Адвокаттар «Ахметов ісіне» айқындық енгізетінін айтты
2015 ж. 10 тамыз
1752
0
Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен Қарағанды облысының бұрынғы басшы қызметкерлерінің адвокаттары 10 тамызға белгіленген негізгі сот отырысында жаңа деректер жарияламақшы.
Коррупциялық іс бойынша экс-шенеуніктер мен бизнесмендердің үлкен тобы – 21 адамға айып тағылған.
Айыпкер ретінде сотта істері қаралатын 21 адамның барлығы – Қарағанды облысының бұрынғы шенеуніктері мен «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» компаниясы, «Металлургия-Металлөңдеу» индустриалдық паркі компаниясы, «ҚазАгроФинанс» компаниясының бұрынғы басшылары мен өзге тұлғаларға алдағы аптада негізгі сот отырысы басталуы тиіс. Олардың адвокаттары сот отырысында «қоғамды шулатқан әрі шатысқан іске қатысты мән-жайды анықтайтын жаңа өтініштер беріп, жаңа мәлімдемелер жасаймыз» деп уәде еткен.
Ал әзірше сотталушылардың кейбірінің адвокаттары клиенттерін нақты не үшін айыптайтынын толық түсінбейтінін айтып, «қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, қылмыстық қудалау тоқтатылуы тиіс» деп отыр.
Сотқа айыпкер ретінде 21 адам қатысады, олардың арасында бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Ғабит Мұхамбетов, «ҚазАгро» ұлттық-басқару холдингі» компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Дулат Айтжанов, «Сарыарқа ӘКК» компаниясының бұрынғы басшылары Ғабит Матаев пен Ерлан Қисықов, «ҚазАгроФинанс» компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Ғұмар Рахымжанов, «Металлургия-Металлөңдеу» индустриалдық паркі компаниясының бұрынғы басшылары Анатолий Эссе, Болатбек Ысқақов, Оразал Айменбетов, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасарлары Мұхтар Адамбеков және Айдар Телғарин, қалалық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Ернар Дәрібеков бар.
Сонымен бірге, қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімдерінің бұрынғы басшылары Айдос Жәкенов, Марлен Шалтақов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы және қызметкері Қанат Мұсаев пен Бақтыгүл Асқарова, Eco Treatment System және Sapa Project Group компанияларының басшысы Думан Нұрбаев, «Руфепа Техно АГРО» испан компаниясының Орталық Азия елдері бойынша сауда директоры Камила Пірәлиева, «Қазақстан өнеркәсіп компаниясы» бас директорының бұрынғы орынбасары Әлжан Ақмолдаев та осы іске қатысты айыпкерлер санатында.
Іс бойынша 24 адам жәбірленуші деп танылған.
Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы премьер-министр әрі бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметовке алты коррупциялық қылмыс жасаған деген айып тағылған. Ол «аса ірі көлемде пара алды», «аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды», «қызмет өкілетін асыра пайдаланды», «кәсіпкерлікпен заңсыз айналысты» деп айыпталып отыр. Тергеушілер «мемлекет мүддесіне қайшы әрекетке барып, пара берушіге көмектескені үшін» Серік Ахметов 2,4 миллион доллар көлемінде пара алған деген болжам ұстанады.
Тергеу болжамы бойынша, 2012 жылы, яғни Қарағанды облысы әкімі қызметін атқарған тұста Серік Ахметов өзге лауазымды тұлғалармен бірлесіп «Металлургия-Металлөңдеу» индустриалдық паркіндегі инфрақұрылым құрылысына арналған бір миллиард теңгеден көп бюджет қаражатын жымқырған. «Облыс басшылығымен сыбайласқан» деген күдікке ілінген қосалқы мердігер компанияға чехтың сапалы құрал-жабдығының орнына арзан құрал-жабдықтарды пайдаланған деген айып тағылған. Мердігер мекеме ретінде жарық бағандарын ауыстыру үшін тартылған «СтальЦинк» компаниясының жұмысының құны асыра бағаланған дейді тергеушілер. Бұл компанияның директоры Серік Ахметовтің ағасы деген хабар тараған.
Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің адвокаттары бүкіл айыппен келіспейді. Ахметовтің адвокаты Георгий Матвеенков аты-шулы іске қатысты тергеу амалдары көптеген заң бұзушылықтармен жүргізілген деп мәлімдейді.
Әлі кезі келеді. Қорғаушылар оларды негізгі сот отырысында жариялайтын болады“Әлі кезі келеді. Қорғаушылар оларды негізгі сот отырысында жариялайтын болады”, – дейді Георгий Матвеенков.
Серік Ахметовтің адвокаттары соттан оны қылмыстық қудалауды тоқтатуды және оған тағылып отырған келтірілген зиян сомасын алып тастауды сұрайды. Олар қаржыны ысырап ету және кепіл мүліктің құнын асыра көрсету эпизодтарына қатысты айыптарды да алып тастауды сұрап отыр. Адвокат «мемлекетке зиян келмегендіктен, қылмыс құрамы жоқ» деп санайды. Адвокаттардың мәлімдеуінше, «СтальЦинк» компаниясына қатысты, яғни материалдардың құнын асырып көрсету эпизодына байланысты қылмысқа Ахметовтің қатысы жоқ.
