Тасмағамбетов сарбаздар өлімінен кейін бірнеше командирді қызметінен босатты
2015 ж. 20 қыркүйек
3187
2
19 қыркүйек
Ақтауда оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша Әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚМ баспасөз қызметі.
Алдын ала тексеру және тергеу қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің шешімімен полковник Мұрат Нұғыманов қызметінен шеттетіліп, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы қызметінен босатылды. Сонымен қатар, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Ризат Қолпашевті, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының жауынгерлік даярлық бойынша орынбасары, полковник Мерген Қапашевті, теңіз жаяу әскері бригадасының командирі, подполковник Ерболат Толықбаевты қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Олардың бұдан арғы жауапкершілігін әскери прокуратураның тергеу шараларының нәтижесі бойынша сот органдары анықтайтын болады. Қорғаныс министрі бүгін, 19 қыркүйекте Ақтауға оқиға орнына барып, әскери госпитальда жатқан сарбаздардың көңілін сұрап, осындай қауіпті әрі экстремалды жағдайдағы ұтымды әрекеттері үшін алғысын айтты және тез арада сауығып кетулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, жан-жақты медициналық тексерумен қатар, психологиялық көмек көрсетуді тапсырды. Еске сала кетейік, 18 қыркүйекте, Каспийдегі оқу-жаттығу барысында мерзімді қызметтің 4 әскери қызметшісі суға кеткен.Дереккөз: ИА "Казинформ"