Қазақ жайлы сөз жоқ бұл қандай ДОКТРИНА?
2009 ж. 15 желтоқсан
2736
0
Бүгінгі күні қоғам ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» талқыланып жатыр. Әрине, бірнеше этнос өкілдері тұратын Қазақстан сияқты мемлекетте азаматтардың ұлтына, нәсіліне, дініне, әлеуметтік жағдайына, саяси көзқарасына қарамай бір-бірімен тату-тәтті түсіністікте өмір сүргені өте дұрыс. Біз шын мәнінде қоғам ішіндегі қайшылықтарды әділ шешкіміз келсе, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылға жуық уақыттан бері қоғамдық ақпарат құралдарында күн тәртібінен түспей келе жатқан Қазақстанның мемлекеттік сипаты, қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің статусы, мемлекеттік тілдің қоғамдағы қазіргі жағдайы туралы проблемаларды доктринада ашық айтып, осы сұрақтарға нүкте қоюмыз керек еді.
Бірақ, өкінішке қарай бұл проблемалар доктринада ауызға да алынбаған. Егер де доктринаның мазмұнына көңіл аударсақ оның екінші тарауында «ғасырлар бойы қазақтардың тарихи мекенінде әр алуан мәдениеттің дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген халықтардың тағдыры тоғысты. Нәтижесінде 140 этнос пен 40 конфессия өкілдері қазақтармен қоян-қолтық бейбіт өмір сүретіндей айрықша жағдай қалыптасты» делінген. Осы жерде жоғарыда көрсетілген 140 этностың өкілдері Қазақстанда қалай пайда болды, олар қашан және қандай жағдайда келді деген сұрақтарға жауап беруі керек еді. Сонда кейбір ұлт өкілдерінің «бізде мемлекет құрушы ұлтпыз» немесе «билік сендердікі, жер біздікі» деп қазақтармен жағаласып, шу шығармаған болар еді.
Доктринаның өне бойында Қазақстан мемлекетінің саяси сипаты және ондағы қазақ ұлтының атқаратын ролі туралы бір ауыз сөз жоқ. Керек десеңіз қазақ ұлты туралы ештеңе айтылмаған, былайша айтқанда қазақтарды 140 этностың қатарына қосып қойған. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазір байырғы қазақ жерінде жаңа азаматтық қоғам қалыптасуда. XXI ғасырда қазақтар мемлекет құрушы ұлт ретінде жаңа белеске көтеріліп, Қазақстан халқының берік өзегіне, сенімді діңгегіне айналуда» деген болатын. Сонда қалай? Доктрина жасаушылар Қазақстан халқы Ассамблясының төрағасы Республика Президентінің пікірімен де санасқылары келмегені ме. Одан әрі Президент өзінің сөзінде «Осы заманғы әлемде ұлттық бірлік ортақ мемлекетті бірлесіп құру, толеранттылық, азаматтық және осы елдің мемлекеттік тілін міндетті түрде білу секілді шарттармен анықталады.
Біз осы жолмен жүруге тиіспіз. Бірақ бұл үшін уақыт керек. Бізге асығуға болмайды» дейді. Құрметті Президент мырза, біз асығуға болмайды деп 20 жыл уақытымызды босқа өткізіп алдық. Осы уақыт ішінде ана тілінен мақұрым қалған қазақтың бір буын ұрпағы өсіп шықты. Ендігі жерде осы қателігімізді түзету үшін бізге асығу керек. Әйтпесе ұлтымыздың тілін біржола жоғалтып алуымыз мүмкін.
Кей уақытта ақпарат құралдарынан тіл туралы мынадай уәжді естуге болады. «Қазақ тілінде қазақтардың өздері сөйлескісі келмесе, басқа ұлт өкілдеріне оны үйретудің қажеті қанша». Меніңше мұндай құбылыстың бірнеше себебі бар. Бірінші, барлық адамды ұлттық санасы жоғары дамыған деп айтуға болмайды. Кейбір адамдар үшін тіл қатынас құралы ғана, сондықтан оларға қай тілде қатынас жасаса да бәрібір. Екінші, орыс тілі Қазақстанда сол бұрынғы үстем қалпында қалып отыр. Үшінші, орыс тілді ақпарат құралдары қазақ тілін «көшпенділер» тілі, «қазіргі өмірге пайдалануға жарамайды» деп көрсетуге тырысуда. Осындай себептердің салдарынан кейбір адамдардың мемлекеттік тілді үйренуге деген құлқының онша жоқ екені рас.
Совет үкіметі уақытында бас¬қа ұлт өкілдерін орыс тілін білуге калай үйретті? Орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тіл деп жарияланған да жоқ, ешкімге тіл үйрен деп жалынған да жоқ және тіл үйрену үшін жағдай жасаймыз деп ешкімге уәде де берген жоқ. Алайда адамдарды орыс тілін білмесе күн көре алмайтын, нан тауып жей алмайтын жағдайға жеткізді. Сондықтан адамдар өмір сүру үшін ешкім¬нің қысымынсыз орыс тілін үйренуге мәжбүр болды. Біз болсақ қазақ тілін мемлекеттік тіл деп заң қабылдаймыз, оны үйренуге миллиардтаған қаржы бөліп, жағдай жасаймыз, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Бұдан шығатын қорытынды біреу. Егерде адамдар тіл үйренсін десек мемлекеттік тілдің күнделікті өмірде қажеттігін арттыру керек.
