Мәдениет министрі қалталы азаматтардан қаржы сұрауда
2015 ж. 10 шілде
2405
4
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы BNews.kz порталының студиясында өткізген онлайн конференция барысында Қазақ хандығы туралы сериал түсіру жұмыстары айналасында туындаған мәселелерге тоқталды.
«Былтыр болжамдық жоспар құрып, алдымызға он сериялы телехикая түсіру мақсатын қойған едік. «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы 1 млрд 120 млн теңгенің сметасын құрып, режиссер Рүстем Әбдірашев, продюсер Арман Асенов, сценарийст Смағұл Елубаев бастаған түсірілім тобы осы жұмысқа кірісіп кетті. Мен, әрине, бұл шығармашылық топты жақсы сыйлаймын. Олар түсірілім жұмыстары бір павильонның айналасында, белгілі бір ғимараттарда жүзеге асатын, тарихи оқиғалармен, монологтармен сүйемелденетін жай ғана телесериал емес, ауқымы әлдеқайда кең сапалы көркем фильм түсіргілері келеді. Мәселен, түсірілім аясында 500 жылқы пайдаланып, Сығанақ, Сарайшық сынды тарихи қалаларда болған оқиғаларды табиғат аясында түсірмекші. Бұл дегеніңіз үлкен декароцияны қажет ететін ауқымды жұмыстар. Сондай-ақ олар мұндай тарихи оқиға (Қазақ хандығының 550 жылдығы – агент ескертп.) жылда бола бермейді деп, соның арқасында кез келген шығармашылық тұлға тәрізді, өз есімдерін, «қолтаңбаларын» тарихта қалдырғылары келеді. Әрине, мен олардың ниетін толық қолдаймын», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министрдің айтуынша, бастапқыда жобаны талқылау аясында «Қазақ хандығы қашан құрылды?», «Керей мен Жәнібектен кейін болған хандар кім?» деген сияқты сұрақтарға жауап ұсынатын танымдық оқу құралы болатындай деректі материал түсіру жоспарланған. Алайда шығармашылық ұжым бұл форматтан шығып, үлкен көркем фильм түсіруді қалап отырған көрінеді. Бірақ оған жұмсалатын шығындарды жобаға бөлінген қаржы қамти алар емес.
«Талқылау кезінде, долларға шаққандағы жобаның 5 млн бюджеті олардың көздеген декорацияларын құруға, жарқын костюмдер тігуге, «массовкадағы» әскердің сауыт-саймандарын әзірлеуге жетпейтіні айтылған болатын. Сондықан олар қоғамның көмегіне жүгініп, демеушілер тартуға бола ма деген ұсыныс айтты. Мен, әрине, келісім бердім. Сондықтан, «Қазақ хандығы туралы фильм түсіруге қаржы жеткіліксіз» деген мәлімдемелері оған демеуші тарту мақсатында жасалған болуы керек деп ойлаймын. Және осы сәтті пайдалану арқылы бұл мәселеге қоғамның назарын аудартып, қауқары жететін қалталы азаматтарды көмекке шақырамын. Бірақ кез келген жағдайда «тырнақ астынан кір іздейтіндер» табылады. Осы жағдайды басқа бағытқа бұрып, іріткі салуды көзейтіндердің әрекеті өкінішті, әрине», – деп түсіндірді ведомство басшысы тарихи сериал айналасында туындаған мәселенің мән-жайын.
Министрдің айуынша, «масқара, түсірілім жұмыстары тоқтап қалыпты» деп байбалам салуға негіз жоқ. Түсірілім тобы он серияның бесеуін биыл түсіруге әзір.Тіпті, «Қазақфильм» іргесіндегі бар декорацияны пайдаланып, он серияны да түсіріп тастауға дайын. Бірақ бұл жерде көздеп отырған мақсат әлдеқайда жоғары. Және сол мақсатқа қол жеткізу үшін ішкі резервтерден қаржы қарастырып, демеуші іздеу жұмысына министрдің өзі де араласып кеткен екен.
«Қазір олардың ұсынған жаңа сметасы бойынша қосымша 1 млрд 125 млн теңге қажет. Яғни, сома бөлінген қаржыдан екі есе артық. Былай алып қараса, «масқара!» дейтіндей үлкен қаржы да емес. Қазір мәселе жобаның жанрына қатысты туындап отыр: жай телесериал түсіру немесе ауқымды бірнеше бөлімді көркем фильм түсіру. Жобаға барша Қазақстан қоғамы атсалысса дейміз. Бұл жоба халықтық жобаға айналуы тиіс. Мен өз басым түсірілімге дайындық жұмыстарына қатыстым. Бұйырса, түсірілім қыркүйек айында басталады деп отырмыз. Шығармашылық топ 15 желтоқсанға дейін жоғары сапалы көркем фильм жанрында 5 серия немесе телевизиялық нұсқадағы 10 сериясын толық аяқтауға дайын. Бұл енді қосымша табылған қаржы көлеміне байланысты болады», – деді Мұхамедиұлы.
Ведомтсво басшысының айтуынша, айналасында шу туған 10 сериялы киноөнім Қазақ хандығы туралы баяндайтын ауқымды жобаның алғашқы қадамы ғана.
Егер туынды көрерменнің арасында сұраныс тудырса, Қазақ хандығы турады тарихи желі алдағы жылдары да жалғасын табуы мүмкін.
Дереккөз: BNews. Бизнес сейчас