Қазақстанда білім гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау жалғасуда

Қазақстанда білім гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау жалғасуда. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталғынынан хабарлады.

2015 жылдың шілде айының 23-і мен 31-і аралығында барлық  жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында білім гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылданады.

Конкурсқа қатысу үшін талапкер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш, аттестат немесе диплом (түпнұсқа), ҰБТ немесе ТКТ сертификаты, 3×4 көлеміндегі 2 дана фотосурет, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама, және сонымен қатар жеке куәлігінің көшірмесін тапсыруы тиіс.

Білім грантын тағайындау конкурсына қатысу кезінде қазақ бөлімі үшін қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні; орыс бөлімі үшін орыс тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінің балдары ескеріледі. Егер, талапкер ҰБТ шеңберінде тапсырылған 5 пәннің біреуінен немесе ТКТ пәндерінің біреуінен 4 балдан төмен алса, онда ол білім гранттарын тағайындау конкурсына және ЖОО-ға ақылы бөлімге де жіберілмейді.

Конкурсқа өтініш беру барысында талапкер таңдау пәні сәйкес келген жағдайда 4 мамандық (шығармашылық мамандықтардан басқа) және төрт ЖОО-ны көрсете алады.

Конкурсқа өтініш қабылдау аяқталып, база жабылғаннан кейін, 1 тамыздан бастап Ұлттық тестілеу орталығы білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссияның отырысына құжаттар дайындайды.

Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссияның отырысы 2015 жылдың 1-10 тамызы аралығында өтеді.

Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін білім гранты иегерлерінің тізімі «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттерінде, соынмен қатар Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында жарияланады.

Сонымен қатар, осы сайтта конкурсқа өтініш қабылдау бойынша барлық нормативтік құжаттар жүктелді. Қазақпарат