Қазақстандағы мектеп оқулықтары Украинаның наразылығын тудырды
2015 ж. 25 қыркүйек
1941
2
Украина Қазақстан билігіне қазақстандық мектеп оқулықтарында Қырымның Ресей территориясы ретінде көрсетілгеніне наразылық танытты.
Украинаның Қазақстандағы елшілігі бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне Қырымның “Ресей федерациясының субъектісі” деп көрсетілгеніне наразылығын білдіріп, нота жолдағанын мәлімдеді.
“Мектеп баспасы шығарған оқулықтарда Қырым автономиялық республикасы Ресей территориясы ретінде көрсетілген. Бұл халықаралық қауымдастық ұстанымына да және Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын бірнеше рет білдірген Қазақстан билігінің ұстанымына да қайшы келеді”, – делінген мәлімдемеде.
Украина елшілігінің баспасөз атташесі Ирина Блащук Азаттыққа нотаны бүгін таңертең жолдағанын хабарлады.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әуар Жайнақов Азаттыққа “нота жолданғаны туралы ақпаратты тексеріп жатқанын” айтып, басқа ақпарат бермеді.