Бүгінгі күні Қазақстанда тіл ақуалының қаншалықты күрделі екенінен Президенттің онша хабардар еместігі оның «Қазақ тілі өркен жайып, балаларымыз ана тілінде тәрбие алып келеді» деген сөзінен білуге болады. Егерде Президент мүмкіндік тауып, бір күн халық арасында болып көрсе шындықтың өзі айтқаннан басқаша екеніне көзі әбден жетер еді. Қазір қалада тұратын қазақтардың, соның ішінде жастардың тоқсан пайызға жуығы бір-бірімен үйінде де, жұмыста да ана тілінде сөйлеспейді. Егерде неге қазақша сөйлеспейсің десең «какая разница» деген жауап аласың. Осы жағдайды күнде көздерімен көріп жүрген ұлт зиялылары билікке үміт артып жиырма жыл бойы ашық хат, өтініш хат жазып араша сұраған болатын. Бірақ, халықтың жан айқайын еститін ешкім болмады. Енді міне бір топ тіл жанашырлары 17 желтоқсан күні аштық жариялауға мәжбүр болып отыр. Егер де бұл жолы да билік халықтың өкпе-назын дұрыс түсініп, тиісті қорытынды шығармаса оның аяғы насырға шабуы мүмкін.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы» қоғамның талқысына беріліп отыр. Бірақ, көпшіліктің пікірі обьективті ескеріледі деуге сенім аз. Доктринаны талқылау кезінде кейбір ғалымдар доктринада «Қазақстан ұлты» деген сөздің онда иісі де жоқ, «ел бірлігі» деп отыр, «ел - ұлттан биік ұғым» дейді. Шын мәнінде «ел» деген ұғымның жалпы категория екенін философ мырза жақсы білуге тиіс. Сонда ол «елдің» (140 этнос өкілдерінің) тілі, діні, салт-дәстүрі қай ұлттан болуы мүмкін? Бұл меніңше философтың жұртты шатастыру үшін әдейі ойлап тапқан амалы. Әңгіме әр нәрсенің атында емес, затында болуы керек.
Қазақстан Президентінің Ассамблея сессиясында сөйлеген сөзінде алға қойған міндеттер мен Ассамблея ұсынған доктринаның принциптері бір-бірінен өте алшақ кеткен. Президент өзінің сөзінде Қазақстан халқының бірлігін бас¬ты үш тұғырға негіздеген болатын.
Бірінші, Қазақстан халқы¬ның ортақ тарихынан сабақ алу.
Екінші, барлық қазақстан¬дық этностар үшін ортақ құндылықтар жасау.
Үшінші, елдің болашақ моделінің үлгісін ойлап табу.
Доктринаның мазмұнында Президенттің бұл қойған міндеттері ашық көрсетілмеген. Оның орнына Қазақстанда тұратын 140 этнос өкілдерінің мәдениетін, тарихи мұрасын, дәстүрі мен ерекшеліктерін сақтауды қамтамасыз етуді мақсат тұтқан. Бұл құндылықтар шын мәнісінде әрбір этностың тарихи отанында сақталып, дамып отырды.
Ал, қазақтардың тарихи ота¬ны - Қазақстан. Сондықтан олар¬дың ұлттық мүддесі, рухани құндылықтары, ана тілі осында сақталып, дамуы керек. Бұл жөнінде доктринада ештеңе айтылмаған.
Доктринада этнос терминін жиі қолданған, ал шын мәнінде этнос сөзі мен ұлт сөзі бір ұғымды білдіреді. Доктрина авторлары Қазақстанның көп ұлтты мемлекет емес екенін жақсы білгендіктен, елдің түсінігін басқа жаққа бұру үшін этнос терминін әдейі қолданғандары көрініп тұр. Тәтті сөзбен халықты алдарқатып әділ саясат жасай алмайтынымыз анық, айтқан мәселені онан әрі ушықтыра түсуіміз мүмкін.
Қазақстанда тұратын 140 ұлт өкілдері қазақ халқы мен түсіністікте тату-тәтті өмір сүру үшін әділетті ашық қоғамда бәріне ортақ салауатты өмір салтымен өмір сүрулері керек.
Менің пікірімше доктринада мынандай принциптер анық көрсетілуге тиіс:
1. Қазақстан унитарлы мемлекет, қазақ ұлты - мемлекет құ¬рушы ұлт, басқа ұлт өкілдері - диаспора.
2. Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы керек.
3. Мемлекеттік қызметте істейтін шенеуніктер екі-үш жылдың ішінде мемлекеттік тілді білуге міндетті.
Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ
№48-49