Сарапшылар Алматыда қысқы Олимпиаданы өткізу ел экономикасына ауыр соққы болатынын айтуда
2015 ж. 29 шілде
2259
2
Халықаралық Олимпиада комитеті 2022 жылы қысқы Олимпиада ойындарының қай қалада өтетінін жария етуіне небары 3 күн қалды.
Ақтық мәреге дейін жеткен Бейжің мен Алматы қалаларының қайсысы жеңімпаз атанатыны әзірге белгісіз. Дегенмен мамандар климаттық жағдайы мен спорттық кешендердің орналасу аймақтарына қарай Алматының мүмкіндігі жоғары екенін айтады.
Алайда Қазақстанның оңтүстік астанасы қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізуге дайын ба?
2011 жылы Азиаданы өткізген Алматы 2017-де қысқы Универсиаданы өткізуді қолға алды. Енді 2022-дегі қысқы Олимпиаданы өткізудің аз-ақ алдында тұр. Алайда спорт мамандары Алматыны халықаралық ірі жарыс өткізуге дайындау Азиада мен Универсиадаға қарағанда шығыны шаш етектен боларын айтады.
Тіпті Қытай астанасының қасында әлеуеті бәсекелесуге келмейді. Ал Швеция, Норвегия сияқты мемлекеттер олимпиада өткізуге халқы қарсылық көрсеткендіктен, кандидатурасын қайтып алған болатын.
«Қазақстанға ЭКСПО мен Универсиададан кейін бұл Олимпиада ауыр болып кетеді. Бізге не ЭКСПО-дан, не Универсиададан бас тарту керек еді. Негізгі қарсылық. Одан кейін халықтың спорттың сауаты төмен. Олимпиадаға кандидат қала екені туралы ешқандай атмосфера сезілмейді «, — дейді спорт журналисті Руслан Меделбек.
Алматыда Қысқы Олимпиада өткізуге қарсылық білдіріп, Халықаралық олимпиада комитетіне арнайы петиция жазғандар да бар. Себебі олар таулы аймақтарда спорттық кешен салуға болмайтынын және табиғи апаттар кезінде қауіп тудыратынын айтқан. Ал тұрғындар олимпиадаға бөлінетін миллиардтарды әлеуметтік салаға жұмсалуын қалайды.
Азиаданы өткізуге Есеп комитеті 30 миллиард теңгеге жуық қаржы кететінін жоспарлаған. Бірақ, іс жүзінде 132,4 миллард теңге жұмсалды. Ал 2017 жылы Алматыда қысқы Универсиада өткізілетіні белгілі. Аталған шараға 950 миллион доллар кетеді деп күтілуде. Алайда бұдан бірнеше есе көп шығын кететін қысқы Олимпиаданы өткізудің пайдалы жақтары көп дейді салаға жауапты мамандар.
«Бізде Олимпиада болса, қаланың инфрақұрылымы бар ғой, бәрі жоғары деңгейге жетеді. Өйткені жол мәселесі, газификация мәселесі. Қаланың шеттері болса да бәрін асфальттап, дамыту болады», — дейді Алматы қаласы Дене шынықтыру және Спорт басқармасы, Спорттағы жоғары жетістіктер бөлімінің басшысы Асхат Бағаев.
Егер Алматы Қысқы Олимпиада өткізу мүмкіндігіне ие болса, қаланың құрылымы адам танымастай болып өзгеруі мүмкін. Өйткені ХОК-тың стандартқа сай талабы мен тәртібі бар. Әлемдегі мұнай бағасының төмендеуі тұсында үш бірдей ірі халықаралық деңгейдегі шараны өткізу ел экономикасына ауыр соққы болып тиюі мүмкін дейді сарапшылар.
Источник: 31 канал