Бүгінгі БЕЙБАРЫС
2009 ж. 15 желтоқсан
1571
0
Тағы да ден қойғызады - «қаламұшпен жазылған балтамен кескіленбейді». Бұл расқа айналып бара жатқандай қисапсыз беймаза ойлар тынышсыздандырып дөңбекшітеді. Сонша неге өшпенділікпен айтқанын кім білсін, жақында Американың бір ғылымы зерттеу орталығының білдей аға ғылыми қызметкері Мюррей Фейшбах «Дертті аюдың ажалы» деген мақаласында: «...Орыс халқы сырқат қана емес, ол ажал алдында тұр» деп айтып салды. Сонда да болжамын әлде бір пиғылмен өршелене айтқан шығар десек те бір түрлі іш қылып ете қалады.
Кейінгі кездегі бір талдау жер бетінен біраз халықтардың жойылып бара жатқан ащы ақиқатын алға тартты. Әсіресе, Ресейде, оның ішінде ібір-сібір мен таулы Дағыстанда бұл жағдай кешінен 0 алып келе жатыр екен. Қазір небары алеуіттер (9000 адам), бежтиндер (9000 адам), мансилер (11 000 кісі), ненцылар (41 000 кісі), чамалалар (9500), ахвахтар (8000), болтихтар (6000), дидойлар (7000), каратиндер (6400), арчиндер (1000), годобериндер (3000), багуларлар (5000), долгандар (6200), ительмендер (2500), водьтар (100), ижорлар (450), каряктар (9200), гинухтар (600), кеттер (1000), кубачиндер (1900), ливарлар (150), нганасандар (1200), негидальдар (600), нивхилар (4600), оропомдар (?), орочилер (900), селькуптар (4200), топаларлар (700), удиндер (8000), удэгилер (1700), ульчилер (2900), хваршиндер (2000), эскимостар (1700), юркагилер (1100 кісі), болып жалғасып кете береді. Түптің түбінде олар із-түзсіз жоғалып аттары тек қана тарихта қала ма, қашанға дейін ашқарақ жайын шорағат, шабақтарды жұта береді. Әрине, өкінішті. Төбе шашың тік тұрады. Енді тықыр кімдерге таянып келеді. Елдік санада осындай сұмдық сілкініс болып жатқанда біз төрт құбыламызды түгендей алып жүрміз бе? Тіл тағдыры туралы тоқтамайтын күресте бұл алдымен кімді ойлантады?
Соған қарамастан біздің теріскей көршіміз шамшылдығын әлі қоймай, бұрынғы дағдымен бетбақтырмай, бірбеткейлік танытып келеді. Біздіңше жалмауыз жаһандану ешкімді де аямайды. Адамзат үлкен таңдау мен талғау алдында тұр. Құйтырқы жымысқылығы өз алдына, КСРО ыдырамай тұрғанда, Мәскеу, Ленинград пен басқа да ірі қалаларда оқу заңды құбылыстай болып көрінетін еді. Олардағы жоғары оқу орнын бітірген жалғыз біз емес.
Сол Ресейде қазір ащы тер төгіп, еңбек етіп жүрген қандастарымыз аз ба? Қостанайлық Рашид Нұрғалиев Кремлдегі ІІМ құлағын ұстап отырғаны көңілге демеу болғанына біраз. Ібір-сібір ұланбайтақ өлкесіндегі Кузбасс (қозыбасы) уәлаятын Аман Төлеев басқарғалы бері де аз мерзім өтпепті. Ақ түйенің қарны жарылғаны емес пе?! Тағдыр тұлпары суырылып топ жарды. Бұндайда өскен ортаның отын оттап, суын суладың деп кінәлауға бола ма? Өзі ішкен құдығына түкіріп кетіп жатқандар қаншама?
«Ары қарай қалай өмір сүреміз? Әр дайым бөстекі бос әңгімеден кейін біздің бәрімізге тән, жан жарақаты жайында айтып отырғанымызға көз жетеді. Партократтық биліктен арылып, төбемізге сұмдық түске енбейтін ең жаманы: елімізді тамтығын қалдырмай талан-таражға салып, тонап жатқан парақорлар, дүниеқоңыз ұрыларды қалайша отырғызып алдық? – дейді Аман Төлеев «Ары қарай қалай өмір сүреміз?» атты кітабында толғанып. – Халық құзырын құрметтеуге тиіс қолдаушылардың өзі қалай қылмыскерлер тобын қолдап шыға келді? Орасан бай және қуатты мемлекетті қайыршы етіп әлемге қол жайғызып, соғыссыз-ақ талқандағаны несі? Елімізді еңсе көтертпей тонайды, қожалары тосқауыл¬дан сырт тұрып билеп-тө¬степ, ал, халық оны неге қорғамайды? Құқықтық мемлекет орнатқымыз келіп, жүгенсіз қылмыс, әлімжеттік, ұрлық-қорлық, алым-сатарлыққа нелік¬тен жол беріп алдық?»
