Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанда да қатаң жаза күтіп тұр
2015 ж. 13 қыркүйек
3903
1
Қытайда сотты болған Ақжарқын Тұрлыбай үкім күшіне енген кезде Қазақстанға экстрадициялау туралы өтініш бере алады.
Бұл туралы Cенаттың жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов мәлімдеді. «Қазақстанның азаматшасына қатысты Қытай сотының үкімі біздің білуімізше, әлі күшіне ене қойған жоқ, қорғаушылар жоғары инстанцияға шағымданып жатыр. Ал ол үкім күшіне енген кезден бастап, Қазақстан азаматшасы ретінде ол біздің Бас прокуратураға немесе қытайлық тарапқа өзінің жазасын өтеу мерзімін Қазақстанға алмастыруды сұрай алады. Бұл оның заңды құқығы, соның ішінде Қазақстан мен Қытай арасында сотталған тұлғаларды беру туралы келісімшарт 2011 жылы жасалған болатын», – деді Жақып Асанов. Оның сөзіне қарағанда, Қытайда сотты болған Қазақстан азаматшасын экстрадициялау мүмкіндігі 1-2 жылдың төңірегінде өрбуі ықтимал. Дегенмен, мәселенің бәрі Қытай жоғары сот орындарының шағым бойынша істі қаншалықты тезірек қарауына байланысты болып тұрған көрінеді. «Біздің Қылмыстық кодекс бойынша да осындай қылмысы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер істі қазақстандық сот қарайтын болса да, жаза жеңіл болмайды», – деді Бас прокурор орынбасары журналистер сауалына жауап бере отырып. Естеріңізге сала кетейік, 20 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылып, Ақжарқын бұл туралы білмейтінін мәлімдеген. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Қазақстан тарапы болса өз азаматшасын экстрадициялауға бар күшін салатыны да айтылған еді.Дереккөз: ИА "Казинформ"