ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ҰЛАНЫ

ЖАЛАҢТӨС БАБАМЫЗДЫ Биліктің МЕНСІНБЕГЕНІ-АУ, СІРӘ...

Жуырда, яғни, қыркүйек айының 9-ы күні Қызылорда қаласында қазақтың заңғар тұлғалы ұлы перзенттерінің бірі, есімі бүкіл түркі-мұсылман әлеміне мәлім мемлекет қайраткері, қолбасшы, батыр, сәулетші, ғылым мен білім таратушы, Самарқанд қаласын 44 жыл бойы (1612-1656) билеген әмір, алты ата Әлім тайпасының Төртқара руынан шыққан атақты Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының (1576-1656) ескерткішін ашуға арналған салтанат болып өтті. Оған шықырылған қонақтар қатарында мен де осы ауқымды шараға қатысып қайтқан болатынмын, сондықтан қысқаша болса да бұл жөнінде әңгімелеп бергенді жөн көрдім.

Жалаңтөс Баһадүр – адамзат тарихындағы ең ескі қалалардың бірі, іргесі осыдан 3 мың жылдай бұрын қаланған даңқты шаһар Самарқандты ұзақ уақыт билеп, оны жан-жақты көріктендіруге орасан зор еңбек сіңірген адам ретінде төрткүл дүниеге белгілі тұлға. Бұл тұрғыда оның, әсіресе, осы қаланың «визит картасы» іспетті орталығы – Регистан алаңында өзінен бұрынырақ салынған Ұлықбек медресесіне қосымша зәулім һәм сәулетті Тиллә-Кари («Алтындатқан») және Шер-Дор («Арыстан бейнелі») атты екі бірдей медресе құрылысын тұрғызып, аталмыш алаңның келбетін түбегейлі бүтіндеп кеткен сәулетшілік еңбегі айрықша атап айтылады.

Осыған орай айналып өтуге болмайтын бір маңызды факт – ұлы бабамыздың бұл құрылыстарды өзінің жеке қаражатына салдырғандығы. Мұның айқын айғағы – белгілі тарих зерттеушісі П.П.Ивановтың: «На средства Ялантуш-бия на Регистане были построены два медресе», - деген куәлігі («Очерки по истории Средней Азии». 1958 г., стр.17). Өйткені, сол кездері атақ-даңқы жер жарған Самарқанд әміріне Үндістаннан, Хорезмнен, Қазақ, Моғол хандықтарынан, Қашғардан, тіпті Тибеттен және де басқа шартараптан арнайы тартылған сый-сияпат, қымбат қазына-мүліктер көлемі мемлекетке түсетін байлықтан анағұрлым артық болған көрінеді.

Сонымен қатар, өз өмірінде ешқашан жеңіліс көрмеген жаужүрек батыр һәм ұлы қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр өзінің туған елі – Қазақ хандығына да үнемі ат салысып, қысылтаяң шақтарда қол ұшын беріп отырған. Мәселен, 1605 жылы Есім ханмен бірге Ташкент түбіндегі Қарақамыс деген жерде қалың қолға қолбасшы болған жас батыр Абдул әл-Ғафар сұлтанды күйрете жеңіп, оның жаулап алған жерлерін қазаққа қайтарып береді. 1640 жылы қалмақтарға қарсы соғысты да Жалаңтөс басқарып, жауды ойсырата тізе бүктіреді. Ал, 1643 жылы Есім ханның ұлы Салқам Жәңгір хан 600 сарбазымен қалмақтың 50 мың әскеріне қарсы тұрған кезде 20 мың атты әскерімен сонау Самарқандтан cуыт жеткен Баһадүр тарихи Орбұлақ шайқасында жауды тас-талқан етіп жеңеді.

