Бауыржан Әбдішев “биліктің беделін түсіру” деген сөзді түсінбейтінін айтты
2015 ж. 14 тамыз
2900
1
Экс-премьер Серік Ахметов пен бұрынғы шенеуніктердің ісі бойынша сотта тараптар дауласып қалды. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев айыптау материалдарындағы кейбір сөздерді түсіндіруді сұрады.
Тамыздың 13-і күнгі сот отырысында сотталушылар тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді. Олар судья Исламхан Есенбаевтан жәбірленушілерден жауап алуға көшпес бұрын өз пікір-ұстанымдарын айтуға мүмкіндік беруді сұрады.
Коррупциялық қылмысқа қатысты сотта ісі қаралып жатқан бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарады.
“Кешелі-бүгін айтылып жатқан айыптардың бәрі ойдан шығарылған әрі нақты жағдайларға негізделмеген. Мұны растау үшін қорғаушыларыммен бірге сотқа тиісті дәлел-дәйектер келтіреміз”, – деп мәлімдеді ол.
“Халықтың алдында” және “беделін түсіру” дегендері маған түсініксіз. Мұндай терминді еш жерден таппадым.Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Байыржан Әбдішев өзіне тағылған ресми айып мәтініндегі «халық алдында мемлекеттік биліктің беделін түсірді» деген сөздермен келіспейтінін айтты.
“Халықтың алдында” және “беделін түсіру” дегендері маған түсініксіз. Мұндай терминді еш жерден таппадым. Қылмыстың ауырлық дәрежесі дұрыс қойылмаған”, – деді былтырғы қыркүйек айының соңынан бері қамауда отырған Бауыржан Әбдішев.
Облыстың бұрынғы әкімі істегі коммерциялық құрылымдар үшін «материалдық пайданы жіберіп алу» эпизоды бойынша тағылған айыпты қылмыстық емес, тек азаматтық істер жөніндегі сот қана қарауы тиіс деп мәлімдеді.
Қарағандының жер қатынастары басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин өзіне тағылып отырған коррупциялық қылмысты жасамағанын, «тек өзінің қызметтік міндетін атқарып», «басқарушыға тиесілі шешім қабылдағанын» айтты.
Кейбір сотталушылар соттың бұл кезеңінде өз ұстанымдарын білдіруден бас тартты. Сотталушылар – «ҚазАгроФинанс» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Ғұмар Рахымжанов пен «Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы» компаниясы бас директорының бұрынғы орынбасары Әлжан Ақмолдаев сотта айыптарын мойындайтынын мәлімдеді.
Бұл іс бойынша 300-ге жуық куәгер бар. Шілденің 27-сінде Қарағанды қаласында басталған сотқа 21 адам айыпкер ретінде қатысып отыр. Сотталушылардың арасында Серік Ахметовтен бөлек, Қарағанды облысы мен қаласы әкімдіктерінің бұрынғы қызметкерлері, бірнеше жеке меншік компания басшылары бар. Оларға қызмет бабын асыра пайдалану, бюджет қаржысын жымқыру, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуға қатысты айыптар тағылған.
Іске қатысты негізгі айыпталушы – Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы премьер-министр әрі бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметовке «пара алған» деген де айып тағылып отыр.
Тергеу болжамы бойынша, Серік Ахметов «мемлекет мүддесіне зиян келтіру арқылы пара берушіге көмектескені үшін» 2,4 миллион доллар пара алған. Ол 2014 жылдың қараша айынан бері Қарағандыда үй қамағында отыр.
Экс-премьер сотқа жанына бірнеше жас жігіт ертіп, қара түсті джиппен келіп жүр.
Дереккөз: Азаттық