Көп – қорқытады, терең – батырады»
Қазақ мақалы
Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 9 маусымдағы №445 қаулысына сәйкес Ақсай қаласының Заводская көшесіне ағылшын азаматы Р.Фокстың есімі берілген болатын. Енді міне алты айға жуық халықты шулатқан шешімнің күшін шенеуніктер жойып, бұрынғы көше атауын қайта берді.
«Ештен-кеш жақсы» демекші бөрлілік шенеуніктер мен депутаттардың өз қателерін іштей болса да түсініп, кемшіліктерін түзеп ақсайлықтарға өздерін екі есе сүйкімді ете білді деп ойлаймын. Олар «Азаттық» радиосы мен жергілікті басылымдарға берген түсініктемелерінде өз қателерін мойындағысы келмей, қаулының күшін жоюға ешкім ықпал жасамады, өзіміз ойлана келіп, аяқастынан осындай тоқтамға келдік деген. Алайда Президент Н.Назарбаевқа жазған хатыма байланысты менің атыма келген хатта және «Бөрлі жаршысы» газетінің 2009 жылғы 20 қарашада шыққан басылымында жарияланған Елбасына қайтарған жауабында Бөрлі ауданының әкімдігі: «...Алайда «Орал апталығы», «Жас қазақ үні» газеттерінде жарияланған сын мақаларға байланысты бұл мәселе қайта қаралып, №955 қаулыға сәйкес Р.Фокстың есімі берілген көшеге бұрынғы «Заводская» атауы қайтарылды...» деп жауап қайтарған. Бұның өзінен бөрлілік шенеуніктердің журналистерге жалған ой-пікірлерін айтса, мемлекет басшысына нақты, дәл жауап беріп, басылымдарға жарияланған сын мақалар мен қоғамдық пікірдің ықпалы мықты болғанын еріксіз мойындауға мәжбүр болған. Жаз айында атақты қаулы шыққанда да атқамінерлер барлық көше тұрғындары бірауыздан келісті деп жергілікті басылымдарға өз пікірлерін айтқан болатын. Осы жалған сөздері ұлттық намысымды қайрап, кейін Ақсай қаласына барып, тікелей аталмыш көше тұрғындарымен кездесіп, ой-пікірлерін білу арқылы, бөрлілік шенеуніктер мен депутаттардың халық сыртынан өтірік сұхбат бергендеріне көздерін жетікізіп едім.
37 отбасы оларға өз наразылық¬тарын білдіріп, ештеңеден тайсалмай өз сөздерін дәлелдеп қол қойған «Ашық хат» республикалық «Жас қазақ үні» ұлттық газетіне және жергілікті басылымдарға жарияланып және ҚР Президентіне жолдан¬ған болатын. Ақсайлықтарды рухани күреске шақыруға үндеу таратылып, кейін осы мәселе бойынша Алматы қаласына барып М.Шаханов, Т.Әубәкіров, М.Әуезов т.б зиялы қауым өкілдеріне хабар етіп, олардың ақыл кеңестерін алған едім. Моральдық қолдағаны үшін оларға да үлкен рахмет.
Шын мәнісінде Бөрлі ауданы басшыларының аяқ астынан ұлттық рухы оянбаған еді. «Көп қорқытады...» дегендей мынадай қадамға қайта баруына жан-жақты қыспаққа алған (басылымдар, интернет көздері, телеарналар) халықтың қоғамдық пікірі олардың ұйықтап қалған намысын оята біліп, қаулы күшін жоюға мәжбүр етті деп нық сенімді түрде айталамын. Еш қорытынды шығармағанда, рухани күресті жалғастырып ұлттық намысы биік азаматтардың тікелей қолдап,араласуымен екінші кезеңге көшіп, Ақжайық өңірі халқынан 100 мыңнан аса қол жинап, ҚР Жоғары Сотына беруге және ел намысы үшін аштық жариялауға ерік-жігеріміз толық жетіп, моральдық-психологиялық әзір болатынбыз.
«Бір адамның бітірері шамалы. Адамға одақтастар, мүдде¬лестер, пікірлестер, серіктестер керек. Көп болған сайын жақсы»,-деп бір данышпан айтқандай ұлттық мүдде мен заңға қайшы көкейкесті мәселеге қарсы рухани күреске әр саладан мүдделес, пікірлес азаматтар көптеп табыла білгеніне қуандым.
«Мен істедім дегенше,
Мың істеді десеңші» деген дана сөздей елді біраз дүрліктірген шешімнің өз күшін қайта жоюына атсалысқан көзі ашық, көкірегі тек ұлтым, елім деп соғатын, рухы өте жоғары нар азаматтар «Жас қазақ» газетінің жауапты хатшысы Роза Шәкенова, жергілікті басылым «Айна» газетінің тілшілері Ұлпан Әнуарқызы, Қазбек Қажымұратұлы, «Орал апталығы» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедияров, «Өркен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер Абзал Құспанов, Қазақстан телеарнасының облыс бойынша меншікті тілшісі Ерденбек Жылқайдарұлы, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Тоқтар Кенжеғалиев, Ақсай қаласындағы «Азамат» туристік фирмасының президенті Райгүл Аймурзиеваның ортақ істері мен елеулі ерен еңбектері болатын. Ақсай қаласындағы көше проблемасын көтере білген «Айна» газеті (Бас редакторы Б.Халиолла), «Жас қазақ» газеті (Бас редактор С.Смайыл), «Алтын Орда» газеті , «Алтын ғасыр»газеті (Ж.Доспанов), «Жүздесу» газеті (Қ.Ғабдолов), «Орал апталығы» газеті ұжымдарына және жоғарыда есімдері аталған ұлтжанды азаматтарға Ақсай халқы атынан алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін. Өкініштісі сол оқырманымыз көп деп мақтанатын, мемлекеттік және жергілікті аға басылымдар сын мақаламызды жарияламай, ешбір үн қатпады. Бұл ұлттық мүдде үшін болған рухани күрестегі жеңіс барлық деңгейдегі әкімдер мен депутаттарға үлкен сабақ болды. Ал халық, «Көп түкірсе, көл болады» демекші біріккенде ғана ұлттық мүдде мен заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл қоюға және қолында билігі бар қырсық-қыңыр адамдарды жөнге келтіруге болатынын анық түсінді.
«Халық күн ғой. Күннен де биік бар ма?
Күннен биік болам деп күйіп қалма! »,– деп М.Әлімбаев ағамыз айтқандай ұлттық мүдде және халық тағдырымен ойнаймыз деп аяқтарыңызды шалыс басып күйіп қалмаңыздар деп әкім-қарарларға ескерткім келеді.
Талғат
ҚАТАУОВ
ОРАЛ
№48-49