Әлбетте, мынадай ақпараттық шағын материалда ұлы бабамыз туралы өмірбаяндық деректерді толық келтіру мүмкін болмағандықтан, әзірше осымен шектеле келе айтарымыз – оның Қазақстан тарапынан қандай да болса жоғары сый-құрметке лайық екендігі. Ал, осы тұрғыдан алғанда Қызылордада өткен салтанатты Жалаңтөс Баһадүрді қалың жұртшылыққа кеңінен таныту, халық жадында сақтау мақсатында біздің елімізде жасалған алғашқы күрделі қадамдардың бірі деп бағалауға болады. Осыған орай бірден айта кетейін – меніңше, бұл қадам ауыз толтырып айтарлықтай оң қадам болды. Маған әсіресе ұнағаны – баба ескерткіші тұратын орынның сәтті таңдалуы. Нақтылай айтсақ, оның жуырда ғана құрылысы аяқталып, іске қосылған, сыртқы келбеті де, ішкі сән-салтанаты да өте көрікті, «Астана» мөлтекауданындағы айналасы ат шаптырым ашық кеңістікте салынған қаланың жаңа бас мешіті – «Ақмешітке» қарама-қарсы орналасуы. Көшенің екінші бетінде тұрғызылған, жалпы биіктігі (тұғырымен қоса) 11,5 метр ескерткіштің де айналасы ашық, кең, тартымды сәулеттендірілген. Оның үстіне оның ашылу рәсімі тура ораза айт күніне белгіленуі де дұрыс шешім болғандығына еш күмән жоқ.

Салтанат таңғы сағат 8-де «Ақмешіттегі» айт намазынан басталып, ескерткіш жанында жалғасты. Театрландырылған «Жалаңтөс Баһадүр» көрінісінен кейін облыс әкімі Болатбек Қуандықов, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев, президент әкімшілігі жанындағы ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Ахметов пен «Жалаңтөс Баһадүр» қоғамдық қорының төрағасы, батырдың тікелей ұрпағы Ыдырыс Қалиев сөз сөйлеген соң ескерткіштің ақ жамылғысы сыпырылып, ауыздығымен арпалыса көкке шапшыған тұлпар үстінде оң қолын жоғары көтеріп, бағыт сілтеген қолбасшы бейнесі көрінді. Шашу шашылды. Жұртшылық ескерткіш жанында суретке түсті. Одан әрі Студенттер сарайында Жалаңтөс Баһадүрдің өмірі мен қызметіне арналған республикалық ғылыми-танымдық конференция болды, «Ақниет» тойханасында ас берілді, қаланың орталық алаңында тігілген 20 киіз үйде және олардың айналасында түрлі ойын-сауық, спорт шаралары өтті...

Қорыта айтқанда, баба құрметіне ұйымдастырылған салтанатты шаралар өзінің діттеген мақсатына жетті деуге болады. Енді кейбір «әттегенайларға» да тоқтала кетсек, артық болмас.

Біріншіден, айт намазынан соң мешітте соз сөйлеген депутат К.Сағадиев сөзқұмарлығымен ерекшеленіп, мешіттен соң ескерткіш жанында, одан кейін тойханадағы ас үстінде тағы сөйлеп (біз қатыспаған тағы қандай жерлерде сөйлегенін бір Құдай біледі), өзіндік «рекорд» жасады. Және де, өкінішке орай, сөздерінің бәрі жаттанды, мағынасыз, «дежурный» сөздер...

Екіншіден, Жалаңтөс Баһадүр сынды ұлы тұлғаның құрметіне ұйымдастырылған салтанатқа билік басшыларының бірі келмей, ешкім білмейтін, танымайтын сектор меңгерушісі Серік Ахметовті жіберуі, әлбетте, ешқандай сын көтермейді. Шындығын айтса, олар мұндай салтанатқа қатысуды өзіне мақтаныш тұтуы керек еді.

Үшіншіден, турасын айтса, ескерткішке көңілім толмады. Жасалуына 80 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалып, мүсінші Н.Далбай мен сәулетші Қ.Жарылқапов сомдаған бұл өнер туындысына, менің ғана емес, сол жерде болған басқа да біраз азаматтың пікірінше, өмірі ерлікпен өрілген Жалаңтөс Баһадүрдің өзіне де, оның тұлпарына да тән асқақ рух, өрлік, күш-қуат, серпін, динамика жетіспей, статикалық қалыпта орындалғаны көзге ұрып тұр. Формасы Санкт-Петербургтегі атақты «Мыс салт атты» - Бірінші Петр патша ескерткішінің формасын сол қалпы айна қатесіз қайталағанымен, орындалу шеберлігі жағынан көш кейін қалған. Керек десе, бұл тұрғыда Шымкенттегі Қапал батыр ескерткішінің өзі анағұрлым сәтті сомдалған деуге болады.

Өкінішті, әрине. Бірақ, амал қанша...

Жасарал Қуанышәлин