Жамбыл облысының әкімдігі $66 мыңға көлік сатып алды
2015 ж. 06 тамыз
3127
2
“АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бүгінгі бағамымен 66 мың доллар тұратын көлік табан астында кімге, не үшін қажет боп қалғанын білмейміз. Бірақ, жақында ғана “Қазақ хандығының 550 жылдығын” атап өту іс-шараларын өңірге арнайы кеп, пысықтап қайтқан вице-премьер Бердібек Сапарбаев тойға жұмасалатын қаржыны үнемдеп, әр тиынына дейін есеп беретіндей етіп жұмсауды қатаң тапсырған-ды. Қымбат көлікке тойдың ақшасы жұмсалмаған да болар. Алайда, той қарсаңында Таразды таранған қыздай етіп, көркейтуге қаржы бірде жетіп, бірде жетпей, әр облыс “тойға қосқанымыз болсын” деп, бірі көше жөндеп, бірі саябақ салып беріп жатқанда қымбат көлікті алмай қоя тұрса да болар еді ғой”, – деп жазады мақала авторы.
Жамбыл облыстық әкімдігінің аппараты электронды мемлекеттік сатып алу негізінде берген тапсырыста көліктің мінездемесі айқын жазылған.
АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бүгінгі бағамымен 66 мың доллар тұратын көлік табан астында кімге, не үшін қажет боп қалғанын білмейміз.“F калссты, жақсы жарақталған, ұзындығы 4,9 м үлкен емес, ені 1,7 м, толықтай электропакетті, орталықтандырылған құлып, ABS,SRS, ГУР, ПЭП, кондиционері…” тағы басқа толып жатқан талаптарын мемлекеттік тапсырыстың лотына тізбелеп шыққан.
Бұл көлікке тапсырыс Мемлекеттік сатып алу сайтына Жамбыл облыстық әкімдігі дүйсенбі, 3 тамыз күні сағат 12.48 де орналастырған. Ал көлікті кешке дейін алып үлгерген.
“Қарапайым елдің арыз-шағымын, өтінішін осындай космостық жылдамдықпен шешіп тастаса жамбылдық шенеуніктерге айтар алғыс көп болар еді-ау”, – делінген мақалада.
Көлікті Жамбыл облыстық әкімдігінің аппараты “Азия Авто” ЖШС-нан алып үлгерген. Ал ЖШС-ның “салонындағы” көліктердің ішінде жоғарыдағы талаптарға сай келетіні Premium+ комплетктациясындағы KIA Quoris.
Көліктің салоны табиғи былғарымен қапталған. Ағаш және алюминий жақтаулармен жабдықталған. Салондағылар бұл көліктің терезелері су жұқтырмайтын қасиетке ие екендігін де ауыздарының суы құрып айтып берді. Жүргізуші түгілі ішіне мінген жолаушының да қолайлылығы, ыңғайлылығы үшін бар жағдай жасалғанын тағы қосыңыз.
Әдеттегідей Жамбыл облыстық әкімдігі бұл көлікті кімге, не үшін сатып алғаны туралы ақпарат беруден бас тартып отыр.Қымбат көлікті сатып алу турасындағы хаттамада облыс әкімдігі аппараты жетекшісінің орынбасары Тимуржан Нұрымбетов пен әкімдіктің бас маманы Гүльжан Дәуренованың есімдері жазылыпты.
Ал білмекке ұмтылған әріптестеріміз, informburo.kz сайтының редакциясын “ресми хатпен шығыңыздар” деп шығарып салған.
“Сонымен, “Қазақ хандығының 550 жылдық тойын өз деңгейінде өткізе алмасаң “басың кетеді” деген Бердібек Сапарбаевтың қатаң “тапсырмасы” Кәрім Көкірекбаевтың көкірегінде қаншалықты ұялап қалғанын білмейміз, әзірге тараздықтар тойға қызу дайындық үстінде. Облыс әкімі К.Көкірекбаевтың өз сөзімен айтсақ “жұмысшылар тәулігіне 24-25 сағат жұмыс істеуде”. Ал қымбат көлік кімге, не үшін алыңды екен?”, – деп жазады автор.
Дереккөз: Nur.kz