Сан сауал. Ол жалғыз ТМД елдеріне қатысты көкейкесті мәселелерді айтып отыр ма?..
* * *
Бүкіл түркі халық¬та¬рының біразына орасан қасірет әкелген XX ғасыр басында мәдениетіміздің майталманы, елтанушы алаш ардагері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз!» деп халқынан сүйінші сұрағандай болып еді. Бұл қуаныш ертерек екен. Құдайға не жазып қалды, қай заманда да құқайдың не көкесін көріп келе жатқан қазақтарға уақыт басқа сыбаға дайындапты. Тағы да Қазан төңкерісі оларға тоңтеріс мінез танытып, тәуелсіздікке ұмтылған көшпелілер ұрпағы тағдыр тәлкегіне түсті. 1907-1911, 1916-1922, 1925-1926, 1927-1932, 1933, 1937-1938 жылдары қазақ халқы қасақана қаншама қасірет тартып, өсудің орнына өшті.
Қай кезде де өмір мен бостандық үшін күрес жеңіл болған жоқ, ұлы даланы отарлап, дағды бойынша барынша үстемдік орнатып, жербақандықпен билеп-төстеген патшалық Ресейдің астыртын арандатуы әміршіл-әкімшіл қызыл жүйе тұсында да жымысқылықпен жалғасын тапты. «1931-1933 жылдарда өткен ашаршылыққа әлем тарихы тұрғысынан саяси бағасын толық берген жоқпыз, - дейді туған халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген елтанушы ғалым Мақаш Тәтімов. – Ашаршылық жылдарында екі миллион қазақ қырылып, бір миллионы жан жаққа босып кетті». Кеңес үкіметінен де әділеттік таппай, еліне азаттық аңсаған Алашорда алыптары бірте-бірте оған көзі жетіп, онымен жүдә ат құйрығын кесісті. Ұлт басына қатер бұлты үйіріле бастағанын сезген башқұрт қайраткері Заки Уәлиди бармағын тістей отырып, қағазға мұң шақты: «1920 жылы 30 маусымда мен Ленинмен мүлде күдерімді үзіп, күрес туын жоғары көтеруге ашық белімді буып, Түркістан таулары мен даласына бет бүзедім. Егер бұл күресімнен ештеңе шықпаса, бәлкім, Еуропаға кетуім әбден ықтимал... 1920 жылғы 30 маусымда Ахмет Байтұрсынұлымен пойыз үстінде қоштастым. Ахмет Байтұрсынұлы көзіне жас алды». Қайран Ахмет! Сол кездің өзінде сезген екен-ау іші. Боямасыз болмыс. Ешкім ешкімнің аузына түкіріп сөз салған жоқ. Сол жылы 20 маусымда БАОК-нің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі Сафаров «Правда» үнқағазында былай деп болған жағдайды паш етті: «Бұл жерде «социалистік декреттер» қабылданғанымен (бұл құқық барлық атқару комитеттеріне берілген-ді), олар сөз жүзінде қалған, ал іс жүзінде «национализациялау», «конфискелеу» деген сылтаумен жер-жерде малды халықтан зорлықпен тартып алу орын алған. «Перовскіде» (Сырдария облысы) патша жендеті Гержот деген билік етуде. Ол тұтас бір халықты - қазақты қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен бір миллиондай қазақ аштан өлді». Арандай аузын ашқан ажалға қарсы аттанып аш-жалаңаш қазақтар шыбындай қырылды. 1929-1931 жылдары 372 кіші-гірім көтеріліске шықса да ұрпағын сақтау үшін Өзбекстан, Ресей, Қытайға атамекенін тастап жандалбасалап тұяқ серпуге басқын болып ауа көшті.
Бұндай сұрқия саясаттың салқыны Төлеевтер әулетіне де тимей қалған жоқ. Әйтсе де, осы біз, қазақ, қызық халықпыз. Жырақта жүрсе емешегіміз езіле сағынып, жақында болса тіпті жылқы сияқты шұрқыраса табысып, тебісіп, тістесіп жатудан да тайынбаймыз. Сөйте тұра өзім дегенде өзегімді суырып беретіндей ешбір жамандыққа қимайтынымыз бар. Түздегі мәрттік мінез адырам қалып, бірте-бірте құлдық пиғыл қалыптасқандай.
