жуатын мекеме басшысынан сұранбақ болған. Ондағы ойы – жыныстық зорлыққа ұшырай жаздаған баласын дәрігерге көрсету екен. Алайда, басшысы аяғы ауыр еден жуушыны “әкім келеді” деп босатпай қойған. Содан бері еден жуушы әйел жіпсіз байланып отыр.
“Төрт балам бар. Бесіншісін босанғалы отырмын. Жеп жүрген нанымнан айрылып қалармын деп амалсыздан ешқайда кете алмадым. Әкім келіп кеткен соң барармын”,- дейді Нұргүл Манасбаева.
Нұргүл басшысынан “әкім қашан келер екен?” деп сұраған. Ол “Білмеймін. Ешкім де білмейді. Ол кісі ескертпей келе береді екен” деп жауап қайтарыпты.