Серік Ахметов тағылған айыптың біреуімен де келіспейді
2015 ж. 28 шілде
2235
2
Бүгін кеншілер шахарында үйқамақта отырған экс-премьер Серік Ахметовке қатысты сот процессі басталды. «Ірі көлемде бюджет ақшасын жымқырды», «миллиардттап пара алды» деп айыпталған Ахметовпен бірге, Қарағанды облысы мен қаласының бұрынғы әкімдері, басқа да ондаған шенеунік пен кәсіпкер де сот алдында жауап беруде, - деп хабарлайды КТК.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында үкімет басшысына қатысты осындай ашық процесс ешқашан өтіп көрмеген. Таң ата Қарағандыдағы облыстық сот маңайында адам көптеп жиналды. Қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Қарағандыдағы Серік Ахметовтің зәулім коттеджінің алдында да таң атқалы қызу қарбалас. Қырағы күзетілетін үйге қызметтік киімі жоқ адамдар қайта-қайта кіріп жатыр. Сәлден соң астаналық нөмір таққан джип қақпаға кіріп, 8 ай далаға шықпаған басты күдіктіні сотқа әкелді.
Ахметов сотқа үйінен джиппен барса, басқа айыпталушылар изолятордан автозакпен жеткізілді. Сотқа қатысуға келгендердің көп болғаны сонша, ғимаратта ине шаншар жер жоқ. Тар залға сыймаған тілшілер мен істі болғандардың туыстары отырысты тікелей экраннан көруге мәжбүр болды.
Экс-премьер 5 адвокатымен залдың қақ ортасына жайғасса, Қарағанды облысы мен қаласының бұрынғы әкімдері Бауыржан Әбдішев пен Мейрам Смағұлов бастаған бір топ лауазымды шенеунік торға қамалған.
Ал қылмыстық топты тұтқындаған Жемқорлыққа қарсы агенттік бұрынғы премьерге 6 бап бойынша, оның ішіндегі ең ауыры қызмет бабын асыра пайдаланып 1 миллиард 100 миллион теңге бюджет ақшасын жеді, жарты миллиард теңге пара алды деген айып тағып отыр.
Тергеу материалдарына сүйенсек, Ахметовтің сөзін екі етпейтін, кезінде қарамағында істеген Қарағандының 20 атқамінері тендерді бөліске салып, алаяқтық жасаған. Бірақ, күдіктілердің бірінің адвокаты қылмыстық іспен танысып үлгермеуіне байланысты 338 томға жүк болған алғашқы процессі бар-жоғы 15 минутқа созылды.
Үзіліс кезінде 57 жастағы Серік Ахметовтен денсаулығы мен айыпқа қатысты ойын сұраған едік, ол сөзін өте қысқа қайырды.
— Денсаулығыңыз қалай
— Жақсы.
— Тағылған айыппен келісесіз бе?
— Әзірше, ештеңе айтпаймын.
Ахметов сөзге сараң болғанымен адвокаты оның ұстанымын білдірді.
«Серік Ахметов тағылған айыптардың бірімен келіспейді. Кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтарымызды сот барысында көрсетеміз», — дейді Серік Ахметовтің адвокаты Георгий Матвеенков.
Үзіліске байланысты экс-премьер үйіне қайтқанымен 4 сағаттан соң қайтып келді. Енді алдағы бірнеше ай бойы айыпталып жатқан шенеуніктер осылай топ-тобымен сотқа сабылатын болады. Ал бүгінгі отырыстан кейбір күдіктілердің туыстары жылап шықты.
Мемлекетке келтірілді деген шығынның жартысына жуығын Ахметовтың ағасы қайтарып беріпті. Берік Ахметовтың өзі де қазір сотқа куәгер ретінде қатысуда. Ал басқаратын «Сталь-Цинк» компаниясы осы том-том қылмыстық істе бірнеше рет аталған.
Яғни, Қарағанды көшелерін жарықтандыруға бөлінген тендерді сол кездегі билік «бармақ басты, көз қыстымен» экс-премьердің ағасына ұттырып берген дейді тергеушілер.
Отырыс ертең де жалғасады. Жалпы 338 том қылмыстық істі қарап, ондаған айыпталушы мен жүздеген куәгерден жауап алу бірер аптаның шаруасы емесі анық.
Источник: КТК арнасы