Бүгін, 14 тамызда Қазақстанның мемлекеттік жаңа әуе компаниясы – Qazaq Air өзінің билеттерін сатылымға шығарды. Бірінші ұшу уақыты 27 тамызға белгіленген.
Жаңа әуе компаниясының билеттері брондау тетігі бар өзінің ресми сайтында («flyqazaq.com») сатылып жатыр.
Веб-ресурстың басты бетінде әуе компаниясы мысал ретінде бірнеше бағыттарды көрсеткен. Атап айтқанда, Алматы-Астана мен Алматы-Шымкент бағдарларын
10 495 теңгеден, сондай-ақ Алматы-Павлодар бағдарын
10 916 теңгеден белгілеген екен.
«Qazaq Air» АҚ – Қазақстандағы ішкі бағдарларға қызмет көрсетуге негізделген аймақтық әуе компаниясы. Оның 100 акциясы «Самұрық-Қазына» қорының иелігінде.
Компания биылғы сәуірде тіркеуден өтті. «Qazaq Air» әуекомпаниясы ұшу қауіпсіздігінің ең жоғары халықаралық және ұлттық талаптарына сәйкес, турбовинтті ұшақтарды пайдаланады.