Қарағанды облысы әкімі қызметіне дейін Бауыржан Әбдішев біраз уақыт Қарағанды қаласы әкімі және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі қызметтерін атқарған. Облыс әкімі қызметіне ол 2013 жылдың қаңтарында тағайындалған. Бірақ, 2014 жылы қызметінен «өз өтініші бойынша» босатылған. Кейін Қарағанды облысының бұрынғы әкіміне қатысты «салдары ауыр зардаптарға соқтырған қызмет бабын асыра пайдалану» фактілері бойынша бірден екі қылмыстық іс қозғалғаны жария болды.
Тергеу болжамынша, Бауыржан Әбдішев «жер телімдеріне қатысты алаяқтық әрекеттер жасап, оларды қымбатқа сатқан». Ақыры 2014 жылы Әбдішев тұтқынға алынған. Қазір ол әлі қамауда, оны сотқа күзетпен әкеледі.
Тергеушілердің болжамында Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та коррупциялық қылмыс белді рөл атқарған деп саналады. Оның үстінен «қызмет бабын асыра пайдалану» айыбымен іс қозғалған. Мейрам Смағұлов 2013 жылы компания есебінен Қарағандыдағы жеке меншік үйін жөндету үшін «ЮТЭКС» компаниясы директорына заңсыз тапсырма берген деген күдікке ілінген. Ал аталған құрылыс компаниясы несиеге берілетін мемлекеттік үйлердің құрылысы бойынша мердігер болған. Ол да «өз өтініші бойынша» жұмыстан кеткен. Мейрам Смағұлов Қарағанды әкімі қызметін 2012 жылдан бері атқарған. Бауыржан Әбдішев сияқты Мейрам Смағұлов та қазір қамауда отыр.
Аты-шулы істің тағы бір айыпталушысы, Қарағанды облысы Абай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдос Жәкеновтің адвокаты негізгі сот отырысында қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етпек. Айдос Жәкенов «Қарағанды облысының бұрынғы әкіміне қатысы бар «ЕуроСтандарт Қарағанды» фирмасы мүддесін көздеп» коррупциялық қылмыс жасаған деп айыпталады. Ол кезде Жәкенов Қарағанды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарған. Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, қосалқы мердігер ұйымдардың барлығы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарын бұзып, құрылыс материалдарын «ЕуроСтандарт Қарағанды» фирмасынан ғана сатып алған.
Негізгі сот отырысында жарық бағандарына қатысты істі мүлде заңсыз қозғалған іс деп тануды талап етпекпіз“Бұл – резонанс тудыратын іс. Негізгі сот отырысында жарық бағандарына қатысты істі мүлде заңсыз қозғалған іс деп тануды талап етпекпіз. Менің клиентіме жарық бағандары мен тас төсеу келісім-шартына қатысты айыптар тағылған. Бірақ төселген тас орнында жатыр, бағандар орнында тұр. Сондықтан қызмет бабын асыра пайдаланған ба, ақша шынымен жымқырылған ба – соны анықтаймыз. Оның үстіне, ол тас төсеу жөнінде келісім-шартқа отырғанда мемлекеттік сатып алу заңының талабын сақтамағаны үшін кезінде әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеген. Енді оны екінші мәрте жазаламақ. Ең бастысы, сот төрелігі әділ болуы тиіс. Мен қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрадым”, – дейді сотталушы Айдос Жәкеновтің адвокаты Мейрам Шаймерденов.
Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев сотта өзінің бұрынғы түсініктемелерінен бас тартатынын, оларды қысымға шыдамай бергенін мәлімдеген. Бұдан бөлек, бұрынғы топ-шенеунік «күшпен жаттатты» деген уәжбен айыбын мойындаған видеожазбаны іс материалынан алып тастауды сұраған.
«Мені ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы етіп шығарамыз деп қорқытты. Ақыры айыбымды мойындап, жарық бағандарын сатып алу мен жер телімдерін бөлуге қатысты Ахметовке қарсы түсінік беруге көндірді» , – деп мәлімдеді сот залында Бауыржан Әбдішев.
Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин да «қысымға ұшырадым» деген мәлімдеме жасады.
Дене қызуым көтеріліп жатқан мені үйден сүйреп әкетті, үстімнен қылмыстық іс қозғаймыз деп қоқан-лоқы жасады«Ахметов пен Әбдішевке жала жабуға күшпен мәжбүрледі. Мені жер телімін заңсыз бөлу фактісіне қатысты айыптайды. Ол сәтте әйелім сегіз айлық жүкті еді. Дене қызуым көтеріліп жатқан мені үйден сүйреп әкетті, үстімнен қылмыстық іс қозғаймыз деп қоқан-лоқы жасады. Қайын атамды, ағамды қамауға аламыз деп қорқытты», – деді ол сотта.
Сотталушылардың тергеу тарапынан көрсетілген қысым туралы бұл мәлімдемелерін сот тамыздың 10-на белгіленген негізгі сот отырысында қарауға уәде етті. Ал адвокаттар «қойыртпақ» болып кетпес үшін соттан іске қатысты эпизодтарды бөлек-бөлек қарауды өтінді.
Кейбір сотталаушылардың адвокаттары «бірдей баптар бойынша айыпталған сотталушыларға бұлтартпау шарасын қолданған кезде оларды алалады, неліктен біреулер тергеу абақтысында отыруы тиіс те, ал енді біреулер кепілдікке шығып, емін-еркін жүр» деген шағым айтады.
Дереккөз: Азаттық