Ал, Аман (Амангелді) Төлеевтің тағдыры мен өмір мүлде басқаша өріліп жатыр. Ғұмыр-бақи жырақта жүріп, өмір өтінде қайда болса да аз-мұз бұйырған тұз-дәмді татып, адамзаттың азаматы атанып, жат-жұрттықтар арасында айпікір аттанбай әйтпесе топ жарып шығу оңай ма? Арғы бабасы Бейбарыс Алтынорда ханы Беркемен сәлемі түзу жарасып, бірнеше жыл алыс аптапты Африкадағы перғауындар елі Мысырды билеп, мәмлүктер маңдайына біткен марқасқа болса, аталық Жалаңтөс әлемді дүр сілкіндірген Әмір-Темірден екі жарым ғасырдан кейін көне Самарқандтың жұлдызын жоғары жандырып, көз қарашығындай қорғап, атақ-абыройына шаң-тозаң жуытпай, оның дәулетін тасытып, сәулетін асырды.
Бергі қандастарын азаткер Мұстафа Шоқай күрескерлік рухын жалау етіп, тұтас Түркістанды арманында әлдилеп, шетелге кетуге мәжбүр болып, неғайбыл құрылған қызыл қоғам құрылысымен алысып, жұлыса айқасып, алыс Алманияда көз жұмды. Інісі Мұстафа Өзтүрік ісімен де, күшімен де талайды таң қалдырып, белдескенді бүркітше бүріп, айқасқанды алып ұрды. Олардың бойында асау қазақ қаны буырқанып ағып жатқанына күллі жұрт күмән келтірмейді...
Әрбір жұмыр басты пендедей жер басып, қайда жүрсе де А. Төлеевтер туған халқының айбыны мен айдыны емес пе? Амангелді Молдағазыұлы қақап тұрған екінші дүниезүзілік соғыс жылдарында іңгәләп келіп, сәби болса да, қуғын-сүргін салдарынан тағдыр тауқіметін қанша тартса да кең өрісті өмір мектебінен өтті. Өтіп жүр әлі. Сирек теміржолшы мамандығының ұңғыл-тұңғылын терең біліп, елтану мен жантану ілімін меңгерді. Кеудесінде гүрсілдеп жер күретамыры соқса, көңілінен туған елі кетпейді ешқашан. Ұзақ үзілістен соң 1991 жылы күңгей жұршылығы үшін шынайы жүрек тебірентерлік жылыжүзді жүздесулер болып, ағайындар арқа-жарқа араласты. Дала дастарханы жайылды. Ол жан мерекесіне ұласты. Амангелді Төлеев Қазақстанның мақталы аудандарымен жақын танысып, Шардарадағы Мүлік Ата ескі қорымында жатқан әкесі Молдағазының басын қарайтып, ет жақын туған-туысқандарымен қауышып, мауқын басып қайтты.
Қалай десе де, А. Төлеев кездейсоқ құбылыс деп ешкім жақ аша алмайды. Түрлі-түсті кездесулер мен сағынышты сапарлар босқа өтпепті. Ол, бәріміздің әсіресе, Прометейдің де бауыры. Жүрегінің оты бар жігіт. Жүзіктің көзінен өтеді. Қозыбасы (Кузбасс) өңірінен Ресей тағы үшін Б.Н. Ельцинмен қасқайып тайталасқа түсіп, қарсыласы небәрі 36% алғанда, оның өз өлкесінде 96% дауысқа ие болуы қалай марапаттауға да лайық, жарасып тұр. Ол теріскейдегі алып мемлекеттің Ынтымақ министрі қызметін де аса жауапкершілікпен атқарады. Сөйтіп жүріп, Еуразия кеңістігін құру тек көкейдегі қиял ғана емес, келешекте өміршең сипат алатынына имандай ұйыды. КСРО ыдырағаннан кейін ТМД елдерінің ынтымағы нығайып, бүгіні мен болашағы жолында қаншама тер төкті. Адамзат бақытының оңайлықпен келмейтініне талай көзі жетті.
Қаншаға дейін біз көзтүрткі болып, кездейсоқ келімсектерге жатса жастық, жайылып төсек бола береміз осы? Олар ұзақ жылдар орыс отарлауының жымысқы жалғасындай білдей облыстарды басқарып Қазақстаннан татқан шәрбәт, тұз-дәмі алдындағы азаматтық борышын атқара алды ма? (Бұл жолғымыз ұлы дала ұландарына ұят еес пе?) М.С. Соломенцев, А.М. Бородин, А.К. Протазанов, В.А. Ливенцев жарты патшадай күн кешкені өтірік пе? Араны ашылып, құзғын құлқыны әбден мелдектеп тойып алған соң анау О. Сосковец, кешегі В. Храпунов шетелге қашып, табанын жалтыратып тайып тұрғаны ешқайсысымызды тол¬ған¬дырмағаны несі?..
* * *
Тараптар мен тараптар тәрәу-тәрәу. Бірақ, тіршілік заңы қатал. Сондай жағдайда қиын нарықтық қарым-қатынастар шаужайдан алып, дағдарыс деген қызыл көз пәле аулада ат шалдырып тұр. Саясаткерлердің біреуі келіп, біреуі кетіп ұдайы сапырылысып жатады. Біраздан бері Аман Төлеев Кемер уәлаятының губернаторы болып сайланды. Сайлаушылардың көпшілігі өз таңдауларын жасап, оған зор сенім артқандығы бұл. Әйтпесе, көміршілер өлкесінің өмірі күрделі емес, күйіп бара жатқан көкейкесті мәселелері жоқ деп кім айта алады? Қайта-қайта жанды қаузағанда, М. В. Ломоносовтың Ресейдің Сібір арқылы кестесі көгеріп, қанат жаяды деген сәуегейлігі еске түседі. Сонда сұлтан болып жүрген А.Төлеев қай кезде де туған елінен жеткен кішкентай болса да хат-хабарға елгезек, үнемі құлағын түріп жүретіндей. Таяуда 12 томдық Қазақ кеңес энциклопедиясын жіберген алматылық Болатбек Нәсенұлына алғыс айта отырып, ол: «Қазақ халқының терең тарихынан сыр шертетін бұл кітаптар қалың оқырманның қызығушылығын тудыратынына сенімім мол» дей келіп, сенімі мен ізгілігі үшін төсбелгімен марапатталғанын жеткізіпті. Бұған біздің де жүрегіміз жарылғандай қуанғанымызды жасыра алмаймыз, әрине, кіндігі байланған Отанынан сырт жерде аласапыран заманның қиын-қыстау күндерімен жағаласа жүріп, қандастарымыздың жаңа буыны ер жетті. Олар атамекеніне оралып жатса қалайша оралман деп айта аламыз. Қолдан келсе, олардан шектен тыс жақсылық жасап тыраштанып жарылқамай-ақ қойсын, тек «Нұрлы көш» жаны ашып, иманжүзді бетін бері бұрса қайтеді? Солардың арасында әлі қанша Амангелділер жүр.
Қазір әлем дағдарыс қыспағына түсіп, торға түскен жыртқыштай аласұрып жатыр. Бұл құбылыс қашан аяқталатынын ешкім тап басып айта алмайды. Алайда, дидарғайып дүние мәңгі дүрліге бермейтін шығар. Амангелді Төлеевтің Ресейдің бұрынғы Президенттері Б.Н. Ельцин, В.В. Путин, Моңғолияның бұрынғы Президенті Н. Багабанды, Елбасылар Н.Ә. Назарбаев, И.Ә. Кәрімов, Э. Рахмон, А. Лукашенко және басқалармен сұқбаттасқанда тек жалғыз жаһанданудың өзекті мәселелері тілге тиек болып қана қоймай, өзінің де көңіл көкжиегін кеңейтіп, азаматтық болмыс бітімі биіктей түскендей. Иншалла!
Уақыт болса зымырап өтіп барады. Алаш азаматы қолы қалт еткен бір сөзінде: «Қазір, Құдайға шүкір! Андрейден өзге Стас, Татьяна деген екі немере-жиенім бар. Тұз-дәм тартса, жазғасалым немерелеріммен бірге атамекеніме барып қайтамын» деп еді-ау. Сондықтан үлкен жол үстіндегі оны біздің де сағына жүргеніміз бекер емес. Ағайын бір тіріде... Қаншама тағдыр әлем адамдарын дағдарыс, табиғат дүлейлері, тұмау құбыжықтары және т.б. зұматтарымен тастаяқтай қағыстырғанмен өмір өзені сол баяғы асау арнынан жаңылған жоқ әлі.
Тұран түлектері солай түлейді. Тек оларды тіл-көзден сақтай гөр, Жаратқан. Оларға ақ жол тілесе, ұзақ сапарында әлі алысқа барады.
Қандалықтар биік суға ұмтылып, ұрық шашады. Қазақтың бір қызының Чехияда министр болып, енді бірі Мәскеу ақшалы алпауыттарын ауызға қаратып есіктегі басыңды төрге сүйреп, мерейіңді тасытып жүргені қандай ғанибет.
Аян НЫСАНАЛИН,
ақын, жазушы
№48-49